Менің алғашқы жазбам...

Қашан?

Сәлем, массагеттіктер! Мен ешқандай блог жазбасам да массагет порталын күнде ашып қарап, танымал блогерлердің жазбаларын үзбей оқып жүремін. Бірақ, менің ойыма блог жазу келмеген екен.

Әлеуметтік желіде (В контакте) отырсам, курстас досым Ардақ (Құлтаев) желіге қосыла салысымен  «массагетке неге блог жазбайсың?» демесі бар ма. Мен ойланып қалдым да.. «жазармын...» деген жауабымды қанағат тұтпай  ол «қашан?)))» деген сұрақпен нақтылыққа көшкісі келді.

        Иә, расында, қашан?...

        Сол сәтте өткен аптада болған қызық оқиға ойыма орала кетті...

       Шымкенттен досым Нұрлан іссапармен Алматыға келгенін хабарлады. Кешке кездесіп, өткен-кеткен оқиғаларды еске түсіріп, кешкі ас ішіп қайтуға келістік.

Бір-бірімізді көріп, марқайып, кешкі астан кейін тағы да қалып қойған қызықты оқиғаларды еске түсіріп, күлісіп түнгі Алматының көшелерінде біраз серуендедік. 

Жылы жақтан келген досым тоңып кеткенін айтып такси тоқтатпақшы болды. Алдымен сені үйіңе жеткізіп салайын деп тұрғанда сол арада зу етіп бір жеңіл автокөлігі тоқтай кетті. Ішінде бір ғана жолаушы бар екен. Ол біздің екі адам екенімізді көріп алдыңғы орынға жайғасты. Шамалы жер жүргеннен соң алдыңғы орынға жайғасқан жолаушы түсіп қалды.

Діттеген жерімізге де келіп жеттік. Көліктен түсер сәтте досымның қалта телефоны шырылдап қалып сонымен сөйлесіп, ал мен жол-жөнекей алған жеміс-жейдекті сонымен қоса қасында жатқан телефонды өзімдікі екен деп қатар алып түстім. Қарасам менің ұялы телефоным емес. Көлік зыр етіп жүріп кетті. Досым да сөйлесіп бітті.

- Мынау сенің телефоның емес пе?  

- Жоқ, менікі емес. Кәне көрейінші.. iPhone 4...

- Ааа, бәлкім жаңағы алдыңғы орынға ауысып отырған сары орыс жігітінің қалта телефоны түсіп қалған болды ғой ...

- Иә, расында солай шығар... Контактісін ашып қарайықшы «МАМА» деген нөмірге хабарласып телефон иесін анықтайық...

Досым екеуіміз тауып алған ұялы телефонның иесін анықтамақшы болып контактілер тізімін ақтара бастадық. Бір қызығы «МАМА» деген де «ПАПА» деген де жоқ болып шықты. Енді қайттік деп тұрғанда досым соңғы сөйлескен қоңырауларды көре бастады. Сөйтсек, ең көп сөйлескен абонентті «КЛЕЩ» деп сақтап қойған екен. Енді неде болса да осы абонетке хабарласып жоғалған телефон жайында айтпақшы болып шештік.

         Досым қоңырау шалып еді ар жақтан әйел дауысы шықты. Мән жайды біле келе жоғалған телефонның иесінің келіншегі болып шықты. Бір қызығы телефон иесінің келіншегі еш бір абыржымастан жоғалған телефонды Жандосов-Айманов көшелерінің қиылысына алып келуімізді айтты.  Мен таң қалып күліп жібердім де досыма осында келіп алып кетсін деп айтсаңшы деп айтып болмай жатып келіншек телефонды сөндіріп қойды. Досым екеуіміз келіншектің іс-әрекетіне бір күліп алдық та, не де болса телефонды өз иесіне тапсыруды жөн көрдік.

         Жандосов-Айманов көшелерінің қиылысында өткен-кеткен жолаушыларға қарап телефон иесін күтіп тұрмыз. Келіп тұрмыз деп хабарлап күтіп тұрғанымызға жарты сағаттай уақыт болды. Әлі жоқ...

         Бір кезде бір жігіт көшеден өткен әр көлікке тесіле қарап, тоқтаған көліктерге жүгіріп барып жүр, сол әрекетті бірнеше рет қайталады.  

         Мен досыма анау орыс жігіті таксидегі жігітке ұқсамай ма, қарашы дей бергенімше болмады, досым да соны ойлап тұрған екен, иә сол сияқты деп сөзімді жалғай кетіп жаңағы орыс жігітін шақырып алды. Ол орыс жігіті жүгіріп келіп айыпты жанға ұқсап ұялып қайта-қайда «спасибо» дей берді. Телефон жайында әңгіме болған жоқ, тек «КЛЕЩ» сөзін айтып досым күліп еді, орыс жігіті қолындағы ақшасы мен әйелдерге және ерлерге арналған иіс суларды алғыс ретінде беріп жатыр. Біз  мұндай алғыс жайында тіпті ойлаған да жоқ едік. Телефонның иесі осы сары жігіт екеніне көзіміз жетіп иесіне табыстадық.  

         Сары жігітпен танысып, кене секілді жабысқақ әйелін «КЛЕЩ» деп атағанына тағы да бір күліп алып, иіс суларды алып, бір жақсы іс жасағанымызға мәз болып үйге қайттық.

         «Бұйырған кетпес» деген рас екеніне тағы бір көзім жетті.



Бөлісу: