Менің ертеңім
блог
Адам бойындағы қасиеттің ең жаманы да, жақсысы да арман ғой, шіркін?! Бірде қиялға ерік беріп, өзіңнен басқа ешкімді ойламас жағдайға барсаң, ал бірде мақсат қойып, жүзеге асып жатса, сенен бақытты адам болмайды. Ақының да, данышпаның да, суретшің де мойындаған бұл арман – шексіз. Арман, жалпы, ертеңгі күнге саяхат жасау, болашағыңды саралау. Әрбір адам арманның босағасынан «менің ертеңім не болмақ?» деген сауалмен қадам басса керек. Ал, енді, расында, менің ертеңім не болмақ? Мен бай боламын ба, жоқ кедей боламын ба? Адам боламын ба, жоқ... болмаймын ба?! Жә, байлық пен кедейлік ол, арман емес қой? Олар – еңбекпен келетін дүние. Әлеуметтік тұрмысты арман деп қабылдау, тіпті, ақылға сымайды. Ал, адам болу, ол – ой түбінде арпалысып жатқан, әрбір мақсаттың төбесінде «сұрақ белгісін» көрсетіп отыратын, арман деп атауға әбден мүмкін дүние. Адамдар тіршілік ету үшін тырмысып, түрлі қиындықтармен күресіп жатады. Дегенмен, жан бағып жүріп, қалып пен болмыстан айрылып қалатындар да аз емес. Міне, сондықтан, не армандамасам да, ертеңім қандай болса да, адам боп қалу – басты мақсат.