Менің жазғы демалысым. Эстафета

Бұл жазды еске түсіру үшін телефон мен фотоаппараттағы суреттерді ақтару керек болды. Негізі балалы келіншекке 365 күн демалыс деп ойлаймын. Бауыр етің – балаң жаныңда асыр сап ойнап жүрсе, жұмыстан келген жолдасыңды балаңмен сағынып тұрып күтіп алсаң, оның бабын қамдап, тамағын беру – сіздерге қалай екенін білмеймін, мен үшін ең «құрметті әрі рахат» жұмыс.

Осыған дейінгі жазылған эстафеталарда өткен 3 айға есеп берілген екен. Мен де бұл әдеттен озбай осы жазбама «Жапырақтың жазын» сыйдырып көрейін.

Біздің маусымымыз Мағыштың туған күнімен басталды. 7 маусым күні дүние есігін ашқан тәтті балапанның туған күні бір емес, 2-3 күнге созылды. Ата-апамыздан, туыстардан, кіндік әке-шешемізден, өзге папа-мамалардан көөөп сыйлықтар алдық. 

Ең бастысы алғашқы жеке фотосессиясын жасадық. Ертесінде балақай саябаққа, ойын-сауық орталықтарына барып, ойнап қайтты.

Кешкісін әке-анасы, Мағжан және әкесінің жақын досы Еркебұлан «папасымен» кешкі ас ішіп, 7 маусымды тамамдадық. Айтпақшы темір тұлпар міндік, жалпы есеппен Мағыштың 1 емес, 3 көлігі бар.

Тойдан сарқыт

Ораза айының соңғы күндері осы жаздың басымен бітті ғой. Әсел секілді үйде, атамыздың шаңырағында, сыныптастармен де ауызашар бердік. Ораза аяқтала сала той да басталды. Нұржамал сияқты біраз тойдың «шашын қайырдық».

Сөйтіп жүріп маусым бітті. Шілденің басында өзіме «жаңалық» аштым)) Маникюр курсын оқыдым. Өте қызық болды. Бір жұмысымды салып қояйын. Елге барған соң, мүмкін жеке салонымды ашып қалармын. Оған дейін клиент жинай берейін, хмм))

Жол түсіп, ата-апамызбен Шымкентке жол тарттық. Әкемнің ағасы уақыт етіп, жанұямызбен барып келдік. Келе сап, үлкен сапарға дайындалдық. Уақыт жақындаған сайын күндіз керек-жарақ, құжат деген дүниелерді жинасақ, кешкісін жүздесіп кету керек деген достармен үлгергенімізше кездестік.

Ертең ұшамыз деген күнді отбасымызға арнадық. Орталық саябаққа барып демалдық. Ұмытылмас күн болды мен үшін, бәрінде де сондай сезім болған секілді деп ойлаймын. Тир атысып, көлікпен жарысып, карусельге отырып, суретке түсіп жақсы көңіл көтердік.

Кешкісін әріптестермен бас қостық. Ізге тілектері мен ыстық ықыластарын арнаған достармен қимастық сезіммен тарастық...

Шілденің 17-сі күні Ташкентке ұштық. Мағыштың қызуы көтеріліп, мазасызданғаны болмаса, бәрі жақсы өтті. Бірақ Ташкенттің ыстығы «Ташкент» екен. Мен зорға шыдадым.

Шілденің 18-і. Нью-Йорк!!! Бала арманымыз орындалды) Мағыш мүмкін әлі армандамаған да шығар, «иә, балам, әлде сен де Нью-Йоркті көрсем деп ойлап жүр ме ең?»)) «Иә» десе, дә?

Міне сол уақыттан бері мұхиттың бергі жағындамыз. Мұндағы оқиғалар, мәдени шок, адамдар туралы келесі жолы бөлек тақырыппен айтармын. Ал егер жазды түйіндеу керек болса, тамыз айына қысқаша шолу жасайын.

Тамыз айының 15-інде Америкада қазақтың тойына қатыстық. Мейрамханаға кіргеннен шыққанға дейін бір кісінің билеуден аяғы талмады. Бір кісі шаршап, 2-тілектің кезінде ұйықтап, ел кеткенде оянды. Мен екеуін аңдыыып жүрдім))

Біздің жаз – осы. Ендігі эстафетаны Айымгүл Галиеваға беремін. Оның жазары көөөп, білем) Тарантиномен кездесуде мақалаға енбеген не бар? Сіңліңді қалай ұзаттың? Чехов қалай?



Бөлісу: