Менің идеалым

 

Менің идеалдарым көп, алайда журналистер арасында тек бір идеалым бар... Ол - Сейдахмет Бердіқұлов. С. Бердіқұлов дегенде ең бірінші көз алдыңа келетіні, әрине спорт. Мектепте де, университетте де дене шынықтыру сабағынан қалмай, ал қазір аптасына бір екі рет биге баратыным болмаса, спортқа еш қатысым жоқ. Спорт туралы мақалаларым да, спортқа қатысты алған медальдарым да жоқ. Алайда, журналистер арасынан идеалым Сейдахмет Бердіқұлов...

ҚазҰУ журналистика факультетінің ұстазы Римма Жақсылықбаева өзінің «Публицистикалық шеберлік» атты кітабында: «Тарихи тұлғаны өз дәуірінің табиғаты мен адамы, тектілік қаны өсіреді, баптайды. Ал, журналист, жазушылар өзі өмір сүрген заманына да, келер ұрпақ санасына да пәрменді ықпал етеді, пәни баласына жарығы сонау түнек қиырдан талмай жетер бағдаршам болады. Сондай көрнекті публицист, журналистердің қатарынан орын алуға әбден лайық, қазақ журналистикасына әсіресе, спорт тақырыбына өзгеше қалам тартқан Сейдахмет Бердіқұловты атар едік» дейді.

Ал тағы бір сөзінде: «Журналист – қоғамдық пікірдің жазушы күші. Журналист өзінен гөрі, өзгенің тағдырына арашашы, өзінің емес, өзгенің жоқтаушысы. Осы орайда, С.Бердіқұлов – ең алдымен талантты журналист, білікті тәлімгер әрі ұстаздарының сенімін ақтай білген, артынан өз мектебін қалыптастырып, шәкірттерін тәрбиелей алған қазақ спорт журналистикасының маңдай алды өкілі» деп жазады.

Ағамды  жақсы көріп, идеал журналист санайтыныма бірнеше себеп бар... 

Біріншіден: Сейдахмет ағамыздың бір ерекшелігі, спорт жайлы құнды мәліметтерді банальді ақпаратпен ғана бермейтіндігінде. Ағамыз спортты ертегіге айналдыра білді. Оған дәлел, «Тұйғын» атты кітабындағы «Желаяқ» әңгімесі. Кішкентай балаға ертегі айтып отырғанымен, КСРО құрамында Олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ желаяқ, 1960 жылы Рим Олимпиадасынан күміс медальға ие болған – Ғұсман Қосановтың жетістігін насихаттады. Осы сияқты, аталмыш кітаптағы «Тимур және оның командасы», «Бастау барын мұхит та біледі» атты әңгімелерінде және «3 подъезд» кітабында да спортқа деген ерекше сезімнің лебізін сеземіз. Ерекше қолтаңбасының үлгісін көреміз. Ерекшелігі – спортқа жан бітіруінде.

«Тұйғын» атты кітабында алғашқы қазақ спортшыларының жетістіктерін баяндаса, «3 подъезд» өзге ұлттардың да таңдай қақтырар спортшыларымен қазақ оқырманын таныстырды. Мұндағы басты мақсат – спортқа деген сүйіспеншілікті ояту. Жас оқырмандарды спортқа тарту. Әрбір жазбасы бәйге іспеттес.

Екіншіден: Сейдахмет ағамыздың тағы бір қасиеті – ұлтжандылығы. 1993 жылы сәуір айында Тұманбай Молдағалиевпен «Намыс» тобының футболдан жарысын тамашалауға барғанда: «Мен бақыттымын, өйткені бір – ақ болса да қазақ жүр» деп тебіренген екен («Жас Алаш» 2 шілде, 1994 жыл, «Жұмыр жердің Сейдахметі»). Сөзімізге тағы бір дәлел, «Лениншіл жас» газетінде 1959 жылы 14 қаңтарда Сейдахмет ағамыздың «Өмірбаян» атты мақаласы жарық көрген. Мақаласында Равхат Шахмутдиев деген мырзаның өмірі жайлы сөз қозғайды. Ағамыз Равхат мырзаның тамаша слесарь, жаңашыл токарь, 1956 жылы жаңа завод токарьларына кескіштер ойлап тапқаны жайлы жазады. Ал басты назарын Равхат мырзаның өз сөзіне аударады: «Отан үшін заводтан кетпейміз» деген. Бұл мақалада ағамыз қарапайым адамның өмірін үлгі ете отырып, оқырмандарын Отансүйгіштікке шақырады. 

Үшіншіден: Сейдахмет Бердіқұловтың редакторлық қызметі жайлы Серік Әбдірайымұлы «5 мүшел белесінде» атты кітабында: «Секең кісі таңдауға аса сергек қарайтын. «Киелі шаңырақтың табалдырығынан тек лайықты жастар аттау керек» дейтін. «Тар  жол, тайғақ кешуден» өткізіп барып жұмысқа қабылдайтын. Жазуға мүмкіншілік беретін. Жолсапарға жиі жіберіп, жазғанын тоқтаусыз шығарып отыратын. Жолсапардан оралған журналистерге, практикадағы студенттерге, пәтер жалдап тұратын, қызметкерлерге қаламақыны көтеріп қоюға көп көңіл бөлетін... Сейдағаң «Лениншіл жастың» ең ұзақ басқарған және ғұмырлы етіп, 300 мың данамен тарайтын газетке айналдырған бас редактор» дейді.  Осы орайда, ағамыз өмірден кеткенде 1994 жылы 2 шілде күні «Жас Алаш» газетінде Жасалаштықтар: «Қош болғын, жалтармыс сөз жалаугері, қазақтың дара тұлға қаламгері...» деп шәкірттері сүйікті редакторларымен қоштасты.

Ал ізбасарларының бірі, Нұрлытай Үркімбай «Текті ұстаз» атты мақаласында: «Егер жаңадан келген журналист жұмыс істей алмаса, редколлегия мүшесін шақырып: «Неге қазақи этикаға, жазуға тәрбиелемей жүрсіңдер?» деп айтатын. Сосын барлығы ішкі механизм сияқты іске қосылатын» деп ұстазының редакторлық қызметін еске алады.

Нұрлытай ағамыз тағы бір сөзінде, «Біздер Бердіқұловтың шапанынан шыққан едік» дейді. Міне, олар бақытты журналистер, себебі осындай асыл тұлғаның «шапанынан шықтық»...! «Жас Алаш» газетінің редакторлық тұсында ол үлкен очерктер мен кішкене мақалаларға дейін жариялады. Сатираға да көңіл бөлді. Қайнар Олжай айтпақшы: «Мен Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Мұндай редакторлар 100 жылда бір туады. Сейдахмет ағамыздың бір ерекшелігі, ешкімнің мақаласын өзгертпейтін. Мақалада мақаланы жазған журналистің өз қолтаңбасы қалатын. Бірақ тақырыпты керемет таңдай білетін» дейді. 

Міне, ағамыздың осындай жақсы қасиеттерін үшін мен оны идеал журналист деп есептеймін. Себебі, болашақта, Құдай қаласа, белгілі бір журналдың редакторы болған шағымда, мен ағамыздың жұмыс істеу әдістерін міндетті түрде қолданамын. Себебі, қазіргі таңда мен қандай газетке барсам да, менің мақаламды қысқартып, мағынасын өзгертіп, екінші рет жазуға деген құштарлығымды басып жібереді...

Ағамыз арамызда болса, биыл 78  толар еді. Кім білсін мүмкін әлі де қазақ спорт журналистикасына ерекше де, қызықты жазбаларды сыйлар ма еді... Өкініштісі, ағамыздың спорт жайлы жазған жанры да, стилі де қазір жоқ болып барады. Егер спорт жайлы ағамыз сияқты жазсақ, мүмкін жастардың спортқа деген сүйіспеншілігі артып, Президентіміздің жолдауы жүзеге асар ма еді...?

 



Бөлісу: