Менің де бір түнгі ойым...

Менің де бір түнгі ойым...
жеке
блог

Испаниямен 6 сағат айырмашылық. Әлі үйренісе алмай, барлығы ұйықтап қалғанда, түнгі үкілер сияқты жалғыз өзім тықырлап шай ішемін, киімдер реттеп, үй жинаймын. Әрине интернетте отырамын. Алайда түнгі 3.47-де достарымның көбісі тәтті ұйқыда, твиттердегі лентадан "Главное не бояться" фильміне берілген жақсы пікірден соң көрейін деп жүктеп қойдым. 2011 жылы түсірілген, басты рольде өзім жаман емес деп білетін Кейт Хадсон. Кино алдында аузымды жыбырлатып бір нәрсе жеп үйренген әдетім бойынша алдыма туған күнімнен қалған тәтті емес торт пен шай әкеліп алып көруге ыңғайландым...

Жалпы фильм рак ауруына шалдыққан қыз бен оның сол оқиғадан алған сабақтары жайлы. Бірден айта салайын, қыз соңында қайтыс болады. Бірақ ол оған дейін шын ғашық болып, әкесін кешіріп, өмірдегі қорқынышынан айырылып үлгіреді. Бір қарағанда, қарапайым сюжет, қарапайым американдық драма. Алайда адамның эмоциясын біраз қинайды екен. Ақыры желінбеген торт пен шайды апарып, жаттым. 

Қаншама адамдар өмірлерінде бір қорқыныштың кесірінен бақытына жете алмай жатады? Бірі "ұнамай қалсам ше" деп жүрегін ашуға қорқады, бірі "ал егер қолымнан келмей қалса ше?" деп армандаған кәсібіне бармайды, бірі "ол мені тастап кетсе ше" деп күмәндана бастайды, т.с.с сансыз қорқыныштар. Ал ол қорқыныштардың себебі неде? Менің ойымша, біздің заманда "бақытты болу керек", "өз жартыңды табу керек" деген мақсаттар тым жарнамаланып кеткен. Әр адамның арманы бақытты болу, өз жартымды табу дейді. Тіпті қуаныш, тойларда айтылатын тосттардың барлығы соны саған міндеттейді. Егер сен бақытты болмасаң, не сүйгеніңе қосылмасаң өмір аяқталып қалмайды ғой.

Бейне бр бақыт деген белгілі нәрселерге қол жеткізгеннен кейін ғана келетін сияқты. Менің ойымша, ең басты адасу осында. Әрине ондай жетістіктер аз уақытқа шабыт беруі мүмкін, алайда бақытты болып ҮЙРЕНБЕГЕН адам, ол сезімді де тез арада ұмытып кетуі мүмкін. Бақытты болу әр адамның таңдауы ғана. 

 Ал екінші жартыға келетін болсақ, "екінші жарты" деген ұғымның өзі адамды адастыратын сияқты. Ол сені өмірде жоқ "идеалды" адамды армандап өтумен немесе қасыңдағы сені сүйетін адамды бағаламауға соқтыруы мүмкін. Егерде маған осыдан екі жыл бұрын осындай сөздер жазасың десе, сенбеуші едім. Өйткені мен мәңгілік махаббатқа сенетінмін. Ал қазір менің ойым басқа... "Махаббат жайлы ойлар" атты эллегиямды келесіге қалдырып осы жерден тоқтайын. 

Бұл жазбам өзгеден гөрі, өзіме арналған сияқты. Иә, түнгі ойлардың пайдасы да бар екен.