"Мен туралы жаз"

"Мен туралы жаз"
жеке
блог

Мен әлі мектеп оқушысы едім. Журналист болам деп асқақ армандап қоятыным болмаса, әдебиеттен гөрі биологияға жақын өстім. Оның бір себебі анамның ықпалы мекен, дәрігер боларсың деп қоймады. Өлең мен әңгіме жазуды биологиямен араластырып тұрсам да, өсе келе дәрігерлікке жаным икемделмеді. Себебі, қан көрсем-денем тітіркеніп, он екі қарыс айналып өтемін, біреудің жарасын таңып беру-өліммен тең, кірпідей жиналып аламын. Содан да болар бәлкім, дәрі мен қанның қасынан алыс жүре қояйыншы деген оймен анама шешімімді кесіп айттым. «Өзің біл!»  Қасын керіп, жүзін тыржитқан болды.

                                                       ***

Мені ерекше жақсы көруші еді. Әлде, маған солай айта беретіндіктен сол сөзіңізге сеніп кеттім бекен? Сізден бөлек тағы екі жеңгем бар, бірақ сіздің орныңыз мен үшін де тым ерекше болды. Мен сіз сияқты қайталап айта бермесем де, іштей сізді сұмдық сыйлаушы едім. Әрі бала болдым ба, сезім білдіру маған жат сияқты көрінді...

Жастайынан жоқшылық азабын көрген өзбектің сұлу қызын, менің ағам, (әкемнің екінші ағасы) алып қашып әкеледі. Әрине, байлықта, баршылықта өскен оспадар мінез ағама бұл іс қиындық тудырмаса керек. Тұлымшағы желбіреген 17 жасар бойжеткен қыз келін болғаннан кейін 18 ге толады. Қасы керілген, көздері мөлдір, әрі мінезі жібектей қызды әжем де қатты ұнатыпты. Оның сұлулығы маңайдағылардың көз құртына айналса керек. Әлде, сотқар мінез ағама солай көрінді мекен, әйтеуір жеңгем екеуінің арасы жылдар бойы нашарлай берген көрінеді. Оның несін айтайын, тіршіліктері тіршілік болмаған ғой, сірә. Тізбектей берсем, ағайындарымнан ұятты. Солай қиналып жүріп, олардың істе де, отбасында да берекесі болмағасын Өзбекстанға көшіп кетті. Мен ол кезде әлі мектепке бармаған кезім болатын. Ол кездер есімде жоқ. Жасөспірім болып өсе келе ағаларымның үйіне барып тұрдым. Басқа туыстарымның үйіне қарағанда өзбек жеңгемнің қара шайы майдай жақты ма, әлде жылы сөздері көңілге қонымды бола ма, сол үйден айналсоқтап шықпайтынмын. Ылғи күліп жүретін. Ағамнан қанша қаталдық көрсе де, сыртқа шығарып көрмепті. Бәлкім маған солай көрінген шығар. Біздің ауылдан кім барса да қаланы аралату, әсіресе, ол жақта арзан әрі жақсы емдейді деп cонда баратын туыстарымды мықты деген ауруханаларға ертіп жүру-осы жеңгемнің мойнына жазып қойған міндеті еді. Төрт баланы дүниеге әкеліп перзенттік ауыртпалықты да талай тартты. Балаларының аурушаң болғандығы жанына  батты ғой деймін. Төрт баланың үшеуі бойы өспейтін аурумен ауырды. Оңай ма? Мойынсұнды. Тігінге қолының ебі бар асыл жеңгем перде тігетін. Оларды әдемілеп безендіріп, базарға алып шығып сатып күнелтті. Ниетіне қарай Алла берді ма, жағдайлары жақсара бастап еді...

                                                         ***

Күннің шуақты кездерінің бірінде менің анам ауырыңқырап Өзбекстанға барады. Сол кезде кезекті міндеті бойынша асыл жеңгем анамды диагностика орталығына апарған. Анамның көзінше жеңгемді танып қалған дәрігер жағдайын сұрамай ма? Белгілі болғандай, жеңгем сүт бездері қатерлі ісігіне шалдыққан екен. Және оны жасырып жүргеніне 1 жыл уақыт болған, арасында келіп тексеріліп тұрмаса, емделген ештемесі де жоқ. Осындай шуақты күннің бұлтты мезгілге айналып кеткені, отбасы хабардар болып, абдырап қалған. Анасының көз алдында солып бара жатқанын көрген отбасы мүшелері жатпай-тұрмай жұмыс істеп емдетуге бар күш-жігерін салады. Оның үстіне күліп жүріп іштей мүжілген жеңгемнің хал-ахуалы баршамыздың да сай сүйегімізді сырқыратты. Бір дәрісі пәленше тұратын рак ауруының емі де қымбатқа түсіпті. Ота жасалған. Сүт безіндегі ісіктің аталығы болса, ота жасалғаннан кейін тоқтап қалады екен. Ал аналығы, пышақ тиген сайын дүркіреп өсетін көрінеді. Сұмдық болғанда ауруы аналығы болып шығып, отадан кейін жеңгемнің беті бері қарамаған. Сонда да ол сүйретіліп тағы 2 жыл жүрді. Бара-бара тіршіліктен тыным кетіп, сағаттан секундтар жылжып, жеңгемнің тағаты таусылған сықылды. «Баламды үйлендірем, келін көрейін» деген мақсатпен ауылға да оралып еді, жарықтық. Дүркіреп той жасады. Себебі барлығымызға  белгілі, той деген аты болмаса көпшілік қауым көзіне жас алумен болды. Құдағилар сөзіне шығарғанда орындықта отырып сөйлеген жеңгемнің сөздері жан түршігерлік. Ағам да жылады. Мен де жыладым. Бәрі жылады...

 ***

Келін түсірген қуанышпен жеңгем таза ауырмай 2 күн жүрді. Менің бөлмемде жатқанды жөн көрген асыл жеңгем, менімен сөйлескісі келген екен. Жаздың қапырық күндерінде үйде жата алмайтын мен, жеңгемнен бата алмай қасында серік болып жатып жүрдім. Түн баласы ұйықтамайтын жеңгемнің ауруы тіпті меңдеп кеткенін сонда байқаппын. Көрер көзге қорқынышты жарақаттары да көңілімді құлазытты. Жатып-жатып, біраз үнсіздіктен соң сөйлейтін жеңгемнің әдетіне машықтанып та  алдым. Қатты маужырап барып, «ояусыңба?» дегенде «иа» деп басымды жұлып алатын мен сергектік танытып әңгімелерін тыңдайтынмын. Ешкімге сыр ашпаған асыл жеңгемнің біраз хикаяларына қанық болдым. Осындай түннің бірінде, беймезгіл уақытта «мен туралы жаз» деп бастады. «Сені жүрген жерімде мақтаймын, білімің келбетіңе сай. Балдарыма сенен алыстама деп үйретем. Сенде нәзіктік бар, адалдық бар. Журналистикаға тапсырғаның дұрыс болыпты. Мұрат ағаң армандап журналист бола алмай кетті, сен ізін жалға. Менің ауруымды өзің білесің, қай уақытта күннің шығып, таңның атқанын  сезбей қалуым мүмкін. Мен туралы жаз... Мен туралы жаз...»

Үнсіз басымды изедім. Айтарға сөзім болмады. Сөзінің астарындағы «зіл» аяздай есіп тұрды. Іште жатқан шер, ұмыт қалғыңыз келмейді...

Пендеміз ғой, қақаған қапырық алқымымды қысып, бойымды тұншықтырған соң жеңгеме серік болудан қалдым. Суыққа шықса ауруы асқынып кететін болғасын жазда да есікті жауып үйде жататын асыл жеңгемді жалғыз тастап, амалсыз сыртқа шығып ұйықтаған болатынмын. Түн ұйқымды алыстан талып жеткен асыл жеңгемнің жан-дауысы бұзды. Жұлқынып ішкі үйге сүрініп жетіп барған мен, есікті жұлқи ашып қалдым. Кереуеттің үстінде бір аяғын қолтықтап отырған асыл жеңгемнің қасына жетіп бардым. Түнде ұйықтай алмаған ба, әлде сыртқа шыққысы келген бе, әйтеуір орнынан қозғалып жүрмекке ұмтылыпты. Сол кезде қайдан шыққаны белгісіз, аяғына шыны кіріп кеткен. Дәл табанында одырайып тұрған шыныны, және саудырап жатқан қанды көріп артқа шегіндім. Баяғы әдетім бойынша денем тітіркенді. Қанды көре алмаймын, жағдайым жетпейді, жүрегім шыдамайды. Аяқ-қолын жинай алмайтын аурудың  табанына жабысқан шыны, неге сау адамның маңдайына жабыспады екен деген қырсық ой келді маған. Жеті  түнде ел-жұртты оятып мазасын алғым келмеді ме, әлде сол кезде ойланып тұруға мұршам болмады ма, қолыма ілгек алып шыныны шығаруға кірістім. Жанталасып жатырмын. Терең кіріп кеткен шыны менің қанымды ішіп бітті. Шығатын түрі жоқ. Әрі жеңгемнің жанына батып бара жатқанын сезген сайын құлшыныспен жанталасам. Қанды көре алмаймын дегенім-тәлпіштік екен, дария боп ағып жатқан қан майданда арпалысып жатырмын. Шыныны шығардым. Өзім де бір жақты болдым, жеңгем тынышталды.

***

Өмір қандай керемет... Батыл қадам деп өзімді мақтай жөнелдім.

***

Келін түсіріп, үйіне аман-есен оралған жеңгемнің ендігі бір ғана арманы болды. Ол, қайтыс болған кезінде ауылға әкеліп жерлеуді аманаттап еді. Аузынан тастамайтын осы сөзі - өзін өлімге жеңдіріп бара жатқанының себебі екендігін білдік. Уақыт зымырап өтіп жатты, дәрігерлер жеңгемді емдеуден бас тартты. Төсек тартып жатып қалған асыл жеңгемнің сырқаты асқынып кеткен. Өмірдің ауыртпалығын күле жүріп мойындаған асыл жеңгем,  желтоқсан айының басында, таңертең ұйқысынан оянбады. "Жақсы адамдар қыста өледі"- дейді. Кім білсін? Онсыз да жүрегі жамандық атаулыдан жұрдай асыл жеңгем өзінің адалдығын осылай дәлелдеп кеткен болар. Ешкімге ауыртпалығын салмай, үнсіз ғана елмен қоштасқан аяулы жар, асыл ана, ардақты әже, АСЫЛ ЖЕҢГЕ - өмірге деген назын өзімен ала кетті. Несі кетті, тағы бір мола маңында тағы бір төмпешік саны артты. Несі кетті, әркім өз тірлігін жасап жатыр...

 ***

Арқама аяздай батып, табаныма тікендей қадалатыны-жеңгемнің сүйегі сонау шегарада, өзбектің елінде қалып қойды. Сондай-ақ, аманаты орындалмай қалды да... Қайтейін...

Күз бойы тіршілік үшін күресіп, соңғы демі қалғанша талпынған күздің соңғы жапырағындай, қыстың қыраулы күнінде соңғы тынысын алған жеңгем-бөтен елде қалып қойды.

                             сурет:http://aleksandr-piligrim.narod.ru/tanka_070.htm алынды