Байлаулы кіндігім саған...

Жайлау

Жайлауда өстім 
Жамылып бөзін ақ таңның, 
Үлкен өмірге жайлауды кезіп аттандым. 
Бойға сіңіріп жусанның иісін жұпар, 
Бесіктен тұрып, тай мініп, қозы баққанмын. 

Жайлауды жырлау мен үшін – балалық міндет, 
Ақын атым жүрсе егер саналып құрмет. 
Сенде тумасам мен қазір кім болар екем, 
Айта алам ба екен мақтанып «далалықпын» деп! 

Арманшыл еттің, қиялым биікте асатын, 
Малың мыңғырып, кеудеңде киік қашатын. 
Бетегелі беліңнен сағыз теретін 
Әрбір төбең Алатаумен иықтасатын. 

Ойламаппын ғой сол уақыт өтеді екен деп, 
Бал күнім таймен қашқандай кетеді екен деп. 
Қам жеймін, мен де баламды тайға мінгізіп 
Тәрбиелеуге жағдайым жете ме екен деп? 

Сағынарымды сарғайып бала күнімді, 
Аңсайтынымды өзіңдей дара тұғырды, 
Жасырынбақ ойнап жүргенде ойламаппыз ау, 
Жасырынып мәңгілік қалатыныңды!

Ауылда қалшы

Келсе де тәтті ұйқыңнан қанша оянғың, 
Іздесең де тұрағын жан саяңның, 
Жүрегіңнің жұмағын тапқың келсе, 
Ауылда қалшы, аяулым. 

Болашақтың батпанын арқаладың, 
Бақытты бол! 
Оң болсын! 
Ал, талабың!.. 
Қиындықпен күресер қайсар болсаң, 
Ауылда қал, қарағым. 

Қыз баласы қарсы алған таңды өрістен, 
Арманы Ай бетіне өң беріскен. 
Қиялыңа қалмасын қаяу түсіп, 
Ауылда қал, Періштем. 

Көңілін көктем етіп жанды ауылдас, 
Сезімнің құжатына бармағың бас. 
Иран-бақтың гүлзары өзің болып, 
Ауылда қал, қарындас. 

Қалаға кеткеніңмен талғам қылып, 
Қарсы ала ма Арманың алдан күліп? 
Тасқа айналып кетерсің тас қалада 
Ауылда бол мәңгілік. 

Жырымды жүрегіңе жаршы қылдым, 
Қалмау үшін артыңда тамшы бір мұң. 
Табиғи сұлулығың жоғалмасын, 
Ауылда қалшы, құрбым. 

Осылай шеш жауабын Ар сұрағын, 
Маздатып Шаңырақтың шамшырағын, 
Таңертең қарсы алайық таңды бірге, 
Ауылда қалшы, жаным! 
Ауылда қалшы, жаным! 

Ауылда қалам мен

Уақыт тауып қалам алуға, 
Шабыттанып жана аламын ба? 
Қаланы армандап, 
Барайық деме, 
Бәрібір, қалқам, 
Қалам ауылда! 

Жаныма келсең терең ынтығып, 
Бағыңа әсем сен келерін күліп. 
Тірлігі кермек қалаға барсақ 
Лайланып кетер өлеңім тұнық. 

Тірлігім үшін тер төгемін бе, 
Күндігім үшін өртенемін бе? 
Құлқым жоқ менің сен армандаған, 
Шулы шәрдегі «ертегі өмірге?» 

Арман-ойыңды енді ұқтым, жаным, 
Алған ойымды Сендік бұзамын. 
Ауылда қалам, 
Түсінсең екен 
Ауылда екенін мендік Музаның 

Қалаға қадап қабағыңды әсем, 
Жүрек көзімен қарадың ба сен? 
Өлең-өлкемде орының дайын, 
Қасымда ауылда қаламын десең. 

Әр таң бақыттың қарамағында, 
Шалқар шабыттың жағалауында, 
Жусан даламның жұпарын жұтып, 
Бәрібір, қалқам, қалам ауылда! 

Қалаға апарып қамама мұңға...

 

Байлаулы кіндігім саған

Бабамның салтанат құрды 
Жайлаулы бірлігі аңсаған. 
Балаңмын, арқалап нұрды 
Байлаулы кіндігім саған. 

Атардай әр таңың сенің 
Күн нұры көміп көшеңді. 
Шаһардай артамын сенім 
Бірлігі болып кешенді. 

Жәдігер қалған Жәкемнен 
Жұмақтай жерімде менің 
Әріден арманды әкелгем, 
Жылатпай жеңілмегенмін. 

Жаманның сезінбесем де 
Ұсақтап тобық тепкенін. 
Орандым сезімге сенде, 
Құшақтап мамық көк белің. 

Жасымнан ойнақтағаны 
Ақ шаңын кешіп аянбай, 
Басымнан жайлап барады 
Ақшамым көшіп аяңдай. 

Хәл қамы шақырады да, 
Күйкілі айдауыл уақыт. 
Торқалы топырағыңа 
Бір күні айналу – бақыт!

 



Бөлісу: