Менің мамандығым-менің болашағым

Бүгінгі таңда мектеп түлектері ҰБТ сынағына дайындалып, оқу орны мен мамандықтарын алдын ала таңдап, қызу дайындық үстінде. Ал, мамандық таңдауда әлі ойланып жүрген түлектерге аз да болса ақпарат көзі болатындай шара өткізуді ҚазҰУ қолға алды. Осы мақсатта 8 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 4-курс студенті Алматы қаласындағы №136 мектеп-гимназияға «Мамандықты дұрыс таңдау — табысты өмірдің кілті» тақырыбында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп қайтты. Негізгі мақсат-болашақ талапкерді жоғары оқу орынынан ақпарат беру. Өзінің болашақтағы бағытын айқындауына үлес қосу. Аталмыш мектептің 11 сынып оқушылары жүздері жылы шыраймен қарсы алды. Себебі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік салт-дәстүрімен бай, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны екені баршаға аян. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – алғаш болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша үздік, Қазақстан Республикасындағы жоғарғы оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады. Ең алдымен білім ошағының ішкі тыныс-тіршілігімен, жеткен жетістіктері, факультеттер мен ҚазҰУ қалашығы жөнінде қысқаша бейнеүзікпен ой түйіндедік. Сондай-ақ, Философия және саясаттану факультетіндегі мәдениетттану мамандығының қоғамға қажеттілігін оқушыларға баяндадық. Қазақ қоғамын өзіндік мәдениетінсіз елестетуге келмейді. Себебі мәдениет – ең біріншіден қоғамның қозғаушы күші екені белгілі. Ұлттық дәстүріміздің дамуы қоғамды алға жетелері анық. Дегенмен мәдениетіміздің, дәстүріміздің түпкі тарихына үңілу ол бір мәселе. Сондықтан айтылған мәселенің астарынан «Мәдениеттану» мамандығының бүгінгі таңдағы қажеттілігі өзінен өзі туындайды. Сөзімізге дәйек ретінде 1994 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Философия және саясаттану факультетінде Мәдениеттану мамандығы оқу үрдісіне ене отырып, Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру жүйесіне міндетті пән ретінде кірді. Мектептен байқағанымыздай, оқушылардың басым бөлігі болашақтағы таңдарда жаратылыстану бағыты. Яғни, жаратылыстану бағытының таңдау себебін сұрағанымызда кейбірі өмірлік қызығушылығымен түсіндірсе, басым бөлігі гуманитарлық бағытқа қарағанда жаратылыстану бағытындағы мамандықтарға сұраныстың көбіне байланысты болашақта мемлекеттік білім беру негізінде (грант) оқығысы келетінімен түсіндіреді. Әрине шындығында бұл қате пікірден туындап отырған ой. Бұл жерде гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға басымдық аз беріледі деген сөз емес. Сондықтан, оқушыларға дұрыс бағыт көрсететін мамандық таңдауда кеңес беретін арнайы курстық пән енгізілуі керек секілді. Себебі әрбір оқушының болашақтағы бағытын дұрыс таңдай алмауы, ойындағы қызығушылығына сай маман болып қалыптаса алмауы да маңызды дүние. Сондықтан мектепте, оқушылардың бейімділігін үшін мамандық таңдау пәнін маман тұрғысынан кеңес беруді енгізу керек. Осы арқылы оқушы өзі қалаған мамандықты таңдауға мүмкіндігімен қатар, қалаған мамандық туралы мәлімет жинап алуға болады. Болашақ маман дайындау жеке адамның шығармашылығын белсендіруге, әлеуметтік процестердің дамуын рационалды басқаруға және даму үстіндегі қоғамның қажеттіліктерімен жас азаматардың жеке қызығушылықтарын үйлестіруге бағытталған. Яғни, белгілі бір маман иесі болу – бұл әрбір жеке тұлғаның индивидуалды ерекшеліктерін және халық шаруашылығына экономикалық аудандарға, жеке салаларға қажетті сұранысы бар мамандықтарды ескере отырып жастарды еркін және өзіндік мамандық таңдауға дайындаудың ғылыми негізделген жүйесі. Қорыта айтқанда әрбір пән мұғалімі өзі оқытатын пәннің бағдарламасы, оқулығы талаптарына сай білім мен тәрбие берумен қатар оқушының өзі қалаған пәндері ойынша оқытуды күшейтсе, сонымен қатар жас талапкер болашақ мамандық таңдауға бейжай көзбен қарамай, мамандық таңдауда талапкер де, ата-ананың да ойы бір жерден шықса құба-құп болар еді.


Бөлісу: