Менің қиялымдағы әлем

"Әр кәлләда бір қиял" дейді халқымыз. "Мечтать не вредно" деп те жатамыз. Адам ойсыз, қиялсыз жүре алмайды. Сірә, адамның ойсыз отырар бір минут уақыты да жоқ шығар.

Қиял адамға қанат бітіреді. Өмірде көп позитивті, жағымды, жақсы ойлар ойлауымыз керек дейміз. Ол – шындық. Адамның ойы да, өмірлік танымы да уақыт өте өзгереді, қалыптасып, пісіп жетіледі. Бірақ қиялы бәрібір сол күйінде қалмақ. Қиял – бұл біздің ең позитивті ойымыз. Тіпті, өмірдегі жоспарларымызға да пайдасын тигізер, сондай бір фантастикалық нәрсе бола да, белгілі бір шаруалар мен мәселелерді шешуге қолданатын құралымыз.

Өзге жандар сынды мен де көп қиялдаймын. Тіпті, бала кезден қиялдаймын десем болады. Әсіресе, жатар кезде, ұйықтар алдында. Жатып қиялдау сондай ләззат. Кейде жаяу жүріп те қиялдаймыз. Қалай десек те, қиялсыз адам жоқ.

Менің қиялым әртүрлі. Түрлі жағдайға байланысты. Бірақ солардың арасында ерекше біреуі бар: ол – өзгелерге көп жақсылық жасасам деген қиял. Адам бұл өмірге құр келіп, ішіп-жеп, табиғи нәпсісін өтеу үшін келмеуі тиіс. Оның мақсаты, болашағы болуы тиіс. Бірақ бар адамның бір мақсаты болуы керек сияқты: ол – өзгелерге көмектесу деген немесе осы өмірді сәл де болсын жақсы жаққа өзгерту.

Мен де қиын жағдайда қалған жандарға көмектессем, әлеуметтік және материалдық жағдайын жақсартсам деп ойлаймын. Және сол үшін еңбек етуге бармын да. Жақсылық жасау – осы өмірдің мәні сияқты.

 



Бөлісу: