Менің жазғы демалысым (эстафета)
блог
Сайтымызда #Меніңжазғыдемалысым атты эстафетасы жүріп жатыр. Маған #АқтотыЖапатова әріптесімнен эстафета таяғы жеткен еді. Әне жазамын, міне жазамын деп жүргенде апта өтіп кетіпті. Бір апта бойына не жазсам болады деп ойлаумен болдым. Өйткені, менде анау айтқандай нағыз демалыс болмады. Бірақ, ұялы телефонымдағы суреттерді ақтарып отырып біраз демалғанымды ұқтым.
Биылғы жаз жауынды басталды. Әдеттегідей мен туған ауылыма бармадым. Есесіне маған жан-жақтан туыстарым келді. Алғашқы аптада ойламаған жерден әпкемнен хабарлама алдым: "Ертең таңда Алматыда боламыз". Олармен бір апта уақытымды өткізіп бола бергенде, Алматыда қасымда жүрген жалғыз сіңілімнің туған күні келіп жетті.
Айдың аяғына таман атам-әжем демалып Алматыға келді. Олармен бірге, сіңілімнің оқу аяқтау сәтін бірге тойлау үшін, жеңгем мен әпкем балаларды алып бір-екі аптаға келді.
Осы аралықта журналистер күнін атап өту үшін әріптестерімізбен бас қосып, тау жиегіне саяхаттап үлгердік. Волейбол ойнап, бассейнге шомылып үйге қайттық.
Алғашқы ай толығымен "отбасылық" жиын ретінде өтті. Менің жанашырым, қамқоршым, ақылшым әпкем жыл сайын мені жалғызсыратпау үшін келіп тұрады. Бұл жолы жиенім екеуі келіп, біраз қуанып қалдым.
Шілде айының 11-14 аралығы жұмыс бабымен Қырғызстанның Ыстықкөл демалыс аймағына бардым. "Лонгрид жазу құпияларымен" бөлісе отырып, жақсылап демалып та үлгердім. Бассейннен өлердей қорқатын мен көлге шомылып қайттым. Өзімнің судан қорықпайтынымды, жай ғана санамды соған сендіріп алғанымды сонда ұқтым. Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанның белді басылымдарында қызмет ететін журналистермен тілдесе отырып, бірнеше өзіме керекті сабақ алып қайттым.
Шілденің 15-і кеңсеге қонақ боп Мағжан мен мамасы Жапырақ келді. Мағжан келсе, жұмыстың бәрін қойып, құлыншақты сүйіп, ойнатып, тек баламен әуре болып кететін әдетіміз бар. Біраз суретке түстік. Анда-санда "Бэйби шарк, тутутутруту" деп әндетіп аламыз.
16-шілде Ербол аға мен Жапырақты шығарып салу үшін бас қостық. Бұл туралы Жапырақ өзінің есебінде жазған еді.
Жаздың ортасынан бастап үйге жаяу қайтуды әдетке айналдырдым. Жұмыстан үйге дейін жаяу жүру уақыты бастапқыда 1 сағат, 30 минутты алатын. Кейін жиырма минутқа қысқарттым.
Тамыздың 8-і сүйікті әншілерім BTS тобының фильміне бардым. Оған билет алу үшін біраз әуреленген едім. Өйткені, билет саны шектеулі, ал алушылар саны көп еді. Таласып жүріп әрең қол жеткізген соң, ыстық болмай қайтсің, иә?!
Тамыз айының көп бөлігін жұмысқа арнадым. Таңертеңгісін ерте келіп, кешкісін кеш қайту әдетке айналды. Айдың аяғына таман оқуға түскен інілерім менс сіңілім Алматыға келді. Солардың арқасында ауылда бірге оқыған достарымызбен бас қостым.
Түйін: Адамның күні адаммен. Күнделікті бір тірліктен жалықпау үшін кейде сыртқа шығып, тынығып демалып тұру керек. Мен қаншалықты ашық-жарқын болсам, соншалықты адамдарды өзімнің жеке кеңістігіме мүлдем жібермеймін. Сол себепті, достарым саусақпен санарлық. Кейде тіпті киноға бірге баратын адам таппай қиналамын. Менің жазымның өзім ойлағандай өтпеуіне де осы себеп болса керек.
Дегенмен, биылғы жазды ең іш пыстырарлық емес екенін блогті жазу барысында ұқтым. Біз байқамайтын қызықты сәттер уақыттың ағынымен жылжи береді екен. Биылғы жазымның өткен жазға қарағанда қызықсыз өткенін мойындаймын. Соған қарамастан, келесі жаздың менің арманымдағы жаздай өтетіне сенімдімін.
P.S Биыл жазда шақыру алып, бара алмаған тойлар көп болды. Барлығына "жеріміздің кеңдігі" кінәлі. Биылғы жаздағы бар арманым тойға барып, билеп қайту болды. Хех, несі бар, кейде ақылға қонбайтын нәрсені армандап тұру керек.
Эстафета кезегін әріптестерім Аслан Қажиев, Ғазиза Ұзақ, Ербол Молдажанов және Нұрбол Нұрмаханұлына ұсынамын. Сонымен қатар, "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауында бір топта болған, өзінің белсенділігімен көзге түсетін, массагет блогері Ақжарқын Нұрланға ұсынамын.