Менің әпкем

Менің әпкем
жеке
блог

Бұны әңгіме дейсіз бе, әлде шағын естелік дейсіз бе оны өзіңіз біліңіз. Анық білетінім, қолыма қалам алғызып отырған сағыныш. Балалық шаққа деген, қазіргі уақытта Балқаш қаласында ұстаздық қызмет атқаратын әпкеме деген сағыныш. Біздің Қарағанды төңірегнінде өзінен үлкен қыз баланы апа деп те айта береді. Жалпыға түсінікті болу үшін жазып жатқаным ғой. Әпкем екеуміздің қызығымыз көп.
Алғаш әріп үйретіп, есеп амалдарын шығару жолдарын үйреткенінде мен 5 жастамын. Газеттерді судыратып оқитын дәрежеге жеткізді. Үйге келген қонақтарға көлдей «Лениншіл жасты» оқып берем. Не жазылғанын түсініп жатқан мен жоқ, мақтауға марқайып жүре беремін. Әріп үйренгенім өзіме сор болды. Әпкем енді «Жарты сағатта қыс туралы өлең шығар, жаз туралы өлең шығар»деп қинайтын болды. Аңда-санда қалам алып, қағазға өлең жолдарын түсіріп жататынымыз да сол әпкеміздің арқасы.
Әпкем бала кезінен ұйымдастырушылық қырынан таныла білді. Біздің шағын Талдыбұлақ ауылының шеткері үш үйінің балаларын жиып, мереке сайын концерттік бағдарлама дайындайтын. Үй арасындағы бағаналарға жарнама ілгенді мен сол кезде әпкемнен көргем.
Таудың бауырын жанамалап тас жол өтетін. Сол тас жолға қызық үшін әпкем біздерге тас төсеткізеді. Жүргізушілердің тоқтап, тасты тазартқаны, ашуланып боқтағаны өзіне қызық шығар. Бірақ маған қорқынышты еді.Ши арасында жасырынып жатқан біздер, боқтықтан соң қашпақ болсақ әпкем жұдырығын көрсететін. Әпкемнің жұдырығы өзіме мәлім, одан да жүргізушіге ұсталған жеңілірек.
Жаз келді дегенше поход басталды дей бер. Походымыз тауға шығып, үйден дайындап алып шыққан тамақтарды жеп қайту. Көрші Ербол деген бала екеуміздің міндетіміз жол жиегіндегі белгілерді алып (дорожный знак), тау басына стол дайындау. Қанша жол белгі апарғанымызды бір Алла білер.
Әпкем әйтеуір жаңалық тапқыш. Кімнен естігенін қайдам, бір күні жатарда басына домбыра және нан қойып жатты. Себебін сұрасақ түсіне нан кірсе нан соғар болады-мыс, домбыра кірсе теңдессіз домбырашы болмақ. Анығы әпкеміздің түсіне екеуіде кірмегені.
Әпкемнің ұйқысы қатты. Кеңестік ұйқыдан оятқыш сағаттарға ояна қоймайтын. Адамнан айла артылған ба, оның да емі табылды.Өзінің аяғына жіп байлап, бір ұшын менің аяғыма байлады. Ондағысы әпкем аунағанда мен ұйқыдан оянып сағатты қарауым керек. Құдайға тәуба сабақтан қалып көрмедік.
Әпкемнің жатарда айтатын тақпағы да өзгеше:

Жаттым, жаттым жан Алла

Тұрғыза көр Иншалла

Тұрғызбасаң Иншалла

Лә илләһа Иллалла.

Жел тұрса күзге салым ауылдық жерде қаңбақ домалайды. Қораның артында үлкен қазан шұңқыр бар болатын. Сол жылы шұңқырды қаңбаққа толтырдық. Әпкем жиналған қаңбақтармен аспанға ұшпақ болған еді. Алыстан қаңбақ көрінсе, түлкіге ит қосқандай қосып жіберед. әкелген қаңбағың бүтін болмаса еңбегіңнің еш кеткені. Әйтеуір аспан әлеміне сапар шектіретіндей қатты жел тұрмай жанымыз қалды ғой.
Ауылдық жерде тірлік жермен тікелей байланысты. Жауын жаумаса шөп, егін шықпайды. Әпкем оның да оңай жолын тапты. Жаңбыр жаудыру үшін бақа өлтірсеңіз болды, кешке я болмаса ертеңіне жауын жауып береді-ай бір. Әлде бұл жай ғана сәйкестік пе екен? Әйтеуір сол жылы жаз жаңбырлы болды.
Кесіртке атты бауырымен жорғалаушылар класына жататын жәндік бар. Менің білетінім олардың түсі қара-қоңыр және жасыл (шөп түстес) болады. Сол кесірткелер де екіге бөлінеді екен. Оны әпкем болмаса мен сорлы білмей өтер ме едім.Олардың да мұсылманы мен кәпірі болады екен. Анықтау да онша қатты қиын шаруа емес. Көзіңізге көрінген кесірткеге «Мұсылмансың ба, кәпірсің бе?» деп айқайлайсыз, қаша жөнелсе кәпір болғаны. Оған жер бетінде орын жоқ. Әпкем айтты бітті, өлтіру парыз және сауапты іс. Кеңестік-атеисттік жүйенің әсері ме екен, сол кездерде мұсылман кесірткелер көп кездесе бермеуші еді.Қазір ойлап қарасам қашпай қалғандарының аяғы біздің айғайымыздан қарысып қалған болар.