Мен түнгі 23:00-ден таңғы 6-ға дейін жұмыс жасағым келеді

Мен түнгі 23:00-ден таңғы 6-ға дейін жұмыс жасағым келеді
жеке
блог

Мен шығармашылық адаммын. Тақырып ешқандай жанама мағына емес, тура мағынасында. Себебі шығармашылық адамдардың нағыз жұмысқа құлшына кірісетін кезі осы аралықта. Қалай? 

Түн баласы ауған кезде ақын-жазушы, суретші жалпы өнер адамдары оянады. Оларды оятатын табиғаттың осы бір тылсым күші. Түн ауған кезде олардың миында үлкен жарылыстар туады. Ол жарылыстардың күші он жанартауға тең. Себебі төгілген әрбір идея ағып жатқан лавадан ыстық. 

Түнде қарапайым адамдар ұйқыға кеткен кезде, бұлар оянады. Әдейі емес, жүрек оятып алады. Мазасыз ойлар оятады. Таңды атырып барып бірақ жатады. Сомен күні бойы шаршап, тынысты тарылтқан тірлікте әлсіреген күйінде жұмысқа жегіледі. Ал оларды түсінген екшім жоқ. 

Шығармашылықпен айналысатын адамдарға арнайы түн ауғанда жасайтын жұмыс керек секілді. Тегінде олардың түнде туатын ойлары күндізге қарағанда он есеге артық. Күндіз адамның ойланғысы келмейді. Себебі күйбең тіршілік ойлануға, тіпті жұмыс жасауға кедергі жасайды. Ал түн тыныштықтың, жаңа идеялар мен тың ойлардың туатын шағы. 

Әрине менің айтып отырған қиялыма ешкім келіспес, бірақ қанша ма өзгерістер жасайтын ойлар күн шыққан кезде өліп кетіп жатыр... Бәлкім бұл да табиғаттың саясаты шығар. Түннен қалған идеяның шашылып қалған түйір дәндері, күні бойы миға кіріп-шығып жататын толассыз ойлардан мықты. Себебі әрбір ойдың астында жалғыздық, мұң, есеп беру, адамның өзін кім екенін сезіну процесі секілді құбылыстар жатыр. 

Кеше түнде бір идея миымды шағып алып еді, таңертең тұрсам күйбең тіршіліктің «дәрігерлері» қыспа май жағып жазып алыпты. Ал енді еске түсіріп көр... 


(с) Марғұлан Ақан