Менің балалық шағымның есімде қалған тұстары өте сирек, өйткені мен жадым нашар адаммын. Балалық шағым түгілі бір жұрма бұрын не болғанын да ұмытып қалсам бұл таңқаларлық жайт емес. Алайда, балалық шағымдағы кейбір өте ерекше оқиғалар өздерін ғасыр өтсе де оңайлықпен ұмыттыра қоймас. Ал оларды есіме түсіруге өз септігін тигізетіндер сандары да, сапалары да онша емес фотосуреттер. Егер, маған ата-анам «бұл суреттегі сен» деп көрсетпесе мен өзімді танымаған болар едім, өйткені ол кездегі мен мен қазіргі меннің арасында өте үлкен айырмашылықтар бар. Ол кезде менің шашым ұлдардікіндей қысқа, түрім де қыз деуге келмейді, киімдерім де ағамнан қалған шортыфутболкалар*. Шашымның қысқа болғанының себебі анам өз жас кезінде, дәлірек айтқанда 90жылдарда сән болғандай ұзын шашты ұнатпайтын, өсіп кетсе болды қырқып отыратын. Иә, мен балалық шағымды есіме түсіргенде өзге емес дәл осы бейнем көз алдыма елестейді, себебі барлық суреттерім тек осы киімдер мен тек осы шаш үлгісінде жасалған. Әйтеуір қаладан келген апайымның фотоаппаратына мама-папамыздың күштеуімен суретке түсіп алатынбыз. Қазіргідей оларды карточка қылып шығарып алу үшін 1-2секунд уақыт емес кемінде 1-2ай тосатынбыз. Әрине қазіргі заманда оны қағазға шығарудың, фотоальбомға салудың еш қажеті жоқ, себебі бәрі телефонымызда сақталады. Ал ол кездері үйдегі суреттер санынан фотоальбомдардың саны көп болатын, өйткені фотоальбом – туған күнге де, жаңа-жылға да, қысқасы барлық мерекелерде берілетін ең тамаша сыйлық. кейін қарақұлақтанып өсіп, заман біраз жақсарып, суретке түсуге мүмкіндіктер көбейе бастағанда өзімізге жеке альбом бастайтынбыз. Ағам екеуіміз кімнің суреттері көп болады екен деп көп таласатынбыз. Бір күні екеуіміз бірге түскен суретке таласып қатты ренжісіп қалғанымыз есімде.
Ал қатты болып қатқан мұз үстінде кәсіпқой* хоккейшілердің матчтері өтетін. Таяқшалары - басы сәл қайырылып біткен ағаш, шайбалары - жылқының қиы, конькилері әкелері жас кездерінде киген байланбалы коньки. Оны дұрыстап кию үшін, белдігін дұрыстап тарту үшін үлкен күш қажет. Алайда, онсыз да коньки тебе алмайтындар үшін ол маңызды бола бермейтін, оданша қара пиманмен жүгіре бергенің әлде қайда ыңғайлырақ. Бұл ойынның төрешісі де болмайтын, әркім өз білгендерінше ойнай беретін, есесіне көрермендері әр үйдің қорасының немесе үйілген маясының үстінен қарап «кімнің баласы жақсы ойнайды екен» деп сынай, бір жағынан, қызық көріп қарап тұратын.
Төбешіктің басында ең экстрималды трюктер жасалып, Дос360, Мира780 дейтін шаңалардың жарыстары өтетін. Шаңаларды кәдімгіше бәйгеге ат баптағандай даярлайтынбыз. Табанын қырау басып қалса қырып, жібін мықтап байлап, үйдегі бар көрпе-көпшіктерді үстіне жайып түскі асқа тыңқия тойып алған соң тоң, биялайларымызды киіп алып төбешіктің басында жиналу әр сенбі-жексенбінің дәстүрі болатын. Кімнің шаңасы алысқа баратыны, соңғы жұманың чемпионы кім болатыны аңықталатын жарыс түсте басталғананнан кеш қарайғанға дейін, тіпті қызып кетсе мама дейтін будильниктеріміз шақырмайынша жалғаса беретін. Шаңалар жарысында «ең үлкен шаңа», «ең жүйрік шаңа», «ең әдемі шаңа» және «ең ыңғайлы пакет» деген номинациялар болатын. Иә-иә шаңасы жоқтар, пакетке көпшік салып алып сырғанайтын. «Ой оныкі пакет» деген кемсітулер болмаса, пакет дегенің кез-келген шаңанды екі орап әкететін. Үздіктерді марапаттау рәсімі де болмай қалмайтын. Қардан жасалған кубоктар ойын барысында шаңаға қызықпайтын балалардың шеберханаларынан шығатын. Осындай ойыннан соң үйге ерте қайтсақ та, кеш қайтсақ та анамыздан біраз сөз еститінбіз. Себебі үйден құп-құрғақ шығып, су-су болып келетінбіз. Жүннен тоқылған шалбарларымызға, биялайларымызға түйіршік-түйіршік болып жабысқан қарлар еріген кезде 1шелек су шығатын. Осындай ойыннаң шаршағанымыздан анамыз даярлаған кешкі асты да ішуге шамамыз келмей ұйықтауымыздың өзі бір тамаша еді.
Мен дәл қазір біздің балалық шағымыз осындай еді, осындай еді деп айтып отырғаныммен өзім де әлеуметтік желінің тұтқынымын. Себебі заманның талабы солай. Алайда заман солай екен деп 3-4жастағы балаларға да айфонның түр-түрін ұстатып қоятын ата-аналардың жасап жатқандары дұрыс емес. Үлкендердің оларға айтатын ақылдары «Көзінді бұзасын». Сонымен болды. Бұрынғыдай «Бүжәй келеді», «Укол салам», «Құлағынды кесіп алам» дейтіндерге қазіргі тентектер пысқырып та қарамайды. Бұрын бізді ойынға барудан тежейтін ол мама-папамыздың «сабағын нашарлайды, енді ойнауға бармайсын» деген ұрыстары еді. Оның өзінде ол ұрыс бізді көп дегенде 3күнге ғана ұстап қалатын. Қазір ше? Қазір кіп-кішкентай қара төртбұрыш балалардан бастап барлығын да үйге байлап қойды. Телефонда отырып таңның қалай атқанын, кештің қалай батқанын білмей қаламыз. Телефонға телміріп күні бойы күн көзін көрмей кететін, ас-суымызды да ішпейтін кездер болады. Иә, мен оның барлығын білемін. Басқаларда біледі телефонның зиянын. Бірақ неге? Неге біз біле тұра сол жаман дүниелерге өзімізді құрбан етіп жатырмыз? Неге заман талабы солай деп солай емес екендігін біле тұра өзімізді алдап жүрміз? Жарайды бұрынғыдай доп қуып ойнамай-ақ қояйық, шаңғы-шаңа теппей-ақ қояйық тым болмаса кітап оқиықшы. Кітаптың қадірін менен артық кім білсін. Бір күні үйден қазақша бір кітап тауып алдым. Қызығына кіріп кеткенім сонша телефоным бір бұрышта қала берді шаң басып. Иә, телефонның орнына кітапты өзініз де, балаларыныз да серік ете білсеніздер дәл қазіргідей дүбәра күйге түспес едік. Көбісінің ойынша техниканың тілін білген адамдар ғана ең ақылдылар. Ондай адамның тілін білмейтін ақылдылардың барынан жоғы артық. Балаларына ана тілдерінен бұрын техниканың тілін үйретуді жөн санайтын ата-аналардың бұл қылықтанының басты себебі де сол стереотип.