Менің кішкене арманым бар...

Менің кішкене арманым бар...

Биыл мектепке мұғалімдік қызметіне орналасып алсам екен. Мың теңге төлейтін болса да, мектепке орналасып алуым керек. Мен балаларға керекпін. Маған балалар керек. Алайда мектепке бара сала "революция" жасаймын деп айта алмаймын. Бәрі де өз уақытымен. Әуелі мектептің тәртібіне үйреніп алуым керек. Жасы үлкен ұстаздардан үйренерім көп. Балаларды жақсырақ танып алған соң драмалық үйірме ашқым келеді. Мен де өзгелерге оқушыларыммен мақтанғым келеді. Әлбетте, өмірімдегі алғашқы оқушыларым бар. Олар қазір 10-класта оқып жатыр. Алматыға барып жатсам, жолығып, сағынышымды басқым келеді. Сағынады екенсің... Орны да бөлек олардың...

Блог жүргізетін қазақ жастары көбейсе екен деймін. Аз секілді боп көрінеді әлі де. Кез келген блогты оқи беруге де шама жете бермейді. Бірақ адам бір жазбасымен көзге жақсы түссе, есіңде қалады. Кейін басқа да жазбаларын күтесің. Оқисың. Жазатын адамның тоқырауға ұшырайтыны белгілі жайт. Бірақ әңгімешіл, сауықшыл жастар өте көп. Сол жастар блог жүргізетін күнге жетсе екен деймін. Ауыл өмірі көбірек жазылса екен. Ауылдың әңгімесі керемет қой. Алдағы айда ауылға баруым мүмкін. Нағашымның ауылы ғой Бәйгеқұм деген. Шиелі ауданында орналасқан. Қателеспесем, шілденің кезінде қауын-қарбыздары пісе бастайды. Тамызда жүгері піседі. Бір қарбызды 150-200 теңгеге сатып аласың. Қалада бір келісі осындай бағада сатылады. Ауылдың өмірі қызық. Жастардың бәрі ауылын тастап кете берсе, басқа ұлттың жастары сол ауылдарды мекен қылады. Кейін көбейіп алып, қазақтарды жұмысқа салатыны бар. Ауылдың қазағы азаймасын...

VBlog жүргізетін қазақ жастары көбейсе екен деп армандаймын. Алайда журналистикаға жақындап кетпесе екен деймін. Журналистика өз алдына бөлек сала. Мен бұл саланың маманы емеспін, сондықтан бұл жөнінде ауыз толтырып ештеңе айта алмаймын. Ойға келгенді жаза беру жарамас. VBlogтар саясатқа ұласып кетпесе екен деймін. Саясатпен телеарнаның тілшілері өздері айналыса жатар. Өткенде бір қызбен ойда жоқта танысқанымда, қалай сұрағанымды білмеймін, әлде әңгіменің реті солай болды ма, әйтеуір, неше түрлі дәмді тағамдар әзірлей алатынын, пианинода ойнайтынын, т.б. қызықты нәрселермен айналысатынын айтқан болатын. Мен VBlog жүргізсеңші деп ұсыныс айтқан едім, қазақшаға онша жоқпын дейді, орысша жақсы білемін деген. Яки, күнделікті тіршілігінде орысша ойлап, орысша сөйлейтін болса керек. Бірақ менімен қазақ тілінде жазысып отырған. VBlog жүргізуге уақыты да жоқ шығар. Мені қызықтыратын VBlog тақырыптарын атайтын болсам: пойыздағы жолаушы, бақша егу, неше түрлі тағамдарды әзірлеу, архитектура, ағаш отырғызу, көлік жөндеу. Сонымен қатар ең негізгісі - ауыл өмірі. Алматыда оқыған/оқитын, бірақ одан алыс жерде тұратын студенттердің біразы пойызбен жүреді. Иә, білеміз, Шымкент пен Тараздағы студенттеріміз көбінесе автобуспен жүреді, әрі үйден анау-мынауды көбірек әкелетін де солар. Қаншама аштықта сол кісілердің тамақтарын жеген едік. Мойындайсыз ғой?

Бақша егуге не үшін қызығамын? Әрине, өзімді ғана ойлап тұрғаным жоқ, жастардың көбісіне бұл нәрсе керек болады деп ойлаймын. Есімде, бала кезімде қызанақты да, қиярды да, аскөкті де есік алдындағы бақшадан жейтін едік (ауылда). Қысқартайын, сонда қазақ жастары қалада тас ғимараттарында қамалып отыра бермек пе? Қызметіне байланып қала бермек пе? "Алтын Ордадан" арзан бағаға сатып алып, еселетіп сататын мұрты бар ағалардан, ақша салатыны беліне байланған апалардан сатып ала бермек пе жалықпай? Әкелеріңізден балалық шағындағы қызықтарын сұрасаңыз, міндетті түрде бақшаның басында болғанын, болмаса бақша еккендерін айтады деп ойлаймын. Әлде мен тым коммунисшілмін бе? 

Тағам әзірлеу, архитектура, ағаш отырғызу, өсімдіктерді өсіру жастарға қажетті тақырып деп есептеймін. Google-дан аударып алып жазғаннан видеоға түсіріп, қарапайым түсіндіріп берген әсерлі сияқты. Әдемі сөйлегенше, әдебімен сөйлеп, жұртқа ақпаратын жеткізіп берсе де жеткілікті емес пе? Әдемі сөздерін астын қарамен сызып, шығармаларына жаза жатар. Ал көлікті жөндеу мәселесі өте қажетті тақырып. Бұзылмайтын көлік болмайды. Бұзылса, қадірін біле бастайсың. Керемет қып бір соғып алсаң, келесіде абайлап жүргізетін боласың. Бірақ соның да әсері тарқап, кейіннен қайтадан жындылыққа салынып, жылдам жүргізетініңе "инвестиция" беремін. Әлбетте, жылдам жүргізбесем несі қызық дерсің. Бірақ біреуді жақынынан айырсаң, оған да сол адамсыз өмір қызық болмайды. Шыдамай бара жатсаң, X-Box сатып ал да, кең көлемді диагоналы бар LG-де жүргіз көлігіңді.

Мен Range Rover, Geländewagen, Porsche жөндеп жүрген қазақ жігіттері бар деп естігем. Олар техникалық жөндеу орталықтарында жұмыс істейді.

Қазақ жастары әлеуметтік роликтерді түсіруді жақсылап қолға алса деп армандаймын. Әлбетте, көбісіне Жандос ағаның "Өзіңнен бастасы" ұнаған болу керек. Бірақ ол роликтің түпнұсқасы басқа жұрттың еншісінде. Жандос ағаның да еңбегі зая емес. Облыстарда әлеуметтік роликтер арасында конкурстар өткізіліп тұрса деймін. Үш-төрт минут ішіне кең көлемдегі мәселені сыйғызу үшін аздап тәжірибе мен шеберлік қажет. Ол нәрсе бейнеклипке немесе қысқаметражға ұқсап кетпеуі керек. Әрқайсысының орны бөлек қой. Сонымен қатар YouTube-тің әлеуметтік роликтері көшіріле бермесе жөн болар еді. Өзіміздің ақылымызды қозғалтайық, ойланайық, жүрегімізбен сезе білейік. Біздің де жастардың қолынан келетін дүние ғой.

Қазақ жастары тек қана IT-мен ауырмаса екен деймін. Әлбетте, адамның қызығушылығына қарсылық білдіре алмаймын. Бірақ екінің бірі IT-ге қызыға берсе, соны үйренуге уақытын жұмсай берсе, басқа мәселелерде кім белсенді болмақ? Кім басқа мәселенің "батыры" атанбақ? Жаңадан жазып үйрене бастаған адам өңкей АТ-шыларды көріп, жалығып кетуі де мүмкін. Интернет қолданушылардың біразы АТ-шы мен тілші бола берсе, бір күні құсып жібермесем болғаны. Аула сыпырушы қыз, дөнер сатушы жігіт, ТЖО-да жұмыс істейтін жастар, "қанжұтқырлар" ("кондукторды" қазақшалағаным), сантехник жігіттер, ательедегі қыздар, әкемтеатрда "телефоныңызды сөндіріңіз" деп үнемі айтатын Айдана мен қасындағы кәліктибі, Ұлттық кітапханадағы киімдерімізді ілгіштерге ілетін қыздар мен жігіттер, т.б. тек қана Агент пен ВКонтактеде әңгімелесіп отыра бергендерін шын көңіліммен қаламаймын. Олар құдды кластағы артқы жақта отыратын нашар оқитын оқушылар секілді. Дәл бүгінгі таңда мұғалімдерге сондай оқушылармен де жұмыс жасау міндеті жүктеледі. Осы жоғарыда айтылған жастар біз секілді интернет қолданушысы болса, көптеген өзгерістер болар ме еді деп ойлаймын. Әйтпесе, кілең АТ-шылар мен тілшілер саңырауқұлақтар секілді қаптап кетті ғой. "Өртейтін" уақыт жетті. 

Әзіл ғой. IT-дың басы-қасында жүрген адамдар бар ғой. Сол кісілерге сәттілік тілеймін. Бірақ блог жазып жүргендер "IT синдромы" дертіне шалдығып қалмаса екен деймін. Ал қызығушылығы артқан адамдардың жөні басқа.

Мен көптеген ақпараттың, пікірталастың тек "комментарий" болып қалмай, әртүрлі оқу орындарының студенттерінің арасында дебаттық үлгіде пікірсайыстың блогтар жүргізу арқылы болғанын армандаймын. Себебі көбісіміз "білгішбекпіз", эмоцияны құртып, жүйкені жұқартып, білетінімізді тек "комментарий" жазатын жерлерге жазамыз (баяндама етіп). Болмай бара жатса, он беттік көлемдегі мәтінге copy ("копи" деген сөз, "сору" деп оқуға болмайды) жасап, past қыламыз. Біріншіден, өзін білімдімін деп есептейтін адам білімін көрсетеді, біржақты пікірінде қатып қалып, жеңуге тырыспайды. Екіншіден, бірінші айтқаным да жетпейді ме. Бұл құбылыс көптеген студенттердің білімін көрсетеді. Оқу орнындағы ұстаздарының да білімге қаншалықты жақын ете алғандығын дәлелдейді деп ойлаймын. Себебі ұстаздан шәкірт озады деген нәрсе бар. Бұл нәрсе арнайы ойластырылған болмауы тиіс. Жәй ғана күндердің бір күнінде бір кісінің блогын оқығанда ақпаратына көңіліңіз толмай, сізде сол мәселеге қатысты басқа ақпарат болса, сол кезде сіз өзіңіздің білетініңізді блог етіп жазсаңыз болады. Бірақ ақпаратты сіз де белгілі бір жерден аласыз. Соны сол күйінше көшірмей, ғылыми болып жатса, қарапайым режімге ауыстырып, барынша өзіңіздің сөзіңізбен блог етіп жазыңыз. Сіз сол тақырыпты өзіңіздің білетініңізді дәлелдеуіңіз керек. Әйтпесе, біреудің жазғанын солайымен көшіре салған білімнің көрсеткіші емес. BlogBattle деп те айтуға келетін сияқты. Жұртқа да қызық емес пе екі блогжазушының (blogwriter) пікір таластырғанын аңдыған. Жұртқа пайдасы: екі блог жазушының да ақпараттарын жинап алады, керек емесін қалдырады. Бұл менің ұсынысым емес, бұл жәй ғана менің арманым ғой. Армандауыма да болатын шығар.

Сіздің де арманыңыз болса, бөлісе отырыңыз...



Бөлісу: