Менің арамды көрмедіңіздер ме?

Бүгін не де, болса да, сатираның жорғасына мініп жорғалайын... Амал нешік... сатира жазғаныммен шынына келсек, сатира не екенін қаға бермейтін мылжыңмын. Ал жорғасы қай «қорада» қалғанын құдай біліп пе? Не айтсамда халық күле берген соң-ақ, өзім де күлейінші деп, өзіме арнап жазған ем, күлуді ұмыт қалдырғандай болдым. Негізі «слишком серьезный» адаммын. Адам емес, «кісімін», өйткені ешкімді менсінбеймін. Себебі ешкім қорада жатыр. Сояйын десем секіріп, қашып,  ақымақ қылады, ренжідім де, қоя салдым. Жүр, әйтеуір, қазір.

«Қазақша» демалып жатқанмын. Терезенің бәрін ашып тастағанмын. Жел еркелеп ары да, бері де өтеді. Желді бастап жүрген «Ара».  Даусының жаманы-ай! Екі құлақты теңдей бітедім. Дауысы «жүректен кіріп, арды алады», ұят-ай. Айнаға қарасам бет жоқ. Ар жақта бұрышқа тығылыпты. Шық десем, шықпайды. Қолды бір сілтедім де, жатқан соң, ұзағынан жаттым.

Бір уақытта тура «жаныма» «Садақ» атылды. Не істерімді білмей аңырадым да қалдым. Не істейін енді, жатқан төсегіме «Садақ» қадалса? Жан-алқымымнан алды. Кім атты деп ұзаққа қарасам, өзіміздің «Ара».

"Садақтан" кейін "Арамыз" "Шаншарлыққа" басты. Езуімді жия алмай, күлкімді  оған қияалмай, аузымды қолмен жауып отырдым. Күле-күле түйілген ішек те түзеліп кетті де, жасым да күле-күле шығар жерін таппай, екі бетім қызарып қызудан бұрын, ағарып, суып кетті. Күлейін десем өзіме күле алмай, күлмейін десем сезімді ішке бүре алмай… екі жүзді болдым.

Қазақпыз ғой. Қазақшылыққа салып жаттым. Малды жайып тастағанмын. Өздері жайылып жерін жеп, құмалақтап жүріп қайтады. Лағы барлар қорада, оларға су беріп, шөбін беріп реттедік. Буаздары тағы бөлек, олардыңда қамын жасадық. Тамақты қатын жасайды. Бізде басқа іс жоқ! Жату қажет. Басым жастыққа тиіп еді… Ара келіп, бастан «Балғамен» қойып жіберді… бас дың-дың… ұрып жатыр, ұрып жатыр. Өзің қиналған соң, қиналғанның есесін біреуден алу керек! Балама бардым. Тып-типыл боп моншаға су кіргізіп жүр. Ақылды боп қалғаны, бастан «Балға» қайта сүйді.  Қатынға барып айғайға басайын десем, кешкі астың қамына кірісіпті. Пысылдап жүріп істеп жүр. Кәдімгі кезде қысымдық (сериал) көріп жататын қатын, ошақ басынан шықпай қалды. Ашуды қайда жіберерімді білмей қора-қопсыны бас-аяғынан бір қиқым қалдырмай тазаладым. Иттің ит аяғын тазалап, апам ұқсап өзіміздің сорпадан құйып бердім. Күшіктеріне сүйекті шағып, майын алып бердім. Ит болса да өзіне тән құрметі бар ма? Қутыңдап, рақмет айтты ма, бір ырымын істеп кетті. Өзімше боп кірдім үйге.

«Садақ», «Шаншар»,  «Балға» барлығы жақсы дос.  «Арасын» білмейм, зың-зың еткеннен басқасын байқамадым.

Жеңгелеріңіз кешке бетіне қызылы шығып, жүрісін мәнерлеп, дастарқанды толтырып қойыпты. Осы күннен бастап бұрыш-бұрыштың шаңын қалтырмай істің бәріне үлгеруге дағдыландым. «Ара» қырда жүреді. Күніге бал жинап әкеледі. Ісіміз түсіп қалғанда әңгімені жібереміз. Өзі жақсы, қалжың сөздің түбін түсіреді. Ара-арасында ден салмай тұрған кемшілігінді айтып шаққанда ду етіп, ісіп кетеді. Екінші қайталамауға тырысып реттеліп, менде адам қатарын кіріп «адам» боп жүрмін.

Денем жеңілдеп, буын-буындағы суық кетіп, денсаулық зың. Кемшілік деген денемді шұқыр-тесік қылып жіберіпті, оны қақпай өзімше жиырма төрт сағат ұйқыма риза болып тірі өліктің күнін кешіптім де. Бұрындары қатын, бала-шағаны ұрғанда байқұстар сыйлағаны ғой, кезекпен тізіліп кететін. Сонда рас, бет жоқ екен, жасап берген тамағын жеп, баламның жаққан отына жылынып, кішкенемнің еркелеп күлгеніне ашуланып жүрген ми жоқ қой, ми жоқ!  «Араның» көмегімен жоғалтқан «миымды» тауып алып ем... аңдамай жүріп бал әкеп жүрген «Арамды» жоғалтқаным-ай!!!  Оңбадым енді... оңбадым!!!

Іздеу салайын деген ойым бар! Егер қандай бір жерде болса да, көрсеңіздер маған хабар беріңіздер! Айтысар, тыңдасар сырым жетеді! Қырық күн, қырық түн айтуым мүмкін! Жасы шамамен жүз бірде. Түрі жобамен: өзі қазақша ұлттық киімде, белінде белдік, жағасында еуропаша қызыл галстук, аяқ киімі қызыл, оң қолында садақ, сол қолында жебе бар! Қасқырдың қарнын жарып көрсеңіздерде болады, қанша айтсамда қызыл келпек киіп кетті емес пе?

ТӨРЕХАН Арыстан



Бөлісу: