Мені ұрлап кетті... (айта алмаған оқиғам)
Басымнан өткерген бұл оқиғамды жазу үшін маған уақыт керек болды. Алайда, мен түскен тұзаққа ешкімнің түскенін қаламаймын.
Осыдан он төрт ай бұрын мені белгісіз біреулер ұрлап кетті. Ұзақ уақыт болмаса да үш апта сол ұрлаған адамдардың «тозағында» болып қайттым. Оқиға былай болды... Жоғарыда айтқанымдай он төрт ай бұрын өзге студенттер секілді оқуыма барып, қайтып жүрдім. Ешкіммен артық ісім болмады. Тіпті, жауласып жүрген адамдарым да болмаған. Күндегідей сабағымнан қайтып келе жаттым. Үнемі жиырма екінші нөмірлі қоғамдық көлікпен қайтамын. Тура үйімнің жанынан түсіріп кететін. Сол жолы автобусымнан ертерек нан сататын өзбектер ашқан дүкеннен түсіп қалдым. Ыстық нанға тәбетім ашылып, екі нан сатып алып үйіме қарай беттейтін көшемен төмен түсіп бара жаттым. Оң жақ көшеден бір кішкентай қызға көзім түсті. Жылап тұр екен. Жанына жетіп бардым да не жағдай болғанын сұрай бастадым. Кішкентай қыз бір жапырақ қағазын қолыма ұстатып, адасып кеткендігін айтты...
Қыз мектебінен қайтып келе жатып күндегі жолынан бейтаныс жолға түсіп адастым деді. Әкесі мен анасы үнемі тұратын мекен жайы жазылған қағазды қолына ұстатып жіберіп жүреді екен. Жаным ашығаны соншалық мекен жайды телефоным арқылы картадан іздеп қолынан жетектеп үйіне апаруға бел будым. Бар ойым кішкентай бала періште ғой, жақсылығым болсын дегенім. Мен тұратын аймақтан асып шыға бердік. Жүріп бара жатқан жолды бұрын көрмеген мен аздап қорқа бастадым. Қасымдағы кіншентай қыз сұрақтарыма жауап та қатпайды, жол бойы үндемеді. Бір уақытта қағазда жазылған мекен жайға жеткендей болдық. Қызға қарай еңкейе бергенім сол еді аузымды біреу бар күшімен қысып көтеріп алды. Ер адам екенін бірден ұқтым. Оңайлықпен мені демде бағындырып алды да подвалға ұқсас бір жерге алып кірді. Шошып қалдым. Жыладым. Бірақ айқайлай алмадым. Саналы түрде ойлана алмадым. Көзімнің алды қарауытып өлдім деп шештім. ..
Есімнен кинодағыдай талу керек едім, бірақ бұл шынайы болды. Тіпті естен танудың өзі қолымнан келместей көрінді. Жанталасып едім екінші біреуі келіп қабырғаға итере салды. Оң қолымның әлсірегені сонша жерге жантая кетіппін. Содан бар күшім сарқылып ұйықтап қалдым. Оянғанымда жаңағы екі ер адамның біреуі ғана отырды. Жас жігіт секілді көрінді. Жанымды салып жалындым, жіберулерін өтіндім. Анам мен әкемді ойладым. Бір сәтте түрлі нәрсені ойлап өмір сүргім келді. Жаратқанға ғана жалбарынбасам олардың мені жіберетін ойлары жоғын түсіндім. Бар сұрағым мені неге ұрлап әкетті? Енді мені не істемек? Сирияға құлдыққа сататын шығар деген де күмән болды, әлде ішкі мүшемді сатпақшы ма деп те ойладым. Кішкентай қыз болса сол күйі жоқ. Бар көргенім қараңғы суық жертөле мен бетін бүркеп жапқан екі ер адам. Мені жанталассам, я болмаса тамақ ішпесем ұрып жіберетін. Басқа ештеңе... Үш апта бойы мені осылай ұстап отырды. Еш өзгеріссіз. Маған енді не болады десем бетіме де қарамайтын. Мені адам құрлы санамады.
Бір күні екі ер адамның біреуі кетіп қалды. Екіншісі мені бақылап отырды. Үш апта ішінде есімді аз да болса жиюға тырыстым. Қолымнан келгенше қашуым керек деп шештім де өздігімше жоспар құрдым. Екінші ер адам отырған орындыққа ол байқамай тұрған кезде ақырын беттеп бар күшіммен басынан кірпішпен қойып қалдым. Басым деп жерге еңкейе бергенде баспалдақпен жоғарыға қашып кеттім. Есіктер ашық жатты. Сондықтан оңай қашып құтылдым. Артыма қарамастан жүгіре бердім, жүгіре бердім. Бір кезде алдымнан көлік шыға келді де байқамаған мені қағып түсті. Оң қолым ауырып жүрген еді дәл сол жерден тағы да жазым болып қалдым. Осы кезде түбегейлі есімнен тандым. Тағы да анам мен әкемді ойладым. Оларды сағындым. Ауруханаға әкеліп, мені емдеді. Атымды сұрады, тегімді сұрады. Полиция қызметкерлері мені іздеген екен, анам мен әкеме табылғаным жөнінде хабарын айтса керек, аналарым тез келді. Қуанғаным сонша жыладым. Қатты жыладым. Азапты күндерімнің артта қалғанына, қиындықты еңсергенім үшін шүкіршілік еттім...
Мұндай жағдайдан соң есімді жию үшін көп уақыт керек болды. Ең басты түйгенім енді тіпті кішкентай балаға да сенбеспін. Алданып қалып, тағы біреудің тозағына тап болғым келмейді. Маған мені ұрлағандағы олардың мақсаттары әлі де белгісіз. Тек көпшілікке айтарым, абай болыңыздаршы. Кішкентай балалар адастым деп жылап келсе дереу полицияға хабарласыңыздар. Еріп бармаңыздар. Бұл өте қауіпті. Мен кешкен азапты қайталамаңыздар. Себебі, өмірдің қандай тәтті екенін өзіңдей пенденің қолдан жасаған тозағына қадамдап кіргенде ғана түсінеді екенсің...
ПыСы: Бұл жағдай ойдан шығарылған. Десек те, кішкентай баланы пайдаланып адам ұрлап жүргендер өмірде бар. дәл сондай жағдайға тап болып қалмаңыздар. Әр адамның өмірі өте қымбат!!!