Мен туған жер...

Сайтымызда ұйымдастырылған "Менің астанам" байқауының екінші бөлімінің жеңімпазы ретінде Бигелді Темірдің "Мен туған жер..." блогы танылды. Авторға шығармашылық табыстар тілейміз. Еліміз өркендей берсін!

Құрметпен Массагет ұжымы

 

Қаратау менің мекенім,

Миуасын теріп жер едім.

Алмасы бар аяқтай,

Жуасы бар таяқтай,

Арқары мен құлжасы

Жылқыдан шыққан саяқтай.

Доланасы жүректей,

Бұғысы мен маралы

Жасқа толған үлектей.

Аса, Талас екі өзен

Ат бауырынан саз алған.

Балдырғанын жегенде,

Баланың көңілі мәз болған.

Жаужұмыры құмандай,

Сексеуілін жаққанда,

Кедейдің көңілі тыңғандай.

Майкөт ақын

Міне, Тәуелсіз Қазақстанның, отанымыздың жүрегі - Астана күні де таяп келеді. Қай ел, қай мемлекет болмасын алғашқы таныстық, мәдени, іскери байланыстар негізінен астанасы арқылы бастау алатыны анық. Бұл ретте, астана – сол елдің бет бейнесі, бас қақпасы, ту тіккен тұғыры болып табылады. Мен, астаналықпын, әрі мұны өзіме зор мақтаныш тұтамын! Сондықтан да, Астана туралы, Тәуелсіз Қазақстанның зор жетістіктері мен жасампаздығы туралы тамсана айтып, талмай жырлауға бармын. Десек те, шараны ұйымдастырушылар: «Астана күніне орай өзіміздің туған өлкеміз туралы айтайық» деген соң, жазбамды бәйге шарттарына сай орайластырғанды жөн көріп отырмын.

Біз, Отан - от басынан басталады дейміз. Өйткені, ОТАН деген - ұлы ұғым, киелі ұғым.

Отан - сенің, ата-анаң,

Отан - досың, бауырың.

Отан - өлкең, астанаң,

Отан - аудан, ауылың.

Отан - тарих, Отан - тіл,

Жасаған елің, ер халқың.

Отан - өлең, Отан - жыр,

Көтерген көкке ел даңқын.

Мен туған жер...

Мен туған жер - ұзына аққан Талас, ежелгі Қаратау өңірі болып табылады. Талас, Қаратау атауларының аты аталғанынан-ақ бұл мекеннің аса тарихи жер екендігін, халқымыздың арғы-бергі заманындағы небір қилы заманды басынан өткергендігін анық аңғаруға болады. Қаратау - таулы алабы Тянь-Шань тау жүйесінің солтүстік батысына орналасқан таулы өлке. Қаратау - Қырғыз Алатауының батысымен ұштасып, солтүстік-батысқа қарай 420 шақырымға созылып Сарысу, Шу өзендерінің атырауларына жетіп бітеді. Осы өлкенің бір қатар бөлігі Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Жуалы аудандарының аумағында жатыр. Қаратаудың Талас аумағына қатысты бөлігінде фосфорит кені, әк, алтын, қорғасын және т.б. минералды заттар өндіріледі. Тау аралық аңғарлар мен шатқалдарында жабайы алма, алмұрт, долана, бетеге, боз, көде, бидайық өссе, қойнауында арқар, елік, борсық, түлкі, қасқыр, тау суыры, саршұнақ тәрізді хайуанаттар мол кездеседі.

Қаратау баурайында

Аңыз: Қаратау пейіштің ішіндегі тау екен. Басынан бұлақ ағып, төсінде неше түрлі ағаш өсіпті, қойны толған асыл қазына, баурайы көкмайса болыпты. Неше түрлі құстар мен аңдар сонда. Адам ата мен Хауа ана оның саясында демалып, тамашалайды екен. Адам ата мен Хауа ана пейіште әзәзілдің сөзіне иланып, Алла тағала тыйым салған жемісті жеп қояды. Сонда, олар өздерінің пейіш киімдерінің түсіп қалғанын, жалаңаш екендігін көріп, қатты қысылады. Ұят қысып, ұятты жерлерін жабу үшін пейіштегі түрлі жеміс ағаштарынан жапырақ сұрайды. Тау Адам ата мен Хауа ананың Алла тағала жеуге тыйым салған жемісті жеп, күнаһар болғадарына қатты қапа болып тұрған екен. Сонда да, Адам атаның тілегін жерге тастамай, төрт жапырақ береді. Адам ата мен Хауа ана жапырақтармен ұятты жерлерін жабады. Алла тағала Таудың Адамға неге жапырақ бергенін сұрайды. Сонда, Тау: "Е, Жаратушым, Адамды өзің жараттың. Періштелер, тау мен тас, жүгірген аң, ұшқан құс - бәрін Адамға сәжде еткіздің. Ұлық та бір күнәсі үшін құлын өлтірмейді. Сенің сүйікті Адамыңның жалаңаш тұруын лайық көрмедім. Сені құрмет тұтқандықтан, Адамға жапқыш бердім", - дейді. Алла тағала Таудың сөзін мақұл көрсе де, өзінің рұқсатынсыз Адамға жапырақ бергені үшін оны айыпты санайды. Тауды бар сай-саласымен, аңғарымен Адам атаның игілігі үшін жерге түсіреді. Алла алдында Адам атаның жасаған күнәсіне ұялып, күйінгеннен Таудың түсі қарайып кетеді. Халық тауды - ҚАРАТАУ деп атапты.  

Қаратау қаласы (бас қақпа)

Менің баба мекенім, аудан орталығы Қаратау қаласынан 25-30 шақырым қашықтықта жатқан - АҚТӨБЕ. Ақтөбе – шағын ғана ауыл, ресми тілде елдімекен. Қыр басына шығып, таяқпен түртіп санасаң жиырма шақты ғана үй. Ауыл аты, іргесіндегі Ақ Төбенің құрметіне қойылған. Бұл жәй төбе емес, VII-XII ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш.  Әлдебір қиян-кескі соғыста қаза тапқан белгісіз батыр, көсемнің құрметіне қолдан үйіп тұрғызылған аса ауқымды, әрі биік оба (кесене). Әжем айтып отырушы еді: «Бұрынырақ, қариялардың айтуынша: Төбесіне қарасаң, тақияң түседі», - деп. Соған қарағанда аса зор, биік болса керек. Қазір, ана бір жылдары (1980 ж.) археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген соң әжептеуір аласарған, пәс. Аумағы, 120х55 м, биіктігі 8 м., төбесінде 6х7, тереңдігі 2 м. болатын шұңқыр бар. Кезінде ел тағдыры үшін аса ауыр, қиян-кескі шайқастар орын алса керек: жаңағы айтқан, «Белгісіз батыр» яғни, Ақ Төбенің айналасы жағалай қорым болып келеді. Үлкендердің айтуынша, оларға қазақ жасақтары жерленген екен. Қанша сарбаздың жатқаны беймәлім, із көмескі тартқан. АҚТӨБЕ – аруақты жер, қасиетті жер, қастерлі жер. Шамалауымша, біздің ауыл шырақшы есебінде отырып, кейін түпкілікті қоныс теуіп қалса керек. Жандары жәннатта болсын!

Ақтөбе мешіті

Ертеректе қазақ ауылдары бір рудың азаматтарынан құралғаны белгілі ғой. Ақтөбе ауылының жергілікті тұрғындары негізінен: Ұлы жүз, Ошақты атасының Тасжүрек руынан тарайды.

Жақсылар салып кеткен ізі қалған,

Дейді екен, Ақтөбені қыдыр шалған.

Дәл осы алақандай жұмақ жерден

Өтіпті, ілгеріде не бір саңлақ.

1723-1725 жылдардағы жоңғар шапқыншылығының ауыр кезеңіндегі қазақ халқының басына төнген қауіп-қатер бұл ауылды да айналып өтпеді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айырылған жаман екен

Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.

Елім-ай, елім-ай – деп келетін, босқан елдің азап-қиыншылығы мен мұң-зарын толғайтын атақты «Елім-ай» әні тап сол күндері туған еді. Ауыл жұрты толық жау қолында қалып, төрт ата Ошақты Ұлы жүздің Қаңлы, Қарақойлы, Жалайыр тайпалары, Орта жүздің Арғын, Тарақты, Найман руларымен бірге «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында Сырдарияның оң жағалауы, Тереңөзек аймағына келіп орнығады. Қанды қырғыннан бет алдына босып кеткен елді түгендеп, орнықтырған ел азаматтары күш біріктіріп қайта атқа қонады. Солардың бірі де бірегейі, жоңғар басқыншылығына қарсы соғыста бас қолбасшы Әбілқайыр хан мен Төле бидің ең таңдаулы әскербасы, батырларының бірі болған – Саңырық батыр (1692 ж.) еді. Саңырық – Ошақтының Тасжүрек атасынан шыққан, осы рудың өкілі, көсемі болатын. Саңырық батыр кіші жүз  Тайлақ батырмен тізе қоса отырып, Ақ кесене, Көк кесене, Бұланты, Аңырақай шайқастарына бірге қатысқан. Оның Ақкесене, Көккесене деп аталатын екі мұнара түбіндегі шайқастағы ерлігі ел аузында аңызға, жыр-дастанға айналған.

Босқан елді құрап ап, қол бастаған Саңырық.

Алладан мәдет сұрап ап, жол бастаған Саңырық.

Қарсы келген жауына, қырғын салған Саңырық.

Анталаған қалмаққа, сүргін салған Саңырық.

Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырық... – жыр осылай төгіле береді.

Саңырық батырдың ерлігіне ризашылық танытқан Төле би оған арнайы кісі жіберіп, дарынды қолбасыларға ғана тиесілі сый – кеудеге тағатын айрықша белгі тартып, батасын берген. Батырға Сандалкөк атты ат мінгізіп, беліне таңдаулы шеберлер соққан Исфаһан қылышын байлайды. 1740 жылдың соңына қарай жаумен болған шайқаста Саңырық батыр ауыр жарақат алып, соның салдарынан көз жұмады. Төле бидің жарлығымен Саңырық батырдың денесі қасиетті Түркістанға жеткізіліп, сонда жерленеді. Ал, Саңырықтың жау түсіріп, ту тіккен, іргелес Үшарал ауылында батыр басына кейінірек арнайы белгі қойылады.

Аңыз: ҮШ АРАЛ - Таластың төменгі ағысы бойындағы елді мекен, жоңғар басқыншыларына алғаш соққы берілген жер. Жоңғарларға қарсы соғыста ел ұландары Талас бойындағы осы үш аралда топтасып, әр аралды қамал-бекініске айналдырып соғысады. Жау жеңіледі. Тірі қалғандары бас сауғалап еліне қайтады. Сонда, ел қорғаған батырлар да үлкен шығынға ұшырап, үш аралда үш батыр аман қалған екен. Бірнеше ай бойы созылған соғыста қажыған, қаны мен терін ағызған үш батыр найзаларына сүйеніп, қалғып кетіпті. Батырлар сол ұйқыдан әлі оянбаған екен.

