Менің қолымдағы Өмір

Көңіл-хошым болмаса, баяғыда Топаштан бар "өшімді" алатын ем ) Айналайын ақ Топашым бар еркелігімді көтеретін. Тіпті кейде қасымда үнсіз келе жатқанының өзі кәдімгідей дем берер еді. Ал қазір... Қазір құрбым еліне кеткелі, жан сарайым жүдеп қалғандай. Жабырқап жүрмін. Кейде кәдімгідей қиналып кетем... Қиналып демекші, кеше кейде өз-өзімді жегідей жейтінімнің себептерін ойлап көрдім. Еее... 

Бір туысым "маған ананы алып бермейсің" деп ренжіп-ренжіп болды да: "Қиналып жүрген кезімде қол ұшын бермедің" деп тұтқаны лақтырып жіберді. "Қиналып жүрмін дейді?! Неден? Өзі қалаған затын алып бермегені үшін бе? Басқа неден қиналуы мүмкін?"

Жалпы біз өзіміз өмірімізді қиындатып жібереміз. Қалт айтпайтын қазағымда "түймедейді түйедей етіп" деген бар. Мысалы менің кей кезде соншалықты жабырқайтынымның себебі бар болғаны ... екен. Күндерім көңілді өтуі керек еді. Еңсем түспеуі қажет болатын... Мысалы әлгі туысым да қалағанын сатып ала алмайтыны үшін қиналып жатыр. 

Оның қиындығы мен үшін түкке тұрғысыз нәрсе. Өйткені, ол айтып отырған заттың мен үшін маңызы жоқ. Ал менің қиындығымды бәзбіреу шыбын шаққан ғұрлы көрмеуі мүмкін. Менің қиындығым - тек мен үшін қиындық. Сіздің қиындығыңыз да солай. Адамдар бір-бірі үшін өмір сүрмейтіні сияқты қиындықтардың да бөлінетін болғаны ғой!.. Демек, бәрі адамның өзіне байланысты. Бұл сөзді енді ғана түйсінгендеймін. Яки, "тағдырдың тауқыметі, өмірдің қаталдығы" деген сөздердің нақты бір анықтамасы жоқ. Кейбір адамдар ажалдың өзін өте жеңіл қабылдайтындықтан, оларға бұл қиындық ретінде көрінбеуі мүмкін.

Кей адамдар өзін аянышты қылып көрсетуі үшін бе, қайдам, әйтеуір өз қиындығын "бұлдайды". Кейде өзім де сөйтіп кетем. Көз жасымды көлдетем келіп. Ал оның орнына көңілді оқиға айтып отырсам, не жай ғана үнсіз қалсам болар еді...

Мені қоғамдағы адамдардың әлеуметтік жағдайларына қарай бөлінуі көп ойландырады. Ол ЖОО оқыды, мен ЖОО-да оқымағам. Немесе мен ауылдан шықтым, ол қалада туған. Оның ақшасы көп, менің ақшам аз деген сияқты бөлінулер. Бәрі екі қол, екі аяқты пенде емес пе ең алдымен? Жалпы адамға тек адам ретінде қарайтын, адамгершілік тұрғысынан бағалайтын заман туар ма екен? Тумас-ау...

Өмірді күрделендіру де, жеңілдету де адамның өз қолында. Өлшеулі өмірдің әр күнінде "менің осы қиындығым қиналуға тұра ма, тұрмаса, не үшін қиналамын" деп мәселені бірден шешіп тастап, бойымды жеңіл сезініп жүруді алдыма мақсат етіп қойдым...

Бәріміз бақытты іздейміз. Бақыт деген екінші сөзбен айтқанда жеңіл өмір. Шат-шадыман болып, жайнап-жадырап тірлік кешу. Демек, бақыт та міне, міне тұр... Ол да өзіңді басқара алсаң, қол жетпейтін нәрсе емес.

Сіздің не нәрседен қиналып жүргеніңіз маған әсте, беймәлім. Дегенмен, бәлкім ол да түкке тұрғысыз нәрсе шығар? Ойланып көріңіз ;) 



Бөлісу: