Мен ҰБТ-ны қалай тапсырдым? (типа эстафета)

Мен ҰБТ-ны қалай тапсырдым? (типа эстафета)
жеке
блог

Біз тапсыратын жылы ҰБТ екінші жыл ғана еді шыққанына. Жүрек дүрсілдеп, қобалжып жүрдік. Мен де математика пәнінен ғана жүрексіндім.

Жұрттар метематикадан репетитор жалдап, қосымша сабаққа барып жүрді. Мен он бір жыл басыма қонбаған есеп бір жылда қонама екен деп, уақытымды оған жіберіп жоғалтқым келмеді. Басқа пәндерден дайындалдым.

Мектепте математика сабағынан қосымша дайындық сабақтарын өткізетін. Шынымды айтсам, дәріс беруші сынып жетекшім болғандықтан для галочки дейді ғой, құлағымның етін жемесін деп қана баратынмын. )) Ал қазақ тілі, қазақстан тарихы, әдебиет сабақтарынан қорықпадым.

Жұрттар әулие жағалап, Түркістанға аттанды. Анам да ырымшыл ғой. Әкем қайтқалы көрмеген бейітіне отбасымызбен барып басына құран бағыштап қайттық.

 Межелі уақыт жетті. Аудандағы №46 мектепке жиналдық. Құқық қорғау қызметкерлері үсті-басымызды тексеріп кіргізді.

Қасыма отыруға бір сыныпта оқитын Сандуғаш деген қыз бұйырыпты.  Ол жаратылыстану пәндеріне икемді еді. Қатты қуанды мені көргенде. Сонымен келісіп алдық. Мен оның қазақ тілі мен қазақстан тарихы пәндерінен белгілеп бердім. Ал ол маған матемнен көмек берді.

Әншейінде қазақстан тарихынан сынақ емтихандардан отызды бермейтін едім. Ондай кезде өзіңе емес өзгеге сенуге бейім тұрады екенсің. Әттеген-ай жоқ емес. Өзің біліп тұрған сұрақты өзгеден сұраудың қажеті жоқ екен. Шатасу басталады сосын.

Осы арада мынадай әзіл есіме түсіп отыр.

Анасы  есік  ашқанда, жүгіне тізерлеп, тәңіріне жалбарынып отырған қызын көреді. Оның құдайдан не тілейтінін  білгісі келген анасы құлағын түріп тұра қалады.

—   Уа, құдіреті күшті құдай, Хорасанның орталығы Тебриз* (Солтүстік Ирандағы қала) болсын, солай етші, - дейді қызы.

Қызының оғаш тілегі анасын таңғалдырады:

—   Ой, сен, не айтып отырсың, Хорасанның орталығы ежелден Мешхед емес пе еді?

—   Апатай, сын жұмысында Хорасанның орталығы Тебриз деп жазып қойыппын, - депті қызы сонда.

Сол сияқты мен де шатасқанымды біліп тұрсам да қорытындысы шыққанша құдайдан дұрыс жауабы солай болса екен деп жалбарындым. Әрине, бұл барып тұрған ессіздік еді.

Кешке дейін қорытындысын күттік. Үйдегілерге басқалар сияқты гүл шоқтарын әкелуге үзілді-кесілді тыйым салдым. Ең алғаш болып анамның әпкесі Жұпар апам мені құшақтап құттықтап жатты.  Ал мен пора-порам шығып жылап жатырмын. Басында қуаныштан шыққан көзі жасы деп ұқты олар.  Бірақ олай емес еді. Мен болсам 104 балл алуым керек еді ғой деп қоям. Әлі де сенбей тұрмын. Апам жаңылыс естіп қалдым ба деп қайта сұрайды менен. Жоқ, бәрі дұрыс. 92 балл. Ол кезде тест енді шыққан жылдары бұл жоғары көрсеткіш болатын. Қазіргідей орыс тілі жоқ алып тастайтын. Жұрттар құлап қалды деп жылап жатса, сен неменеге жаман ырым бастайсың деп ұрсып бергені.

Қазір ойласам күлемін ғой. Менің сырымнан хабарсыз адамдар не ойлап қалды екен?!Сатып алды ма дегендей.  Менің ешкімге айтпаған бір сырым бар еді. Соны жария етейін.

Неге екенін қайдам, басымда үнемі 104 балл алу керек деген сигнал тұратын. Неге 100 не 125 балл емес, қайдан шыққан 104 балл дейсіздер ғой?! Оның өз сыры барды.

Оқушы кезіміз. Ауылдағы үйде құрбыларымды шақырып алып, жұрттан естіп алып, әруақ шақырып ойнайтын тарелка ойынын ойнап көргенбіз. Балауызды жағып қойып, әл-Фараби атамызды шақырып, Қазақстанның болашағын өзіміздің болашақты сұрадық. Негізі біразы дұрыс келді. Сонда ҰБТ-дан 104 балл аласың деген. Соған имандай сендім мен байғұс...

Негізі таңдаған мамандықтарыңа, жоғары оқу орындарына, қалаға  байланысты. Сен 115 балл жинасаң да  грантқа түсе алмауың мүмкін. Керсінше кешегі тесттен үмітін үзіп 56 балл жинап қалдым дегендерің грантқа түсіп кетуі мүмкін.  Әрине мегаполис қалаларда бәсеке жоғары болуы айдан анық.

Әрине, ҰБТ ешнәрсе шешпейді дегенді мен де айтамын. Алла қаласа студент атанасыңдар. Үлкен қалаға келіп дербес өмір бастайсыңдар. Ең бастысы қоршаған орталарыңа байланысты. Қандай ортаны таңдасаң, сондай ортаның адамы боласың демекпін. Өзім көрген бір мысалды айта кетейін.

Менің бір туысым болды. Мектепте ұйықтап жүріп, біресе барып біресе бармай жүріп бітірді. Математикадан әлін білді де жоламады. Жалпы тарихты таңдады. Өзі өмірі естіп көрмеген социология мамандығын таңдады. Өйткені ол мамандықтың не екенін көбісі ұқпайтын болғасын тапсырмайтын.

Бәрі заңгер, бәрі экономист, бәрі мұғалім, бәрі дәрігер. Сонымен хош делік, ол кезде кредит деген оқу жүйесі бар болатын. Соған ілікті. Түркістандағы Яссауи университетінің студенті атанды. Бір жыл оқып, бір туысы жоқ Алматыға КазГу-ге ауысты. Бағына қарай кредиттегілердің бәрі грантқа ауысты. Белсенді жастардың белсенді кештеріне белсене қатыса бастады. Яғни оянды. Солай үздік бітіріп,  магистратураға түсті. Оны да үздік бітірді. Өз кәсібінің маманды болды. Астанадағы министрлікте қызмет етті.

Міне, бастысы –орта.Екіншіден, көр қазушы болсаң да өз ісіңнің шебері бол!

Сәттілік, жас түлектер! 

P.S: Мен де, Сандуғаш та бір қалаға грантқа түстік. Айтпақшы, ауылымның тарихы бойынша тұңғыш рет грантқа түскен жалғыз түлек мен екенмін. Ешкім сенбеді басында. Қайтсін, әбден грантқа тек ақшамен ғана түседі деген стеротип қалыптасып қалған ғой. Ех, қазір бізде кейінгілерге мотивация болдық. Ауыл тұрғындары да балаларына грантқа түсу туралы сеніммен мотивация беретін болды. Өзімнің туған інім де грантқа түсті. Солай! :)