Соғыс саябыр тауып, ел іші мамыражай қалыпқа түскенде азат жерлерді қайта игеру мақсатында көштің алды елге бет түзейді. Шеттерінен өнерлі, өр болып өскен ата-апаларымыз әміршіл-әкімшіл жүйеге мойын ұсына бермесе керек. Ақмешіттің генерал-губернаторы Перовскиймен сыйыса алмаған сондай көштің бірін - Темір би бастаса, екіншісінің бас иесі - Есмырза би болған екен.  Есмырза бидің көшін сол кезде ақындығымен ерте танылып, ел аузында жүрген, тал бойына әр түрлі өнер дарыған аяулы Ұлбике ару бастап, қондырған деседі. Ұлбикені әжем жарықтық көп еске алып отырушы еді, қазір ол күндер де тәтті естелікке, сағынышқа айналды.

"...Әудем жермен әуелi үнiмдi аштым,

Он екiмде өлеңмен тiлiмдi аштым.

Он үшiмде өзiмдей бозбаламен,

Жұмбақ айтып өлеңмен жағаластым.

Қызымын Жанкелдінің Ұлбике атым,

Қаракөк тұқымынан арғы затым.

Өлеңнің таңдайымда ұясы бар

Шетінен ата-бабам болған ақын" - деп шырқаған Жанкелдіқызы Ұлбике - қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы болған. Бар-жоғы 24 жыл ғұмырында артына өшпес із қалдырған ол, осы уақыт аралығында - Күдері қожа, Майлы қожа, Мәделі қожа, Таспа қожа, Серәлі қожа, Жанкент ақын сияқты, сол кездің сөз ұстағандарының талайымен айтысып, ақындық тегеуріні, тапқырлық-шалымына жан баласын шыдатпаса керек. Бұл жөнінде сөз асылын терген әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев былай дейді: Бұрынғылар домбыра ұстап, айтатұғын «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «Қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі – мақал, тақпақ… Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі (Еркөшек қожада ақын екен, жырлап сөйлейді екен): «Бала, Ұлбикемен айтысамын десең Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың» — деген екен. Көпеевтің бұл дерегінен Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екені аңғарылып қана қоймай, сонымен бірге қазақтың сөз өнерінде ақындық айтыстың негізін салушы, орнықтырушы ақын ретінде дараланады. Ұлбике, оның шығармашылығы туралы зерттеп жазушылар өте көп болған. Ол туралы алғашқы дерек шығыстанушы ғалым В.В.Радловтың ел аузынан жинаған  – "Түркi тайпалары халық әдебиетiнiң үлгiлерi" атты 1870 жылғы кiтабында кездеседі.

Ұлбике 1849 жылы қазіргі Жамбыл облысындағы Талас жерiнде өлеңдi, өнердi түсiнбеген отағасы Бойтанның қолынан қаза болады. Шарықтап қанат қағатын кезiнде толып, толысқан шағында өнерiмен бiрге өмiрден ерте кеттi.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/QHy1tkVX3sI","width":"425","height":"350"});

"Ұлбике" қойылымы

Ұлбике ақынның айтыстары қазақ айтыс өнерiндегi ең бiр жауһар, әсем айтыс үлгiсi екенiн ұмытпауға тиiспiз. Қазіргі уақытта, Ұлбикенің аты Талас аудандық мәдениет орталығына беріліп, қасбетіне тұлғалық бейнесі ескерткіш болып орныққан. Сондай-ақ, елордамыз Астана қаласындағы көшенің бірі халқымыздың аяулы перзенті, ақын қызы – Ұлбике Жанкелдіқызының атымен аталады.

Ұлбике атындағы Талас аудандық мәдениет орталығы

Ілгері-кейінді өткен жақсылардың ішінде аты алашқа мәшһүр, қадірлі жан - Сапақ ата туралы айтпай, толғамай және отыра алмасам керек.  Қазақтың айтулы шешен биі, әрі батыры - Сапақ Байшуақұлын ел датқа деп те атап кеткен. Датқа - халық тілегін әділдікпен шешетін ел басшысы деген парсы сөзі.  Ел арасындағы естелік әңгімелерге қарағанда Сапақ би өз атырабына беделі асқан абыройлы, атақты, ақылгөй би болғанға ұқсайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапхана қорында сакталған бір естелікте Әулиеата, Ташкент, Бұхар шаһарларын билеуші хандар, бектер, билерге ол тікелей қамқор да, батыл, ақылды да алғыр би болыпты. Бай, мырзалар айтады екен: "Біз хан ордасына жақындағанда, ат-көлігімізді тастап жаяу барсақ, Сапак би атымен барады. Біз ханға сый-сияпат беріп қайтсақ, Сапақ ханнан алып қайтады" дер екен.

https://oldkazakh-tv.softdeco.net/kaz/makalmaiek/archive/Sapak_sheshen_Bajshuakuli_1342450100.html

Сапақ шешен бір жолы Бұхар шаһарына барыпты. Шайханаға кіріп шай ішіп отырса, оны танитын қазақ, өзбектер тұс-тұсынан әртүрлі әңгімеге салыпты.

- Төле би кімнің биі болған?

- Өзіміздің би! - депті бір қазақ.

- Жоқ, біздің би! - депті бір өзбек.

Сонда Сапақ шешен: - Бір биді бөле-жарасыңдар. Аруағыңнан айналайын Төкең ол кезде бәріңе де жеткен жоқ па еді?

- Төле би де өзіміз.

Қисық болса ісіңіз -

Төбе би де өзіміз.

Құрулы тұрған тезіңіз -

Төте би де өзіміз - деп, сөз соңын осылай түйіндепті.

Датқалардың елі мен жеріне сіңірген еңбегін бөле-жара зерттеп, тарихтан бөле-жара орын беруге болмас. Қазақ тарихы үшін Сапақ датқа, Шоқай датқа, Байзақ датқа, Батырбек датқа және басқа да датқалар шоқжұлдыздың шоғырындай дара. Оны генерал - М. Черняев жау да болса кезінде мойындаған екен.

Үшінші айтар тұлғам, бұл - ел тұтқасы, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, қазақ руханиятының көрнекті өкілі - Мырзатай Жолдасбекұлы Жолдасбеков.

Ақ орданың ашылуы

Темір бидің белінен тарайтын бұл кісінің бір ерекшелігі - қазақтың бүгінгі, кешегі жоқтаушысы ғана емес, байырғы ата-баба, көне түркі заманынан бергі жоқтаушысы екендігінде. Бұған, оның туып-өскен ортасы, ішкен су, жұтқан ауа, аунаған топырағы айрықша ықпал етті деп білемін.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Q7bPNUrhjRc","width":"425","height":"350"});

Ел ағасы

Расында, біздің ауылдар әрі егін егіп, бау-бақша өсірген, әрі мал, жер-су қамымен жыл-он екі ай от жаңартып, көшіп-қонып жүрген ерекше ауыл іспетті. Тұтас ауыл болып көшу үрдісі қазан төңкерісіне дейінгі қазақы ауылдардың көпшілігіне тән болса, біздің ауылда (Ақтөбеде) тіпті тоқсаныншы жылдардың басына шейін жалғасты. Қазіргі, «Жолдасбек әуітінің» жоғарғы жағында ЖАЙЛАУЖҰРТ деген жер болатын, көбіне сол жерге қаздай тізіліп, дөңгелене қонатын. Мен көріп, куә болған бұл сән-салтанатты көрініс шет елдегі қандастарды білмедім, ал Қазақстан Республикасы аумағында бәлкім, соңғы көш үлгісі болып қалуы әбден мүмкін. Мұны, әсте малшы, сауыншылардың маусымдық көші, той томалақ, астарда тігілер аз күндік қазақы үй, ауылдармен мүлде шатастыруға болмайды.  Қазір, ол үрдіс үзіліп, тоқтап қалды. Заман да, адам да өзгерді.

