Мен кетсем ауыл мұңайып қалады...

Ауыл туралы ой қозғала қалса, алғаш болып еске оралары сөзсіз – балалық. Күні кеше ғана болған сәттей көз алдыңнан балалықтың әр бір қызықты сәті фильм кадрлеріндей тізбектеле бастайды. Көрші әжейдің қалтасынан қысымдап алып балаларға тарқататын тәттілері, сол үйдің балаларды алдап шаруасын істетіп алатын қу шалы, жақсы дүниеңді қызықтауға сұраса, бермесең күрзі жұдырығымен басыңнан салып қалатын сол қара тентек... Бәрі бәрі бүгін жаныңдай тұрғандай болады. Бірақ ең өкініштісі бұл естеліктердің өткен шақтың еншісінде қалғандығы.

Бүгінде қаладағы қарбалас тірліктен бір босамай ауыл түгі үйді ұмытқан заманда сол әкейдің қара шаңырағы, кіндік қан тамған ауыл туралы бір сәт еске алуға уақыттың табылғаны болса, бүгіннің ең қадірлі уақыты саналар бәлкім...

Есейдік, ержеттік. Бізде әке атандық, шөл даланың құмына аунап өскен қара бала болсақта сол ауылдың таза ауасында балаларды дем алдыруға расы бір жылда бір рет алып баруға уақытты әзер табатынымызда рас... Бұл ауылға қиянат болар бәлкім, бірақ қолдан келер шара жоқ...

Жә, жетер. Ең болмаса осы берілген мүмкіндікті пайдаланып ауылым туралы оқырмандарға мәліметтерден тарту жасайын. Бәлкім, сол арқылы азда болса ауылым алдындағы қарызымның бір бөлігінен құтылармын...

Ауылым туралы сөз бастамас бұрын тарихына азғана тоқтала кетсем. Жақында ғана ауыл тарихындағы «ерекше» жаңалықтың ашылуына өзім себепкер болдым.

Тау бөктерінде ескі оба болатын, ескерусіз қалған, ешкім аяқ басып бармайды. Сол жерде араб әріптерінде сөздер ойылып жазылған тастар болушы еді. Арабша сауаты жоқ ауыл үшін ол жәй ғана бір тас болатын. Ауылға соңғы рет барған сапарымда сол тастарды суретке түсіріп, оба картасын жасап әкелдім, төтеше жазумен араб тілінен арнайы білімі бар мамандарға "сырын ашу" үшін арнайы апарып тапсырдым. Уақытым зая кетпепті, алғашқы болып келген хабар былай басталыпты: «1337 жыл. Жапарбайұлы Мүжмағұл уәфәт етті»!!! Барша мамандардың қорытындысынан соң ауылдың алғашқы тұрғындары XIII ғасырда өмір сүрген Орманшы тайпасы болғаны анықталды, кешеге дейін ауыл Кеңес Одағы тұсында халық қоныстанған деген пікір қисынсыз екені белгілі болды. Солай етіп біраз ғасыр бұрынақ халық қоныстанған топырақта ержеткенімізді кеш болса да білдік, бұған да шүкір...

Ауылдағы әкейдің қара шаңырағы...

Бұл ауылдағы біздің үй, біраз ескірген...

Міне қызық... Оқырмандарға ауылдың атауын айтпаппын ғой. Ауыл «Кергетау» деп аталады. Тау бөктерінде орналасқандықтан солай аталған...

Қайран балалық десеңізші, тауға күніне «мың» баратынбыз...

Жаз келсе өндірістен мыңдаған шақырым алыста жатқан ауылдың таза ауасын сағынасың, әлі ауасы ластанып үлгермеген жер болса, олда біздің ауыл шығар бәлкім... Таңертең әтеш айғайымен ұйқыдан тұрып, қозы лақты көршінің ұл қыздарымен далаға айдап салып, қайта келіп шешейдің бір кесе айранын сіміре салып далаға ойынға қарай «шапқанға» не жетсін шіркін!

         Қайсы қыйылыста қағып кетер екен, деп көліктен сақтанып жүрген бүгіннен, көлік келе қалса аң таң болып тамашалайтын сол дәуір артықтау екен ғой... Шіркін ауыл!!!

Ауыл демекші, тек біздің ауылға ғана тән сөздік қорындағы біршама сөздермен таныстыра кетейін: «діңгек» (кеурек) -  шөл бананы аталып кеткен, жемісі бір метрге жақын келетін өсімдік түрі, «әтешкүрек» - жанып тұрған оттан шоқты қысып алуға арналған жеңгейдің құралы, «гәрәни» -  жемісі домалақ пішінді келетін, негізі жер астынан қазып алынатын өсімдік атауы, «шөңгөлек» - балалар арабасының немесе велесипедтің ескі доңғалағын арнайы иілген сым арқылы айналдырып айдайтын балалар ойыншығы... Тізе берсең біздің ауылдың сөздік қорынан кішігірім бір ұлтқа арнайы тіл жасап беруге болады ғой)))

Орта Азияның ірі шөлдерінің бірі Қызықұмда орналасқан ауылдың табиғаты да ерекше. Мидай шөлде орналасқан тау расындада керемет көрініс. Бұл құмнан балалық кезде не теріп жемедік десеңізші, жеуге жарамсыз өсімдік жемістерінде жеп ауыратынымызда жиі болатын... Шіркін балалық...

Ауылды аңсап, сағынышпен алып ұшып барғанда қарсы алдыңнан балалық күтіп алады. Қаланың қу тіршілігін ұмытып ауыл өмірімен жіті араласып, күнге қақталып, кішкене толысқан уақытта, және ... кету керек болады. Мен кетсем ауыл мұңайып қалады...

 

Керегетауым...

Тамаша кездер, балалық өткен дәуірім,

Аңсаймын сені қияда қалған ауылым.

Түлегің едім төсіңде сенің түлеген,

Іздейді жүрек, сағына бүгін ауылын.

 

Теңеуге сені әлемнен теңеу таппаспын,

Атыңды сенің шығармай тағы жатпаспын.

Суыңның соңғы тамшысын ішу бұйырса,

Кездесседағы зәмзәмнің суын татпаспын.

 

Туған жерім топырағыңа табындым,

Адастымба, бұл күндері сабылдым.

Алыстап барып ұқтымба қадір бағасын,

Ауылым сені, ауылым сені сағындым.

 

Сағыныштардан сарғайып бүгін барамын,

Жыр болып сезім жүрегімнен жарар үн.

Киіз үйімнің қонақтап ұшар басына,

Бұйырармекен шаңырағыңнан қарар күн.

 

Балалық бүгін бойымнан менің қашықтар,

Мен үшін сарай ауылда қалған лашықтар.

Жиналмай қалған естеліктерім жастықтан,

Ауламда менің шашылып жатқан асықтар.

 

Естелік азау жастықтан қалған бүгінде,

 Ақсүйек ойнап ауылдың түнек түнінде.

Жүгіретұғын қара домалақ тентегің,

Атыңды сенің шығарар күннің күнінде.

 

Жабырқағанда еске алам өткен күндерді,

Жалғыздықпенен өткеріп жүрмін түндерді.

Алмасар едім мың күніңе бір түнді,

Бұйырып жатса төсіңнен теру гүлдерді.

 

Қымбат қой маған дүлейде болса дауылың,

Бағасы асқақ, көктемгі жұпар жауынның.

Қорқыттай болып далаңды еркін кезермем,

Қобыздың үні далаңды кезген ауылым.

 

Ауылды аңсадым, сағындым балалық шағым,

Бүгінде жүрмін жырларым толы қайғы мұң.

Талпынған саған жүрекке толып сағыныш,

Құрбаны болып кетпесем болды,

Жырыма арқау қайғының...

 

Сыймастан бойға, шабытым бойдан тасыдың,

Жырыммен бірге жиналған міне жасығың.

Бала күнімде ұстасып қолды гүл терген,

Ұзатылыпта кеткенде шығар ғашығым.

 

Керегетауым...

Ауылым менің, ақындар туған төріңде,

Ақындарыңның жырлары кезген көгіңде.

Атыңа сенің жыр жазбау маған қиянат,

Тауыңнан ойып қолтаңбам қалсын меніңде.



Бөлісу: