Мен үшін ұлы тұлға
блог
Мен үшін ұлы тұлға!
21.04.1947. Бұл сандардың өзіндік мәні бар. Сәуірдің 21 жұлдызында мен үшін ұлы тұлға дүние есігін ашты.Бүгінде атам 70-інші көктемін қарсы алуда. Атам егіздің сыңары. Күні оңынан туған күні Мұрат-Марат атты егіздер өмірге келді. Алайда, тағдыр тәлкегімен бірі қайтыс болады. Тірі қалған нәрестенің есімін әкесі азан шақырып - Мұхамбетәли қояды. Ол кісі Ташкенттің жоғарғы оқу орнын бітірген құрылыс инженері.Зейнеткерлікке шыққанша осы саланың ыстық-суығын бастан өткерген маман иесі.Байғанин ауданының шалғайында жатқан Еңбек Қызыл Ту Орденді Оймауыт совхозында,Алтай совхозында, Ақтөбенің темір жол мекемелері мен құрылыс салаларында құрылыс прорабы болып жауапты жұмыстар атқарған кездері мен Жем өзенінің жағасында Миялы ауылының ірге тасынан бастап өз қолынан тұрғызғаны айтар ауызға ғана жеңіл жұмыс.
Саяқ-Ысық ата туралы , одан тараған ұрпақ шежіресін таратып айту- келер буынға үлгі. 2013 жылы шыққан Мұхамбетәли Нұртазаұлының «Саяқ-Ысық ата әулеттері» атты кітабы тарихтың кешегісі мен бүгінін сабақтастыра, салыстыра білген.Әулиелігімен ел ішінде аты аңызға айналған адамдардың бүгінгі ұрпағы кімдер екенін білудің өзінің тәрбиелік мәні жоғары.Осы тұрғыда автор Саяқ-Ысық әулетін түгендеп, жинақтап ұсынуда біршама еңбектенген.
Өмір әркімге әртүрлі. Тағдыр біреудің маңдайынан сипап , аста-төк дәулетті берсе, енді біреуге белшеден батқан бейнетті еңбекті кешіп жүріп көтерілуді жазады. Әрине, еңбектің адамға берері көп. Аянбай тер төгу нәтижесінде дүниенің қадір-қасиетін ұғынып, адамдармен араласып, өмірдің қыр-сырын терең түсініп, содан өзіңе сабақ аласың. Менің атам өмірін өз қолымен жасаған қарапайым еңбек адамының бірі. Өмір сабағын бүгінде ізінен ерген ұрпағына ұғындырудан жалыққан емес.
Асыл тұлға мамандығына сәйкес құрылыс жұмысында 1976 жылдан 1996 жылға дейін аянбай еңбек етіпті.Байғанин ауданы Алтай, Оймауыт, Дияр совхоздарында бой көтерген сан түрлі құрылыс нысандарында прораб Мұхамбетәли Нұртазаұлының қолтаңбасы бар.Әсіресе, Дияр совхозы құрылып, Миялы деген жерден совхоз орталығы ретінде тұрғын үй, мектеп,балабақша, аурухана, мәдениет үйі салынғанда осы істің басы-қасында өзі жүрген. Еңбегінің жемісін көріп отырған ол бүгінде өзінен тараған сегіз баланы ұяға қондырып, олардан немере сүйіп отырған ұлағатты әке,сүйікті ата.
Әркез маған өзінің ақылын айтып,кітапқа бейімдеген,журналистік мамандықты таңдауға себепші болған осы кісі. 2013 жылы «Сәт сапар» атты шағын өлең жинағымның шығуына да негіз болған адам. Менің атам ел-жұртқа сыйлы, қазақи болмысты, қысылғанда талайы келіп арқа сүйейтін беделді жан. Өзіне ғана тән ұтқыр да ұшқыр сөз тұрпаты мен ағайынның ақылшысы болу болмысы бойында бар қасиет. Ер жетіп, ес білгелі атамның ұлағатты сөздері мен үшін өмірлік азық . Азық болғанда көмейден өтіп, тәнге қуат бермейді, көкейіңе қонып,жүректен орын табады. Бала күнімнен жадыма ақыл мен білім нәрін құйған бірден-бір жан. Мен алғашқы немересі болғандықтан «Атасы мен әжесінің баласы»атағына иемін және онымен мақтанамын! Аташым тағы да туған күніңізбен!
Аташым, жасыңызға жас қосылды,
Бағындырып алдыңыз біраз шыңды.
Ұл мен қызды өсіріп жеткіздіңіз,
Жеткізіңіз енді қос гүліңізді.
Көргейсіз немерелер тойларын,
Көргейсіз шөберелер шуларын.
Біз көрейік шаршы топтың үстінде,
Аташымның бата беріп тұрғанын.
Ата,білем...
Кеудеңіздің сол жағына жақынмын,
Ерекшелеп отырдыңыз кейде тым.
Әр айтқан сөзіңізді тыңдап-ап,
Менің жеке кітапшама заң қылдым.
Сен болмасаң жетпес едік бұл күнге,
Ардақты ғой әрбір шашың,күлкің де.
Қадам сайын ақыл сұрап отырдық,
Асқар асып, биік шыңнан өтуге.
Қайғы-мұңсыз қызық көріп, қартаймай,
Күндей жылы жүзіңізден әр таймай.
Ортамызда күліп-ойнап жүріңіз,
Көлдей тұнық көңіліңіз ортаймай.
Шаршамайтын өмір атты сапардан,
Оқ бойындай озған жансыз қатардан.
Ұзақ өмір,зор денсаулық тілейміз,
Таусылмасын атар таң мен татар дәм.