Далада өскен күнге қарап өседі. Көз жетер жердегі: «Қыс көпір», «Ақ кесене», «Көк кесене», «Лақ – кемпір», «Тектұрмас», «Келіншектау» жайындағы аңыз-әңгімелерді жастайымыздан жадымызға сіңіріп өстік. Мен осы жерде, қазақтың бас тарихы, бастау бұлағынан орын алар аса киелі жерлер болып табылатын – БӨРІҚАЗҒАН, ТӘҢІРҚАЗҒАН мекендері туралы айта кетсем деп отырмын. Дәл осы жерлер, берісі қазақ, арысы түрік, сақ, ғұнды былай қойғанда – барша адамзаттың жаратылып, алғаш қауым болып тіршілік ете бастаған мекені есебінде ғылымға мәшһүр. Жол түсіп бара қалсаңыз Сіз мұнан тасқа қашалып салынған әр түрлі бедер өрнектерді, ру, ел таңбаларын, тас, қашау құралдары мен ыдыс-аяқ, жаугершілікте пайдалаған қару-жарақ сынықтарын жиі кездестірер едіңіз. Әрі мұның өзі әлденеше шақырымға созылып кеткенін байқар едіңіз. Дәл қазір есіме түсіп отырғаны ашық аспан астында орналасқан «ТОҒЫЗ ҚҰМАЛАҚ» тас тақтасы. Ғалымдар шамамен XVII ғасырға жатқызып жүрген 22х70х165 см. көлеміндегі тастан ойып жасалған «Тоғыз құмалақ» плитасы Тәңірберген даласында орын тепкен. ТӘҢІРБЕРГЕН ДАЛАСЫ қазіргі Жамбыл, Талас аудандарының аумағына жататын, жәй қарағанда ұшы-қиырына көз жете бермейтін сайын дала.

Тәңірберген дала

Аңыз: Адам ата пейіштен қуылып, бұ дүниеге шығып қалғанда Тәңірі Қаратаудың теріскей бауырынан жазық дала жасапты. Адам ата пейіштен сол далаға келіп түсіпті. Бұл дала кейін - ТӘҢІРБЕРГЕН ДАЛА деп аталып кетіпті. Талас пен Аса ортасындағы бұл дала қазір де осылай аталады.

Көзі қарақты оқырман өзі де аңғарып отырған болар, біз жақтың жер-су атаулары бірыңғай ТӘҢІР, БӨРІ аттарына тікелей қатысты, байланысты болып отырғанын. Бұл, алдағы уақытта зейін қойып зерттеуді қажет ететін дүние болып тұр. Мен, осы жерде БӨРІҚАЗҒАН, ТӘҢІРҚАЗҒАН атауларына қатысты тағы бір аңызды айта кеткенді жөн көріп отырмын.

Аңыз: Ерте заманда Талас өңірінде бірнеше жыл құрғақшылық болады. Жазда жаңбыр, қыста қар жаумай, ел бір жұтым суға зар болады. Су іздеген жұрт ары-бері ағылып, қайда барарын, қалай жүрерін білмей қатты қиналады. Сонда, бір бөрі елдің алдына шығып, жүріп отырады. Ел, бөрінің баратын жерінде бір су көзі бар болар деген үмітпен ереді. Бөрі - шөліркеген елді бастап келіп, даланың төсін қазады. Бөрінің қазған жерінен су шығады. Жұрт су ішіп, жан шақырып, аман қалады. Бұл жер содан бері БӨРІҚАЗҒАН деп аталады. Күндердің күнінде бөріқазғанның суы тартылады. Ел, құдайға жалбарынып, су сұрайды. Елдің жылап-еңіреген үні құлағына жеткен Алла тағаланың мейірімі түседі. Періштелерге елге су беру туралы пәрмен келеді. Ел, далада тағы бір жердің қазылып, мөлдіреп суға толып тұрғанын көреді. Су - тәтті болып шығады. Ел, тілектерін Алланың қабыл еткенін біледі. Бұл, жер: ТӘҢІРҚАЗҒАН деп аталып кетеді. Тәңірқазғанның суы бүгінге дейін сарқылған жоқ.     

