Менің жазғы демалысым. Эстафета

Менің жазғы демалысым. Эстафета
жеке
блог

Қолға қалам алмағалы көп болыпты дегендей, блог жазбағалы да көп болды. Әселдің эстафетасы болмағанда тіпті жазайын деген ой жақында жоқ еді. Неге екенін білмеймін, осы күндері шабыт жоқ деп ақталып қояйында))) Негізі Әсел саған рақмеет! Бұл эстафетаны маған да жолдағаныңа. Жазғы демалыстың әсері мен естелігін қайта еске түсіріп өттім. Суреттерді қарап отырып, қызықты демалыс болған екен ғой деп жатырмын.

Жылдағыдай жаз басталса, той басталады ғой)) Жаздың басын тоймен бастаппын. Барған екі тойымыз да қыз ұзату тойлары болды. Тойды сылтауратып төркін жұртым Шардараға барсам, келесінде әлі барып көрмеген Талдықорған қаласын да көріп қайттым. Бұл тойдың ең пайдалы тұсы дер едім))

Ал шілде айының басын шомылудан бастадым. Достарымызбен Апорт Моллдағы аквапарк Майамиге (Miami aquapark & SPA) бардық. Қызым үшін ерекше қуаныш болды. Суды жақсы көргеннен болар, бассейннен әрең дегенде алып шықтым. Демалыс емес, жай күндердің өзінде де мұнда адам лық тола болады екен.

Бұл жазғы демалыста киелі Шалкөде жайлауы мен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырына қосқан Қошқар тауы мен баурайындағы Талас ауылына жол түсті.

Ернұр досымыз осылай өз ауылына достарын шақырып 2 күн қонақ етті. Отбасы да нағыз қонақжай, ақкөңіл жандар екен. Бар тәттісін алдымызға тосып, қолдың құрты мен майын, ірімшігін, қымызын ішіп, етін жеп бір жарылқап қалдық. Бәйгеге қосатын жүйрігіне мініп, ұлдар мотоцикл айдап қызық көрдік. Ауасы таза, суы қасиетті Қисық Арасан демалыс орнына барып, емдік суына түстік. Өмірімізде мұндай суық суға түсіп көрмеген біз үшін ол бір ерлік істегенмен тең дерсіз. Таудың баурайында отырып тамақтанып, ән айттық, өлең оқыдық. Ал табиғатын көргіңіз келсе, астына бірнеше суреттер саламын.

Бұл сапардың тағы бір ерекшелігі – балық аулау болды. Қызыл кітапқа енген "форель" балығын ұлдар аулап, қыздар оны тазалап, соңында қуырылған дайынын жеп алдық. Кеш бата Ернұрдың анасына сиыр саууға көмектесейік деп қыздар бір-бір шелектен ұстадық. Қайсыбір көмек дейсіз, бес сиырдың түрін көріп, аң-таң болып, осылай екен ғой деп қолымызды тигізгеніміз болмаса, анасы бәрін өзі жайратты. Біз тек аздап сауғансығандай түр көрсеттік опшым))) Ұмытып барамын, мен ең алғаш рет сепаратор тартып көрдім. Қолдың қаймағының дәміне ештеңе де жетпейді ғой, ал оны өзің тартсаң тіпті керемет.

Қайтар жолда ішіне кірмесек те Қарасаз ауылын сыртынан тамашалап, Шарын өзенінің бойында суретке түстік. Шарын шатқалы деген осы екен деп көз жүгірттік. Жолыңыз түсіп жатса ағысы қатты Шарын өзенін, шатқалын көруге кеңес берер едім.

Қызық қуған, шаршамайтын біздер үшін бұл аздай, бәріміз Шелектен әрі Нұрлы ауылындағы  ыстық бұлақ (горячий источник) «Нұрлы Арасанға» бардық. Жаппай бәріміз жер астынан қайнап шығып жатқан ыстық суға түсіп, емделу мен демалуды қатар орындап қайттық. Көптеген дертке дауа, денге шипа бұл жерге келушілер де көп екен. Кіру құны адам басына 500 тг. Ішінде 3 бассейіні бар. Біріншісі қатты ыстық болса, екіншісі орташа, одан кейінгісі дене жылуындай. Кіре салған біз түсу ережесіне қарамай түсе беріппіз. Негізінде 10 минут түсіп, 15-20 минуттай демалу қажет екен. Шығып бара жатсақ, тақтайшаға: «Түсу уақытын, ережесін және бұл минералды ыстық  су тері және буын ауруларына, ерлен мен әйелдердің жыныс сырқаттарына, тұз байлану, жүйке жүйесі мен жүрек қан-тамыр, құяң секілді дерттерге ем, құрамында фтор мөлшері өте жоғары (-11,5 мг/л)» деп жазып қойыпты. Бұл бір сүйтіп қызық болған.

Телефондағы суреттерге қарап отырсам, жаздың әрбір күні бос өтпепті. Бірнеше туған күндер мен бас қосулар, құтты болсын айтулар (қоныс той, қырқынан шығару, выписка) болған екен. Айдың ортасында ауылдан ата-апамыз бен қайын сіңлілерім келді. Соған орай Алматының көрікті жерлерін көрсетіп, тағы да бір шағын демалыс жасадық. Соның бірі Гоголь атындағы Орталық Демалыс саябағына барып, қайыққа отырып, естелікке суретке түсіп қайттық.

Демалыс пен жаздың соңын қайын жұртымда келіндік қызметпен аяқтадым. Үйімізге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаз бойы шомылғанда күймеген денемізді Шымкеттің ерекше ыстығына күйдіріп, әдемі болып қарайып қайттық.

Ал келесі эстафета кезегін жазын шетелде өткізген Гүлжанарға ұсынамын.