Мен туралы, қуанышым туралы, "Екпін" туралы...

Бүгін біраз өзім жайлы жазбақпын. Өйткені отырып алып, фәлсафа мен фарабилік дәрежедегі ой тереңдігін түрткілейтін кім деулеріңіз мүмкін) 

Атым-Айжан. Оны біліп үлгірдіңіздер. Осыған дейін уордпрессте "кербез" деген қолданушы атымен "Айжанның блогын" жүргізгенмін. Жалпы блогосфера әлемін білмей де жүре беруші едім. Қазақ Ұлттық Университеті болмаса, журналистика факультеті болмаса, "Блогтық журналистика" пәні болмаса, Асхат Еркімбай (өрімтал)  болмаса. Сол кезден бастап интернет журналистика, блогосфера жайында білгеннен соң, әлі күнге дейін сол сабақтардың салып кеткен лебімен интернеттен, блогтардан алшақтай алмай жүрмін. 

Алайда сол кезде Асхат ағайдың сабағына қатыспаған топтастарым интернет журналистиканы түсіне бермейді, шыны керек. Оларға блог жүргізіп жатырмын, интернетте жұмыс істеймін десем, "жай ерігіп жүрген ғой" деген бейнемен "ааа..." дейді де қояды. Олардың қасында "Айжан, жүр, поштамды тексерейік" дейтін әкемнің өзі интернет журналистиканың потенциалын жетік түсінеді. Әрине мүмкін оған менің күнделікті үйде жүргізетін блогтық журналистика бойынша мини-лекцияларым да әсер еткен шығар.  

Университеттегі мұғалімдерім де әр сабақ сайын менің интернет журналистиканың перспективалары, дәстүрлі журналистиканың алдындағы артықшылықтары жайлы пікірлерімнен шаршайды. Сондықтан осы 3-курс басында, маған интернет жобада жұмыс істеу мүмкіндігі туғанда қатты қуанғанымды айтпасам да болатын шығар. Бір жағынан "не ойласаң, сол келеді" ("подобное притягивает подобное") заңдылығы іске қосылды білем. 

Маған әрқашан "тойдың болуынан боладысы қызық" дегендей жаңа нәрсенің туылу процесі қызықтырып әкететін. Жобаның ашылуына дейін күн санап жүрсем де, жаңа адамдармен таныстық, сұхбат, репортаж, фотоға түсіру, т.б. қызықты жұмыс процестері тартып әкетті. Жұмыс барысындағы қызықты оқиғаларды мүмкін алда да жазып отырармын. Өйткені оның бәрі мен үшін - тәжірибе. Журналистикалық тәжірибе. 

Жобамыздың аты - "Екпін". Мүмкін бүгінде бұл атауды жан-жақтан естіп жатқан шығарсыздар. Естімегендеріңіз болса, "Екпін" деген yvision.kz сайтының қолдауымен жасалынған мәдени-танымдық журнал. Ал мен үшін ол мақсаты ұқсас, жарқын адамдардың бірігіп жасаған жобасы. Менің алғашқы жұмысым.

Бір сөзбен айтқанда, мен бүгін қуаныштымын. "Екпіннің" ашылғанына ғана емес. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығымда жүргеніме қуаныштымын. Алдағы жұмыс барысында қызықты, дарынды адамдармен жүздесу күтіп тұрғанын ойласам, төбем көкке жетеді. Өйткені әрбір адам мен үшін зерттелмеген кітап сынды, ашып, оқығым келіп тұрады. 

Қуанышыммен бөлісуге мүмкіндік берген Массагетке де рахмет. 

P.S. иә, бүгін меннен позитив төгіліп тұр) айтпақшы мына жерде біздің видеоролигіміз бар, қарап, менің қалай шыққанымды айтсаңыздар пікір білдірсеңіздер) (өте қызық)



Бөлісу: