Менің ерекше қызығушылығым (эстафета)

Әселхан Торбаевадан эстафетаны қабылдадым.

Бізге дейін де, бізден кейін де айтылатын әңгімелер... Сонымен әр жанның өз қызығушылығы болады. Бірі әнге, бірі биге, енді бірі спортқа деген сияқты. Бәрі бірдей осыған қызығады деп айту қиын. Бірақ сымбатты, танымал, сергек жүрген кім-кімге де ұнары хақ. Бұл жалпы. Енді сұрақ «мен неге қызығам? Менің қызығушылығым несімен ерекше?» - мен өзімнен осылай сұрадым. Жауап мындай болды:

1. Затым нәзік болған соң, әшекейлерге көбірек қызығам. Соларды жинағанды жаным жақсы көреді. Дүкен аралап шыға қалсам міндетті түрде сатып алуға тырысам. Қазақы ою-өнектерімен безендірілген кез-келген әшекей мен үшін қымбат. Көбіне шашбауларды қарап жүрем.

2. Бала кезімде кәрістің «Зимная соната» деген телехиясын үзбей көретінмін. (ол кезде 7 не 8 сыныпта оқитын болуым керек). Осы уақытқа дейін қанша рет қайталап көргенім есімде жоқ, бірақ қайта-қайта көруден жалыққан емеспін. Сол бір телехикаяның суреттерін жинаған едім. Менің суреттерім бір альбом, кино кейіпкерлерінің суреті екі альбом болатын. Сол суреттер әлі сақтаулы тұр. Ара-тұра балалықты еске алып, біраз суреттерді көшіріп қоям ғаламтордан.

3. Әрине, мамандығым журналист болғандықтан ерекше дүниелерді іздеп жүрем. Көбіне қызықты деректер мен тарихи дүниелер жазылған кітаптарды оқыған ұнайды. Поэзия, прозаға жаным жақын.

4. Өзім аздап қорқақтаумын. Әліме қарамай тылсым дүниелерге қатты қызығам. Қорқынышты фильм көрген ұнайды (бірақ қатты қорқам). Осы тақырыпта әңгіме болса таңға дейін тыңдауға бармын.

5. Үйлердің архитектурасын, сызба суреттерін жинаған ұнайды. Ерекше үлгіде салынған ғимарат, үйлерді көрсем міндетті түрде суретке түсіріп алам.

6. Жаңбырдың астында жүргенді жақсы көрем. Табиғат аясында дауыстап өлең оқитыным бар.

Болғаны осы ғана деп бітіретін болсам өтірік айтқан болар ем. Сондықтан олай айтпаймын. Өзге де қызығатын дүниелерім көп. Өзіме ерекше дегендер осылар болды.

Ендігі эстафета кезегін Марғұлан Ақан мен Мақпал Сембайға тапсырамын.



Бөлісу: