Менің Махаббатым! (Кезексөз)
блог
Мен ол жігітті жас шамамыз жақын болса да "Аға" дейтінмін. Жас болса да көргені мен білетіні көп сияқты көрінгендіктен бе? Болмаса, іштегі сыйластық сезімнің басым болғандығы ма? Ол мен үшін "Аға" ғана болатын. Оған менің "Аға" дегенім ұнамайтындығын мен сезетінмін де. Екеуміздің ортамыздағы сезімнің өзі түсініксіз еді. Ол маған сезімдерін жиі-жиі білдіріп жүргенмен, менің ішкі сезімдерім "Ағамен" ғана шектеліп қала берді. Осы сезімнен не ары, не бері шыға алмай, одан ары аса алмай, өзімді "Қарындас" сезінуден артық ештеме білдірмедім... Сөз арасында "Сағындым ғой Сені!" - деген сөзі қарындастық жүрегімді тіліп жібергендей жарақаттанып қалушы еді. ...Бір сұмдығы, оны көрмесем, сағынамын, іздеймін. Бұның себебін мен кеш түсіндім. Оның бойында адамның жан дүниесін оқи білетін де қабілеті болып шықты. Менің жан дүнием құлазып, жалғызсырап жапа шегіп жүреді, үнемі солай. Әлі де солай. Ағаны көрсем болғаны ішкі дүниемде тіршілік пайда болып, әдемі әсерге ие болады да қалады. Не махаббат емес, не басқа емес, түсініксіз сезімге шырматылып, басым айнала бастағанын түсінген мен есімді тез жинап, өз қалауыма ерік бермей, қаншалықты жаныма медеу болып, жарама ем болса да, мен оның қадамына еркіндік бермеуге тырыстым. Бұл түсініксіз сезімнің шырматылған шимайына ағаны да, өзімді де шырмағым келмейді. Амалсыз күй кештім. Ағаны да, өзімді де аядым. Өзімді енді ғана жанымды түсінетін, жан дүниеме үңіліп, жалғызсыратпайтын жанашыр адам жолықтырдым ба деп "Ағалап" жақсы көріп, адал қарындас болып жүргенім үшін. Оны осынша ғашықтық күй кешкенде алдынан құшақ жайып қарсы аларлықтай жауап күтпегендігі үшін. Мен шын қиналып, жыладым да.
- Ағатай! Енді мен сізді тек аға ретінде ғана жақсы көремін, сіз менің ағам сияқтысыз, тіпті, әкемдей жақсы көремін. Сізбен танысқалы менің өмірге деген көзқарасым өзгеріп, өзімді-өзім сезіне бастадым. Тіршіліксіз ішкі сезімдеріме қуат бердіңіз, мен сізді өзімнен де артық жақсы көремін, тек басқаша жақсы көремін, бірақ...жігіт ретінде емес, - дегім келеді. Уақыт кідіріп тұрсын ба? Уақыт ағымы жүректің сай-саласымен жол сала берді... Мен ағама бауыр баса бастадым, мен оны сағынып, іздейтінді шығардым. Көрмесем мазам кетіп, көңілсіз күй кешетін болдым. Жан дүниемде ол өзі қолымен құйып кеткен бір сезім мен бір күш бардай үздіксіз мазасыз күй кештім. Менің де қарындастық сезімдерімнің барлығы енді-енді ғана махаббатқа ұласып, сезім гүлдерім басын көтеріп, қауыз жара бастағандығын мен аңғара алмай қалыппын да. Мен болсам өз сезіміме өзім алаулап жанып, сырыммен бөлісе алмай бір бақыт кернеп, біресе ысып, біресе суып, өзіме өзім сыймай қуаныштан жарылардай шаттанып бақытты күй кештім.
П.С. Бір күн өтсе алып ұшып бір күннен,
Арып-ашып уақыт деген дүлдірмен.
Ей, махаббат, керек болсам тауып ал деп,
Өзімше тәкаппарсып жүрмін мен!...