Менің бір күндік өмірім

 

                                       Менің бір күндік өмірім

  Өмір - театр дейді емес пе?! Күлесіз, жылайсыз, қуанасыз... Басты кейіпкерде өзің жүргендейсің. Ал кейбіреулер оны поезбен теңестіреді. Онда кездескен жолаушылар біздің өмірде кездестірген адамдарымызға ұқсайды. Бірақ олардың да біз сияқты поездан түсетін жерлері бар. Кейбіреулері біздің жол бойғы қуанышымыз бен қайғымызға ортақтасады, олар ата-анамыз, бауырларымыз. Жолдан мінген кей жолаушылар уақыт өте бізге жақын болып кетеді, кейбіреулері келесі станциядан түсіп қалады, ал кейбірі басқа купеге ауысып кетеді.

 Ал енді біреулер өмірді өзенмен теңейді.

 Өмірге деген көзқарас әр адамда әр қилы. Бірақ менің ойымша оның мәні болу керек. Бір күндік өмірдің мәні болмайды. Мен әр кеш сайын өзімнің өткен бір күніме талдау жасаймын. Бүгін мен не жасадым? Жаксылык па, жамандык па саралаймын. Дұрыс емес жерлерімді келесі күні жібермеуге тырысамын. Бірақ адам қателіксіз өмір сүруі мүмкін емес. Тек сол қателікті уақытында біліп отыру керек деп ойлаймын.

     Әр адам алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге тырысады. Мен сол арман қуып, алдыма мақсат қойып, оз таңдаған мамандығыма да түстім.Міне, осылайша Алланың қалауымен мен Алматының студенті атандым. Бұрыннан армандайтынмын осы қалада оқысам деп. Мен журналистика мамандығында оқимын. Сіздерге қызық болса, бір күндік өмірімді айта кетсем…

    Біздің университет Байзақов көшесінде   орналасқан. Ал мен өзім Құлагер ықшам ауданында әпкеммен бірге тұрамын.Таң ата тұрып, жуынып-шайынып, асханада қалғып- мүлгіп таңғы асымызды ішіп аламыз. Тып-тыныш. Тек қана сылдырлаған ыдыстардың  ғана дауыстары естіліп жатады.Тамақтанып болған соң,  дайындала бастаймыз. Бір жақтан киімдерімізді үтіктеп, бір жақтан шылқылдатып әтір сеуіп жатамыз.. Нағыз жанталас осы жерде басталады.

Таңғы салқынмен аялдамаға барып, күнделікті автобус күтемін. Адамдар үн қатпайды, есінеп, ұйқылары кеп, әркім өз жұмыстарымен кетіп бара жатады. Тек қана машиналардың гүрілдеген дауыстары естіледі. Автобус келіп жетеді. Ол келгенде алыстан бір апам келгендей қуанып кетеміз. Таласып-тармасып оған да мініп аламыз. Енді ұзақ жол жүреміз, таңертеңгі кептеліс бар. Ұзақ жолдың бір жақсысы, ұйқыңды қандырып аласын.Таңертеңгі автобус ішін айтсаңшы. Үйден шығарда бүгін қысылмай барсам екен дейсің. Бірақ ол арманың орандала ма! Күнделікті адам көп, мен қалып кетпейін деп, таласып-тармасып мініп алады. Әрине, олардың арасында мен де бармын. Автобуста тұрып, қанша жағдайларды көресің. Біреудің арқасына біреу сүйеніп келеді. Оны әлгі адам жақтырмайды. Ішінде тұрғанда бір ғана нәрсені армандайсың, тек таза ауа кірсе екен деп. Терезесін ашқың келеді. Әрине оны қарт кісілер аштыра қоймас. Осылайша, аялдамаға да келіп қаламыз. Сонымен әрі қарай университетке барамын. Университетте уақыт зымырап өтеді. Достарыңмен бірге болғаннан кейінбе немесе сабақтарымыз қызықты өтеме, білмедім. Үзілісте, тіпті кейде сабақ барысында күнделікті сол Айгерім, Әуез бен Айбек әуелетіп ән сала бастайды. Оларды басқалары да қоштап, қосыла кетеді. Осылай кішкене ғана концерттік бағдарлама басталып кетеді. Сабақ бітіп, бәріміз жан-жаққа тарай бастаймыз. Қайтарда бәрінде бір уайым бар. Ол "менің номерогым неше еді"  деген. Оны ұмытып қалған күндері гордеробта тұрған апайға киіміңді сипаттап біраз тұрасың. Ол тіпті кейде ашуланады "Бүгін киімсіз қайтасың " деп.

Универден шығып, сол аялдамаға барамыз. Алдымызда 2-3 маршруткалар тұрады. «Құлагер, Айнабұлақ, Барахолка» деп шулап. Дауыстары да зор, қатты естіледі. Соған қарағанда дайындалатын секілді. Мініп алып, әрі қарай үйге тартамыз. Тағы да сол автобус іші.Әйтеуір бір бітпейтін жанталас. Әпкем екеуіміз кешкі асымызды ішіп, бірден сабағымызға кірісіп кетеміз. Уақытты босқа өткізбеуге тырысамыз. Түнге қарай  ұйқы қысып, маужырап, көзіміз кіртиіп, тәтті ұйқыға кетеміз. Міне біздің бір күндік өміріміз осындай.Жалпы Алматының студенті болсаң, қызығымен қоса, қиындығына да тоясың. . Алдымыздағы белестерден сүрінбей өтіп, қиындығына төземіз деп сенемін. Өйткені, әрбір студенттің алдында үлкен арман тұр деп ойлаймын. Осы – арманға жетудің бастама жолы. Мен де арманымнан көзімді бір сәтке де алмай, соған сапар шегудемін!

 



Бөлісу: