Менің әкем мен анам

Менің анам мен әкем 
Бүгін қараша айының 28-ші жұлдызы. 2014 жыл. Осыдан 45 жыл бұрынғы қарашада менің әкем мен анам шаңырақ көтеріп, отау тіккен. Содан бері ұл-қызын тәрбиелеп, өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінгі күні немерелерін өсіріп отырған ақылды ата, мейірімді әже. Ауылдың құрметті қариялары. 
Бәрі көз алдымда. Бірінші сынып оқып жүргенімде қыс айларында менің қолым тоңбасын деп, әкем мектепке дейін сөмкемді көтеріп баратын, мен мектепке кіріп кеткен соң өзі жұмысына қарай бет алатын. Мен әкемді үлгі етіп өстім. Әкеміз бізді тек адалдық пен кіршіксіз тазалыққа баулыды. Ел әкемді "неміс кісі" деп атайтын. Кейін түсіндім, немістердің "пунктуальность" деп аталатын қазақтарда көп кездесе бермейтін қасиетін айтады екен ғой. Сағат таңғы 9.00-ге 15 минут қалғанда әкем жұмыста орнында отырады екен. Өзі инженер-құрылысшы мамандығын игерген білікті, іскер маман болды. Бір қызығы, әкеммен әңгімелескен кісілер мұғалімсіз бе деп сұрайтын. Сөзге шешен, екі тілде өте сауатты сөйлейтін әкемді қызметтегі әріптестері де мақтан тұтты. Анам үнемі үйде болды. Бізге ас-суымызды дайындап, кірімізді жуып, киімдерімізді тазалап, ерекше қамқор болды. Екеуінің ренжісіп, қабақ шытысқан кездерін көрген емеспін, мүмкін ұл-қыздарын бір-біріне деген құрметі арқылы тәрбиелеу тактикасы шығар. Ол жемісін берді десем қателеспеймін.  
Орта мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына оқуға түсуге маған ешқандай мүмкіншілік болмады. Бір жылдан соң әкем бар қолдағы қаражатын жинап, қалаға әкеліп, құжат тапсыртып, оқуға түсуіме мүмкіндік берді. Мүмкіндік беріп қана қойған жоқ, болашағыма жол ашты десем тіпті қателеспеймін. Қаладағы студент ұл-қызына ауылдағы әке-шешенің азық-түлік пен қаражат салатыны дәстүрге айналған жәйт қой. Менің әкем де солай жасайтын. Бірақ бір ерекшелігі, әр базарлық келген сайын қосымша бір парақ қағазға жазылған әкемнің маржандай әріптерімен тізіп жазған ақыл-кеңесі қоса келетін. Сонда жатақханада тұрамын. Қасымдағы өмірлік достарым десем қателеспеймін, құрбыларым «түуу, сен қайдан жазғыш болды десек, қаныңда бар екен ғой» деп таң қалатын. Дәл сол кездері менің талаптанып, аз-маз жазған өлеңдерімді мүшайраларға қатыстырып жүрген кезім еді. Кейін облыстық мүшайраның жеңімпазы болғаным да сол бір парақ қағаздардың арқасы шығар, бәлкім. Оқуды бітіріп, жұмысқа орналасып, қызметте жүргенімде де әкем хаттармен де, телефонмен де ақыл-кеңес айтуын тоқтатқан емес. Тұла бойы тұнған ақыл мен адалдық, тектілік пен тұрақтылықтың иесі ізгі жан әкеміз бізге асыл анамызды, ал анамыз асқар таудай әкемізді құрметтеуді ұрыспай-ақ, ұрмай-ақ бір-біріне деген риясыз көңілі мен сыйластығымен үйретті. Сәл қателік жасасақ анамыз бізге «әкең ұрсады» дейтін. Осы сөз ендігі қателіктің алдын алатын кәдімгі қарумен пара-пар еді. Әке, Ана деген ұғымдардың ұлылығын мен бір сәтке де естен шығарған емеспін. Ішімдік ішіп, балағат сөздер айтатын адамдарды мен өсіп, қаладағы үлкен ортаға түскенде ғана көріппін. Оның қаншалықты жиіркенішті екенін әкем мен анам маған айтып түсіндірген емес, бірақ мен олардың отбасы деп аталатын кішкентай мемлекетте көрсеткен тәлімдері мен тәрбиесі арқылы ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажыратып өстім. 4-5 жасқа келгенімде аға-әпкелерімнің кітаптарына жабысып, әріпті де ерте таныдым. Сондағы әкемнің ең алғаш әперген кітаптары бір ертегі мен Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» әңгімесі болды. Бұл да тәрбиенің ең әдемі әдісі екендігін есейгенде түсініп, іштей сүйсіндім. Бүгінде әкем мен анам ауылда, қара шаңырақта. Барған сайын әкем басылымдардан оқыған, радиодан естіген соңғы жаңалықтарын айтып, қызу талқыға салып отырғанда өзімнен өзім ештеңе  оқуға қолымның тимей жүргендігін  айтуға ұяламын. Көзіне ота жасалса да, көзілдірікпен амалдап, әлі күнгі оқып-тоқып жүрген әкемнен үйренерім тіпті көп. Екі келінін бір шаңыраққа сиғызып, немерелерін кезек арқалап, ыдыс-аяқтың сылдырлаған үнін естіртпей, отырған анамның ақылына тәнті болып қайтамын.  
Иә, уақыт-ай десеңізші! Бүгінде өзім де анамын. Ұл тәрбиелеп отырмын. Әкем сияқты мен де ұлымның алғашқы оқитыны «Таза бұлақ» болса екен деп отырмын.


Бөлісу: