Ауыл дегенде айтар әңгіме таусылсын ба, жарандар... Бәріңнің де айтарларың бар. Менің ауылым Қазақстанның оңтүстінде орналасқан Темірлан елдімекені. «Күйеу» бабымен студенттік шағымды өткізген Алматыдай алып шаһарда қалып қойсам да, ауылымды әлі аңсаймын, әлі сағынамын. Туған жер десе балдай ескен балалық шақ еске түседі. Сол балғын бала кезімізде ойынымызды қимай әбден болдырып кеп, қарнымыз қатты ашқанда қасықпен қоса ішіп қоя жаздайтын анамның кеспе көжесі-ай, ммм, қанша жыл өтсе де дәмі әлі аузымнан кетер емес. Шын айтам...
Ауламызда ағашпен өрнектелген кең тапшан бар. Усті жабық. Сол тапшанды менсінбей, жерге кілем төсеп, соның үстіне төсек салып жататынбыз. Сондағы мақсат біреу-ақ – ол аспанда самсыған жұлдыздарды санап жатып ұйықтау. Әрине, санына жетіп болмаймыз, шатасып қайта санайтының тағы бар, әйтеуір сылқ түскенімізді таңертең бірақ біліп жатамыз. Біз деуімнің де себебі бар – жаз түссе барлық бала біздің уйде, лагерь іспеттес еді. Отряд – отряд боп жүретінбіз өлең айтып... Өз туған-туысың – бір отряд, корші-қолаң – бір отряд, не керек, осындай өңшең ұсақ-түйек балалар бір қора болатынбыз.
Қарны дәу, ала сиырымыз бар еді. Өрістен кейін өмірі уйге келмейтін. Келсе де есіктен кірмей айдалаға қашатын. Сол сиырды кун батқаннан іздеуге кірісеміз, әйтеуір, бір бұрышта күйсеп тұрған жерінен тауып аламыз. Содан оны үйге қарай қуып келеміз де, ала шапқын боп жан-жақтан айғайлап жүріп сыртқы қақпадан кіргіземіз. Сиырдың бас жібі байланды-ау дегенде, біз үшін біткен үлкен іс, «ух» деп борша-борша терімізді сүртіп, мәз боламыз.
Шымкент жақтың ыстығын білмейтін адам кемде-кем шығар... Жаз болса тұп-тура 40 градусты көрсететін ауа райында бөлмелерді қараңғылап қоямыз. Әрі салқын, әрі қараңғы, түс ауа жатып демалғанға ыңғайлы бөлме. Бір күні барлық бала сонда жатырмыз, ұйықтаймыз деп жатқанымыз жай сылтау, көз деген ши тірегендей бақырайып жатыр. Кенет арамызда біреуі бар даусымен бақырып далаға атып шықты, не болғанын білмесек те, оның даусына ілесе бақырып біз де шықтық айғайлап... Қазір есіме түссе күлкіден ішегім түйіледі, сондағы жаңағының қорыққаны – жәй көлеңке. Терезенің алдынан өткен адамның қабырғаға түскен көлеңкесі...
Бірде не іздегенімізді қайдам, жертөлеге тустік. Содан жерде төңкеріліп жатқан дәу табақты жолдан былай алып қояйын деген ниетпен көтеріп қалғаным сол еді, қайдан жиналып қалғанын қайдам, астында 20-30 шақты дәу-дәу қара қоңыз өріп жүр екен. Қорқынышымыз бен бар дауысқа басқан айғайымыз қатар келіп, бәріміз сырқа ұмтылдық. Жертөленің кішкентай ғана есігі бар, аузына келіп кептеліп калсақ бола ма?! Өйтіп-бүйтіп сыртқа шығып, қорқынышымыз басылған соң, бір-бірімізге қарап тарқылдап тұрып күлеміз. Ой, айта берсең қызық коп...
Осының бәрін не үшін тізбектеп отырмын?! Айтпағым - осындай ыстық естеліктері санамда бұрқылдап қайнап жатқан мекенімді қалай мен жаман деп айта алам?! Суын ішіп, нанын жеген ауылым ғой. Талынан гөрі тасы көп болса да сол ауылдың табиғатына жетер жер жоқ. Кішкентай ауылымның кішкентай халқына жетер ел жоқ. Не десеңіз де бұл шындық... Осындай бір-бір шындық ауылда өскен әрбір қарадомалақтың жүрегінде жатқанын мен білемін. Себебі, біз қазақ деген халықпыз!