Қалайсыңдар! Иә, ағамның үйіне келе қойып едім, интернетке тап болдым. Әшөктің Мәрлен деген досының нөмірі іпіріпістәйіл дей ме, әйтеуір, ағам бір қызықты сайтқа (www.aliexpress.com) кірем деп, ондағы заттарға тапсырыс берсең, арзан дей ме, сөйтіп, интернетте отырмын қазір. Жұмыс іздедім сол. "Курьер" мен "редактор", сосын "уборщик" деген сияқтыларға ғана шамам жететін болғандықтан, соларға ырзүмемді жібергем. Бұл драматургиядан орнымды табам дегенше, Алматыда шамам келген жұмыстарда құл болуым керек. Менде алға қойған басқа мақсат жоқ. Бар-жоғы сол театрларда сахналай қоюы екіталай отбасылық драмаларды жазу, кино боп түсіріле қоюы күмәнді киносценарийлер жазу. Жә! Айтқым келгені бұл емес еді...
Соңғы кездері осы күнде көріп жүрген нәрселерімнен ой түйіп жүрмін. Әрине, бүгін қорытынды шығарғанмен, ертең ол нәрсе басқаша көрініс табады. Сын жайында айтар болсам, сын тек ғылыми тұрғыдан қарастырылуы керек деп ойлаймын. Ғылыми болатындығы, сын ғылымда өз орнын тапты. Бүгінде жұрт сөзін сын деп қабылдай беруге болмайды. Бір адамдар сынды өзінің "ұнайды-ұнамайды" принципіне салып айтса, біреулер "біреулердің" айтқанына қосылып жатады. Қанша дегенмен, сыншы деген атауға кез келген сын айтқан адамды жатқыза беруге болмайды. Мәселен, менің осы көріп жүргенім әдебиет саласы болғандықтан, мәдениет айналасын айтайын. Қайрат Нұртас бауырымызды көбісі жақтырмай жатады, ал біреулер тыңдайтын болса, оны табынушысы деп атап жатады. Табынушысы деп атамас еді, егер сол тыңдаушылардың таңдауына емес, бар болғаны Қайрат бауырымызға жатырқап жатса. Қайраттың әншілігін ән сыншылары, ән мәтіндерін ақындар, сахнадағы жүріс-тұрысын сахна сыншылары ғылыми-мәдени тұрғыдан сынаса, мақтап немесе даттап қана емес, белгілі бір шешімге келуі керек мақсатты түрде. Әйтпесе, "Қайрат жақсы айтады", "...жаман айтады" деген нәрселерді халық - сыншы өзі-ақ айта береді. Халықтың айтатыны сын емес бірақ. Халық не нәрсені ұнатса, соған өліп-өшіп жабысады, ал не нәрсені жақтырмаса, оған өлсе де жоламайды. Яғни халықта эмоция болады, болуы тиіс. Ал сыншы адам не нәрсе жайында ғылыми-мәдени тұрғыда сын айтса, ол сын не нәрсеге қатысты болса, сол нәрседе сол сыншының білімі, көргені, түйгені көп болуы керек. Сыншы адам эмоцияның құлы емес. Сыншыға әлгі шығармашылық адамның өнері қатты ұнап жатса да, ол орнынан атып тұрып, қол шапалақтамауы тиіс, іштей қанша құшақтағысы кеп өліп бара жатса да. Және әлгі адамның өнері тіптен болмай бара жатса да, балансты сақтап, қалыпты деңгейінде сынын айтуы керек сыншы адам. Қайталаймын, сыншының білімі бакалавр, мәгәстір, пейішті доғдыр деген сияқты пәлелерге бөлініп қарастырылмайды. Ол одан да бөлек басқаша зор болуы тиіс. Алдағы уақыттарда осы ойымның үстіне ой қосармын, бәлкім, басқалар жақсы пікір қалыптастырар.
Драматургия жайында айтатын болсам, қазіргі кезде Ресейде де мәз емес. Жасым 22-ге де жетпеді әлі. Ал елімізде драматургияға тек 30 жастан кейін ғана қосылып жатады адамдар. Қанша жерден талантты боп жатсаң да, театрларда сахналануы күмәнді. 50-60 жастағы драматургтердің шығармаларын әрең дегенде сахналап жүр, онда да пьесаға қаламақы төлемей. Сценарий жағын білмедім. Пьесаны да, сценарийді де жазу оңай емес. Сюжет құрай салу, тартыс жасай салу оңай емес. Николай Коляда, мәселен, пьеса басталғанда 80 пайыз қызып-жанумен басталуы керек дейді. Және кейіпкердің іс-әрекетін сөз байланыстары айқындап тұруы керек дейді. Яғни кейіпкердің не істейтінін ремаркаға жазып жатудың қажеті жоқ. Оған аузына сөз салып бер, сол сөзді айтқанда, іс-әрекеті өзінен-өзі шығуы керек дейді. Жобалап айтып жатқаным ғой. Әрине, менің драматургиядан кәсіби де, басқа да білімім жоқ. Дегенмен, менікі жүректен шығады. Ал жүрекке салатын Алла. Осы күндері мен драматургия аулынан өте алыста жүрмін. Сахарада жүрмін, тіпті.
Сценарий жазылып, кинолар түсіріліп жатса, әрқайсысына әй дей берудің қажеті жоқ. Түсіре берсін. Әр адамның санасына байланысты. Санасы дегенім, мәселен, мен пьеса жазуға да, сценарий жазуға да қорқам. Неге? Себебі маған дейін керемет туындылар туып қойған. Мен "Ва-Банктан" басқа кәрістердің сериалын көрмеген адаммын. Әлі күнге дейін "Ва-Банкты" қайталап көре беремін. Мен сериал жазсам, не осыдан асырып жазуым керек, болмаса осының деңгейіне жететіндей етіп. Міне, басқа да драматургтар алдарына күрделі мақсат қойып, керемет қып жазатын болса, саналары бар екен деймін. Бүгінгі заман жазсаң, сапалы қып жазуың керек. Әйтпесе, әр нәрсені көре беретін адамдардың уақыты жоқ қазір. Әлі күнге дейін "Ва-Банкты" көремін, жылайтын тұсында жылаймын. Әрбір көрген сайын жаңа катарсиске тап боламын. Пан Ен Ха ше? Ол да хит әнші болған. Әлі күнге дейін "кәйәхендәгү" деп басталатын әнін сүйіп тыңдаймын. Сондықтан пьеса не сценарий жазамын деген адам болса, ұяты болса, озық қып жазуға тырыссын.
Әзірге айтарым осы, келесіде интернетке қолым жетіп, сіздермен ой бөліскенше аман болайық! Жазбаларыңды оқымай жүргенім үшін ренжімессіңдер. "ысмайлық"