Мен үшін...

 Төрт жыл бойы көз майын тамызып алған сол бір кішкене ғана қағаздың менің болашағыма әсері өте көп. Бірақ дипломды алған соң тек көк сандыққа сап қоймай, қажетімізге жарата білуіміз керек. Кәсіби мақсаттарға жету үшін өз салам бойынша толықтай тәжірибеден өтіп, оны теориямен ұштастыра білсем майталман маман боларым сөзсіз. Осы жерде адамды адам ететін диплом емес, еңбексүйгіштік екендігін ұмытпауым керек. «Барлық сүйкімсіз, пәле – қырсық атаулыдан бір ғана еңбек арқылы құтылуға болады» деген екен ойшыл Хэменгуэй. Астарлы айтылған осы сөздің түпкі мәні адам жанын асыл қасиетке жетелеп тұр. Мен болашақ қоғам сақшысы журналистпін. Осы сала бойынша қызыл диплом алып, елім үшін қызмет қылғым келеді. Қайталанбас тұлға батыр Бауыржан Момышұлы: «Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет етуден аянба!» деп өрелі ой қалдырған артына. Бауыржан атамыздың  тектілік танытып,  аманат еткен  осы сөз мұраты санамда сайрап тұрады әрдайым. Елімнің қамын ойлау үшін бір мамандықтың тұтқасын ұстап, көк қағазға ие болуым маңызды. Шашсаң тарыдай шашырайтын мамандықтардың арасынан журналистиканы таңдауымның басты себебі, жоғарыда айтып өткенімдей қоғам сақшысы болу. Ия, қазіргі таңда іс тетігін диплом шешетін боп тұр ғой. Алайда, оның сапасы маңызын жоғалтты. Бұрынғы кезде колледж, технокумның дипломымен-ақ кез-келген биікті бағындыруға болатын еді. Қазір тек ЖОО-ның! Түсі қызыл болса, тіпті керемет. Заман ағысынан мен де қалмаймын ғой, мақсатыма жету үшін маған да керек сол диплом.



Бөлісу: