Менің жазғы демалысым. Эстафета

Әріптесім, Әсел Асанова «Менің жазғы демалысым» эстафетасын ұсынды. Жазғы демалысымның қалай өткенінен ештеңе қалып қоймас үшін ұялы телефонымдағы суреттерге қарап отырып жаздым. Жүрген жерімде естелікке деп міндетті түрде суретке түсіріп жүремін.

Еңбек демалысымды жылдағыдай жазда алдым. Себебі ауылға демалып баруға ең күшті кез – ол жаз мерзімі. Күйеуім екеуміз бір ауылдан болғасын жыл сайын еңбек демалысымызды келісіп, бір уақытқа белгілейміз және берілетін күннің (әдетте, ол шамамен 20-24 күн) бәрін алып аламыз.

Биыл туған сіңілім жоғарғы оқу орнын бітіріп, дипломын алды. Диплом алу рәсіміне Ақтөбеден ата-анам мен мектепте оқитын сіңілім келді. Демалысым осы кісілермен бірге Алматыда қыдырумен басталды. Алматыда тұрсақ та, көрнекі жерлерді басқа қаладан біреу қыдырып келсе ғана солармен көріп қалатынымыз өтірік емес. Ата-анам шулы жерлерге қарағанда табиғатты тамашалағанды жақсы көреді. Сондықтан олар келерде сіңілім апаратын жерлерді шамамен жоспарлап қойды.

Отбасымызбен Үлкен Алматы көлі, Көлсай және Шарын шатқалына бардық. Өзім бұрын Үлкен Алматы көліне барып жүргенмен Көлсай мен Шарын шатқалына бірінші рет бардым. Енді, табиғаттың сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Анам бұрыннан аулаға гүл отырғызғанды жақсы көреді. Содан Үлкен Алматы көліне барғанда сол жақта өсіп тұрған гүлдерге қызығып, мұндай гүлдерді Ақтөбеде көрмедік деп, бірнеше ерекше гүлді тамырымен қазып, үйге алып келді. Кесілген баклажкаға топырақ салып, гүлдерді отырғызды. Одан кейін Көлсайға барғанда, анам сөмкесінен бірдеңе іздеп жатыр. Сөйтсем, гүл қазуға сөмкесіне шанышқы салып алыпты. Сөйтіп, ол жақтан да бірнеше гүл қазып алды. Анамды бақылап тұрған бір кісі «Не істеп жатсыз? Оны сатуға бола ма?» деп сұрады. Анам күліп, «Жоқ, Ақтөбеден келдім, аулама отырғызайын дегенмін» десе, «Ойпырым-ай, біз арамшөп деп оларға қарамаймыз да ғой» деп күлді. Жазда ауылға барғанда анамның Алматыдан пойызбен апарған гүлдері аулада әдемі болып өсіп тұрғанын көрдім) Қазір олардың тұқымын жинап алған шығар.

Ауылға барсақ, міндетті түрде туыстарды аралап, бәріне амандасып, қонақ боламыз. Біз ауылға барғанда меннен кейінгі туған сіңілімнің екінші ұлының қырқынан шығару рәсіміне тап болдық. Бұған дейінгі блогтарымда анамның торт пісіретінін жазған болатынмын. Әрине, анам бұл қонақтыққа да арнайы торт пісірді. Қарқынан шығаруға қажетті заттарды анамның сіңлісі өз қолымен жасап берді. Қолдан жасалған дәмді торт пен әдемі заттардың суретін салмаса болмайды)

Ауылда ұлым ветрянкамен ауырып қалды. Бұл біз күтпеген жағдай болды. Алдымен көңіл күйім түсті. Себебі ұлым кішкентайынан суға түскенді жақсы көреді. Ауылға барғанда күнде су жағасына апарамыз, тіпті, су жағасына бармасақ та, аулада су құйылған тазикке отырғызып қоямыз деп ойлағанбыз. Ал ветрянка кезінде баланы суға түсіруге және желге шығаруға болмайды. Бірақ баланың кішкентайында ауырып кеткені жақсы, оның үстіне баламның еңбек демалысымда ауырғаны да жақсы болып кетті. Әйтпесе, жұмыста болсам, баланың қасында отыру үшін жұмыстан сұранып жүру керек болар еді. Не болса да, бәрін жақсылыққа жорыдым.

Әселдегідей сурет менде де бар) Табиғатқа отбасымызбен шығу жылдағы дәстүрге айналды. Сірне мен кәуап пісірдік. Ерлер балық аулады. Балалар ойнады.

Ауылымызда қымызхана ашылыпты. Тамақтары дәмді, бағалары қолжетімді, интерьері қазақы нақышта жасалған. Мұндай жақсы жердің ашылғаны қуантты.

Ауылға 20 күнге барсақ, әдетте, кетуге 2-3 күн қалғанда Ақтөбеге барамыз. Биыл да 3 күн қалада болып, біраз жерге қыдырып үлгердік. Ақтөбеде Yurta Park деген демалуға арналған отбасылық саябақ ашылыпты. Саябақ бізге қатты ұнады. Тіпті, Алматыда да неге осындай ашпайды екен деп ойладық. Саябаққа кіру бағасы балаларға 1000 теңге, ересектерге 2000 теңге екен. Ол жақта ересектерге де, балаларға да қызық болады. Оның ішінде ойын аттракциондары, тамақтанатын аймақ, спорттық алаңдар,мұражай, кітап оқитын жер және көптеген суретке түсуге болатын жерлер бар. Таңертең кіргеннен түнге дейін жүре беруге болады. Сондықтан, Ақтөбеге қыдырып барсаңыз, Yurta Park-ке соғуды ұсынамын (жарнама сияқты болып кетті ме?).

Келесі эстафета кезегін жазда еңбек демалысын алмаған, бірақ жұмыс бабымен Ыстықкөлге барған Томиге ұсынамын)



Бөлісу: