Жұма. 22 қараша. Сағат 10.30дың шамасы болатын. Компьютерімді қосып, сабағымды бір пысықтап шығайын дегем. 11.35те лекция радиожурналистика пәнінен. Аудасити бағдарламасын пайдалану арқылы радиоэссе және очерк жасап келіңдер деген апайымыз. Тапсырмамады ашсам, "ошибка" деп қосылмай тұр. Уақыт болса, аз қалды. Не істеймін? Қайтадан жазамын дедім. Лекция ғой, мына тапсырмам орындалмаса, апайдан ұятқой деген оймен бармай қалдым лекцияға. 12.25тің сабағына кірсем, апайымыз ашулы. Сол күні "Қазақ радиосының" жүргізушілерімен кездесу өткен екен. Ал мен болсам,қалып қойдым. Апайымыз келмегендерге минус қоямын, кешірмеймін деді. Жыламсырап, не айтарымды білмей сауалнама жинауға кеттім. Келген соң, эссемді ауызша оқып бердім. Сенесіз бе, апай минусын плюсқа өзгертті. Бәлкім, жүректен шыққан сөз, жүрекке жеткен болар?! \сіз де оқып көріңіз. Мархабат!
Менің тәп-тәтті балапаным. Бүгін сенің туылған күнің! Мына жарық дүниенің есігін айқара ашқан сәтің әлі көз алдымда. Жеңгем, яғни анаңның үйге жаңадан келін боп түскен кезі. Көп нәрседен хабары жоқ. Мен де тым кішкентай едім. Қолғабыс етуге шамам келе бермейтін. Десе де, сенің әлем табалдырығын аттаған күніңде мен жаныңда болдым. Дұрысы, бөлменің сыртында, саңылаудан ғана сығалап тұрдым. Шырқыраған даусың, іңгәлағаның құлағыма келгендей болды осы жұмысқа кірісер кезде. 2003 жыл біздің үй үшін онша жеңіл жыл болмаса да, көз қуанышымыз боп, дүниеге келдің. Өз несібеңді әкелдің. Сол үшін де алдымен Аллаға, кейіннен саған алғысымызды білдіреміз!
Сенің сөзге шеберлігің елден ерек көрініп тұрады. Кішкентай болсаң да, тас жарар қылықтарыңды, анау қалай, мынау қалай деп сұрап, мазамды алар сәттерді бәрін-бәрін сағындым.
Қарақаттай қара көздерің үнемі жасаурап тұрады. Бейнебір, мөлтілдеп жас іркілердей әсер қалдырады. Шашыңды тастай қып өріп қояды мамаң, ал сен жайып қойғың келеді. Ал, мына жақта апатайыңа (біздің диалект) шаш жіберуге болмайды. Апайлары рұқсат бермейді. Өзің талдырмаш болған соң, бойың ұзын көрінеді. Сірә, демалысқа барғанда менімен қатарласып қаларсың?! Балабақшаға барғанда орысша түсінбесең де, шырша жайлы өлең оқып, қарық қылатынсың. Саған бәлкім, көп ұрысқан да шығармыз. Бірақ, бұл сені жақсы көргендігіміз ғана. Даусыңның сыңғыры ерекше. Күлгенде бірден сен екенін аңғарамыз. Кейде жұрт сені Ермаханнан да үлкен деп қалады. Қалайша олай ойламасын? Үнемі пысықсып, алдына шығасың да жүресің. Сабағыңа ұқыптысың, тек кейде ойын баласының кейпіне тым кіріп кететінің болмаса. Енді сен 10 жасқа қадам бастың. Үлкееен қыз болдың. Ойна, күл. Бірақ, сабағыңды жақсылап қара. Бұрынғыдай дәптеріңде жұлдызшалар көп болсын! Жан адамға жамандық ойлап, арамдықпен бір нәрсе иемдену жоқ. Соондай пәк жүректі періштесің сен. Ешқашан жылама, бақытты бол! Мен сені жақсы көремін. Аз ғана қалды. Өзіңнің санауың бойынша айтсам, 38 рет ұйықтап тұрған соң сендерге барамын. Сағындым қатты. Қыс түсті, біз жақта ерекше суық. Өзіңді күтіп жүр. Мойынорағышыңды таққым келмейді дегенді айтпа! Ангинаң барын өзің де білесің. Ауырма ешқашан! Бізге қуаныш сыйлап, әппақ әлемге енген күнің құтты болсын!