Әр ауыл - менің Астанам...

Әр ауыл - менің Астанам...
жеке
блог

   Менің туған жерім, мен үшін несібе мен ырыстың астанасы – Ақтөбе облысының шығысында орналасқан Ырғыз ауданы. Бұл өлке талай тарихи оқиғалардың куәсі, мұнда Әбілқайыр хан әскерінің іздері жатыр (Кіші жүздің үш батыры мен 27 ру басы, старшындары Әбілқайырдың бастауымен 1731 жылы 10 қазанда Ырғыздың Маңтөбесінің баурайында Ырғыз өзенінің жағасындағы жазықта тігілген хан ордасында патша үкіметіне ант берді. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты тамаша тарихи романдарын жазарда Ырғыз жерін көп аралаған), мұнда ұлы Абайдың үшінші атасы Ырғызбай мекен етті, мұнда ұлт-азаттық көтерілістің көрнекті басшыларының бірі Амангелді Иманов ат құлағында ойнады, мұнда алғаш рет бастауыш қазақ мектебін ашып, Ыбырай Алтынсарин мәңгі өлмес қазына – білімнің сәулесін шашты...

      Мен 7 жасқа келгенде ол жерден көшіп кетсек те, ондағы балалық бал дәурен тұнық қалпында көз алдымда. Алғаш рет ауылдағы "Ақ қайың» балабақшасының есігін аштым, білікті тәрбиешілердің арқасында ән, биге тез бейімделіп, «Арай» мәдениет сарайының сахнасына шықтым. Өзенге шомылам деп, барар жолдағы тікенекке талай табанымызды талатып, күніне күйдім, мөлдір суында асыр салдым, балығын жедім, отын етеміз деп жыңғылын жинап, адыраспанын теріп, түйнектерін моншақ еттім, қозы-лағын бағып, талай адастым...

      Таңертең ертелетіп қойды үлкен отарға қосу қиындық тудырмаса да, кешке өрістен қайтқан малдың ішінен өзіңдікін айырып алып, түгел болмай шықса ауылды жүгіріп аралап, өз қойыңды іздеп әлекке түсу бәрінің басынан өткен шығар). Жұлдыздары төніп тұрған ашық аспан астында жатып неше түрлі қорқынышты әңгімелерді айтып, тыңдап алып, түзге шығуға қорқатынымыз да есімізден кетпес.

про

          Ас-суды дұрыстап ішуге шама болмай, ойынға асығып, қатқан сары шекер мен нан алып шығатынымыз, үйге кірсек қайта шығармай қоятындай, күннің көзіне жылып кеткен суды сіміре салып жүре беретініміз, қораның төбесінен, үйілген топырақтан секіріп ойнайтынымыз, ойыншыққа таласып, әліміз келмейтіндерге де қол жұмсап, намысқа тырысып, сыр бермейтініміз, тез татуласып, қайта ойнайтынымыз, кешке әбден сілікпеміз шығып оралатынымыз, бір таяқ жеп алып, оны тез ұмыта қоятынымыз... есіңізде шығар?

     Бізбен іргелес Жарасхан атай мен Ақжібек дейтін әжей тұратын, балалары, немерелері көп үлкен әулет еді. Қорасы малға, қамбасы астыққа толы, береке орнаған отбасы еді. 40-қа жуық тауығы болғаны есімде, олар біздің қораға кіріп кетіп, жұмыртқа тастап жүре беретін. Атай мен әжей өте мейірімді, қолдары ашық кісілер болатын, үй айналасында ойнап жүрген балаларды шақырып алып, ас-су беретін. Олар менің жадымда нағыз ауыл ата-әжесінің бейнесі болып мәңгілікке қала бермек. Олардың немересі Болатхан менімен шамалас, қысы-жазы жалаңаяқ, жарытып киім кимейтін. Қардың үстімен жалаңаяқ жүгіріп шығып, су тасып жүре береді. Сол баланың ауырғанын ес білгелі көрген емеспін, жазда күнге қақталып, қыста қарға шынығып өскен ондай ауыл балаларынан қарулы, қажырлы азаматтар шығатыны бесенеден белгілі. Қазіргі асфальтта өскен балалар үп еткен желге ауырады емес пе.

торл

           Қазір жылы аймақта тұрғасын ол өлкенің қысын қатты сағынам. -40 С қыстағы қалыпты температура болатын. Қар қалың жауатыны соншалықты, алыстан үйлердің шатырлары ғана қылтиып көрініп тұратын еді. Таңертең сыртқы есік ашылмай, әуре етеді. Оны күрек, қайламен біртіндеп аршып отырып, жалғыз аяқ жол жасап қана сыртқа шыға аласыз. Қыстың қатайғаны білінісімен соғым сою науқаны басталады. Үй-үйді аралап, «шекеге» бару сәнде болатын. Соғым сойған үй міндетті түрде жақын-жуықтарын шақырып, шеке жегізеді (арнайы бордақыланған сиыр сойылады). Осылайша қыс біткенше соғымның етін жеп, көктемге аман жетеді. Ауа райы аязды, адуынды өлкеде адам ағзасы етке тіленіп-ақ тұрады. Ал балалар үшін нағыз мереке басталады. Төбешіктерден төмен қарай шанамен құлдилағанда өзіңді ұшып келе жатқандай сезінесің, қалың қарға топ етіп, ұмар-жұмар болып, күлкіге қарқ боламыз. Сөйтіп қуанып өскен бала, басқаша айтқанда адреналинді тұрақты түрде алып өскен адам стресске оңайлықпен ұшырай ма деген ойға қалам осы күндері, сәл нәрсеге күйреп шыға келетін қаланың кіп-кішкентай «данышпандарын» көріп. Тамып бара жатып, мұз боп қатқан сүмелектерді (сосульки) көріп қалай шыдап тұрасың?) Ерніміз бен тіліміз мұзы қатқан темірлерге жабысып, талай жылаған шығармыз. Қаншама қолғапты жоғалттық, сырт киімге бау тігіп, қолғапты бекітіп тастаушы еді анамыз. Бет, жүзіміз аяздан әбден үсіп, жып-жылы пештің түбіне отыра кететін шақтар әбден алыстады...

          Алыстан атпен шауып келе жатқан әкелеріміздің алдынан ентелей ұмтылатынбыз, ат таптап кете ме деп анамыз жанұшыра айқайлайды. Тізгінді дер кезінде тартып, аты аспанға бір секіріп, әкей жердегі баланы іліп алып, әрі шауып кете барады. Құшағындағы балада қуаныш пен қорқыныш, жауырыны қақпақтай батыр тұлғалы әке үшін мақтаныш қатар араласып, ес қалмайды...

rtg

             Еңбекке жастайынан араласып, аттың жалын тартып мініп, шілденің аптабы мен қаңтардың қытымыр аязынан шымырланатын, мол ет пен таза айранның арқасында дәрігерді танымай-ақ өтетін әрбір қазақтың жұмағы – әрбір ауыл астана болуға лайықты дер ем. Өйткені қазіргі Евразия жүрегі – Астана да осындай ауылда жалаңбұт өскен, қанында өрлік пен намыс қайнап, қайраты тасынған рухты ұлдардың арқасында бой көтерді емес пе?..