Ертеректе ауылымызда, тоқсанның төртеуінен асып қайтқан Бұрхан ата деген ата болатын. Қой баға жүріп кезіккенде сол кісі сұрайтын: «Балам, осы, жоңғар, қалмақ дегендер қайда кетті? Бар ма, әлде,..» – деп. Мен, тым жас, әрі білімім таяз болғандықтан мандырымды жауап та бере алмайтынмын. Сөйте тұра, «Ата, оны неге сұрадыңыз?» - десем, «Балам, мына қазылған арық, мына тартылған жүлгелер солардан қалған белгі. Олар, жауынгер, әрі өте еңбекқор болатын. Осында отырықшы болып, егін еккен» деп отырушы еді. Бұған дәлел ретінде, жоғарыда аты аталған «АҚ КЕСЕНЕ» әскери бекінісін атауға болады.

Ақ кесене бекінісі (қалпына келтіру жұмыстарынан кейін)

АҚ КЕСЕНЕ – «Қалмақ арық» деген кеуіп кеткен ескі арнаның жағасына орналасқан, бекінісі: X-XII ғасырларға, мұнарасы: XVII ғасырларға жатқызылатын қамал-қала, археологиялық сәулет ескерткіші. Қамал-қала ошақтың үш бұтындай үшбұрыш қорғанмен қоршалған екен. Әр бұрышта бір-бір соғыс мұнарасы болыпты. Сонда, әр бұрыш соғыс мұнарасындағы мергендер қаланың екі қабырғасын бірдей қорғайды екен. Сыртқы түріне қарай жұрт бұл қаланы тұмар қала деп атапты. Көп жыл бойы болған соғыста қала бірде жау қолына өтіп, бірде жергілікті халықтың қолына көшіп, ақырында құлаған екен. Құлаған қаланың іргесіндегі қарауыл мұнарасы - АҚ КЕСЕНЕ бүгінгі күнге дейін жеткен, өткен күннің белгісі.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/Asr7-CYB0Vw#t","width":"425","height":"350"});

Ақ кесене бекінісі (бейнебаян)

Аңыз: Бірде Қарахан Таласта (Таразда) Бетпақтан (Бетпақ даладан) өтіп келген керуенбасыны қабылдапты. Ханға деген сый-сияпаттан берген кеурен басы: «Дат тақсыр» - депті, сонда хан тұрып: «Датың болса айт» - деген екен. Ханның аяғына жығылған керуен басы: «О, құдіреті күшті хан, мен жүрмеген жол, аспаған асу аз болар, бірақ Таластан терістіктегі құмнан (Мойынкұмнан) қатерлі де қауіпті жер көргенім жоқ. Үш күндік жолдың азабы үш айға бергісіз болды. Сол жолдың торабына, қараңғы түнде жол көрсететін Темірқазық жұлдызы сияқты белгі қойдырсаңыз, Сізге Алланын, нұры жауар еді» - депті. Сөйтіп, көреген хан тараздық шеберлерге Ақкесене және Көккесене мұналарын салдырыпты.  

 Иә, бұл өлкеде сан ғасырлар ғұндар, сақтар, түрктер ат сабылтқан. Сол жойқын жорықтар артына аңыздар қалдырған. Қазір, шежіре тарқатып, естелік айтар қария да, тарихтан сыр тартып, жадыдағыны жаңғыртар тарихшы да қалмаған тәрізді. Анығы сол, мен бұл мақала, бұл блогымда бір ғана ауыл, бір ғана ауданға тиесілі өлкедегі айтсам деген жәйттердің ширегін де қамти алмадым.  Әйтпесе, ән жолдары:

«Жалынсың-ау, ғашықтық алаулаған,

Жас жүрегім кеудемде жалаулаған.

Бар әлемді махаббат бесігіне -

Бөлер ем мен, берілсе қалау маған», - деп келетін махаббат символы, Айшадан бастап, Қарахан, Тектұрмас мавзолейлері, Тараз моншасы мен жер асты жолдары, әйгілі Ақыртас, Меркі, Шу өзендері мен Қордай асуы туралы, Қозыбасыда ту тігіп, Қазақ хандығын, Қазақ мемлекетін жариялаған Әз Жәнібек пен Керей хандардың тұлғасы, Төле би мен Бөлтірік шешен, Жамбыл мен Кенен, Тұрар мен Бауыржан, Еңбек ерлері - Жазылбек пен Димаш Ахметұлы туралы, қарапайым еңбек азаматтары мен олардың ерен еңбектері, ауызекі айтқыштығы мен аңғал әрекеттері, Бетпақтың даласы, Мойынқұмның шөлі жөнінде айтсам дегендерім жүдә көп еді...  

Жазбамды, Бөлтірік шешен, Көшек батырлардың тікелей ұрпағы, елу жыл ел басқарған ел ағасы, халқымыздың маңдайына біткен аяулы перзенті – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мына ойларымен тәмамдағанды жөн көріп отырмын: - Ауыл дегеннен шығады, бұл қаншалықты ақиқат, ол жағы бiр Аллаға аян. Бөлтiрiк шешен мойнынан бойтұмарын бiр шешпей кеткен кiсi деседi. Сексеннен асып барып дүние салған шешен көз жұмар алдында: «Өзектi жанға бiр өлiм. Олай-бұлай бола кетсем, мына бойтұмарды жаназамды шығарарда жұрт алдында оқысын», - дептi. Ол:

– Бiр үйдiң баласы болма,

Көп үйдiң санасы бол.

Бiр елдiң атасы болма,

Бар елдiң данасы бол.

Бiр тонның жағасы болма,

Көп қолдың ағасы бол.

Ақты ақ деп бағала,

Қараны қара деп бағала.

Өзегiң талса, өзен бойын жағала,

Басыңа iс түссе, көпшiлiктi сағала.

Өзiңе өзiң кәмiл бол,

Жауыңа қатал бол,

Досыңа адал бол!

– деген ұлы Төле би бабамыздың өсиетi екен. Әкесi Әлмен бiр балаға зар боп жүрiп, Төле биден ырым ғып жаздырып алған бойтұмар екен. Осы өсиеттi иiсi қазақ баласы тұмардай кие тұтып, ғибрат етсе, бабалар аруағы дән риза болар едi-ау. Шiркiн-ай десейшi! Iс қуған жастар ой қуып, сөзге тоқтаған бабаларымыздың қадiрiне жетсе, халықтың қасиетi биiктей берер ме едi, қайтер едi... Сөз киесiн түсiнiп, киелi сөз иесiмен табыса бергенге не жетсiн!

Үлкен жолдар - алғашқы қадамнан басталады. Қазақта, «Табалдырықтан үлкен тау жоқ», «Табалдырықты баспа», «Табалдырықты оң аяғыңмен атта!» деген есті сөздер бар. Бұл сөздердің мәні де, берер тәлімі де тым тереңде. АСТАНАға келсеңіз – «Мәңгілік ел» бас қақпасына, «Отан-Ана, Жер-Ана» мемориалдық кешеніне тәу етуді, АУЫЛға келсеңіз ата-баба рухына тәу етіп, ел азаматтарын қадірлей, ұлықтай білуді жадыдан шығармағайсыз.

Көгінде күн нұрын төккен,

Жерінде гүл жұпар сепкен.

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем!

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/BkQtYmAOA1A","width":"425","height":"350"});

Өзіміздің Мейрамбек

Бұл, жазбада пайдаланылған материалдар М.Жолдасбековтың жеке кітапханасынан, автордың жеке мұрағатынан, мерзімді БАҚ, отандық интернет көздерінен алынғандығын ескертеміз.



Бөлісу: