Бір құпия айтайын: бала кезімде ноталар жазылған парақтардың арасынан әкемнің анама жазған хаттарын тауып алып, ұрланып оқитынмын. Әлі ештеңенің байыбына бара бермейтін балаң жүрегім дір ететін. Оқып алып, өзімнен-өзім мәз болып, хатты бүктеп орнына қайта жайғастыратынмын. Бір күні қағаздар арасын түртпектеп жүріп, өлең жазылған ашық хат тауып алдым. Әкем өлең жазыпты. Анама...
Бір күні өзім де сондай сыр мен махаббатқа толы хат алатынымды ол кезде білмеппін... Кіршіксіз көңілге тұнған үшбу хаттың лезде есейтіп, махаббат атты түпсіз мұң мен шексіз шаттыққа толы айдынға топ еткізетінін де сезбеппін.
Шіркін махаббат дегеннің күші қандай өзі? Құдіреті қандай? Әлемдегі ең кішкентай ергежейлі әйелге қолы-аяғы сау күйеуі оны сүйетінін қайталап айтып, өмірінің соңына дейін аялап өтуге даяр екенін дәлелдегені туралы оқиға мен күйеуінің өмір бойы төсекке таңылып, сөйлей алмайтынын білсе де, мәңгі қасыңда болам деп серт берген әйел жайындағы хикая айтсын оны... Иә, бұл сезім дегенің кез келген адамның басына қона бермейтін бақ па дерсің!.. Сырт келбетіңе қарағанда, ішіңде бұғып жатқан жан-дүниеңді көбірек сүю ме дерсің...
... «Адам өмірінде бір рет қана ғашық болады» деген сандырақты кім шығарып жүргенін білмеймін. Білетінім – бір емес, бірнеше рет ғашық болдым... Бірнеше рет күйіп-жанып, іңкәрлігіме шипа іздеп, сырымды өлең ғып төктім. Жыр ғып ақтардым.
Бір күні тоқтадым. Бір ғана адамды бәрінен де шексіз сүйіп, бәрінен де биік қоятынымды түсіндім. Түсінген күні бәрі басталды. Ол – мен, мен – олмын. Ол қасымда болғанда, мен өзгерем. Кәдімгідей өзгерем. Бүкіл бетпердемді шешіп тастап, нағыз, шынайы Мейіргүлге айналам... Махаббаттың сиқыры...
Кезексөзді ұсынған Жакоға рақмет айта отырып, таяқшаны Диана Байжанға беремін :)