Мен таныған Косово
блог
Македониядан кейінгі сапарымыз – Косово еді. Мамырдың он алтысы күні түнде Косовоның Призрен қаласына келіп жеттік. Тоқтаған қонақ үй қаланың дәл орталғында еді. Сондықтан онсызда шағын қаланы бір айналып шығуға көп уақыт кетпейді. Ертесі күні семинардың жалғасы өтті. Бұл жолғы отырыста «Қоғамдағы саңырау, мылқау мүгедек жандардың БАҚ қызметтерін пайдалануын жеңілдету» деген тақырып аясында сөз өрбіді.
Семинар біткен соң еркін уақыт берілді. Қонақ үйде жатқанша деп, түстен кейін қаланы аралуға шықтық.
! Әр төбеден шошайған бірнеше крестрерді көзім шалып қалды.
Көзімізге бірден жоғарыдағы ескі қорған көрінді. Жастар жағы бөлініп, сол қорғанды көруге шықтық.
Қорғанға жету оңай болмады. Жергілікті тұрғындардан жол сұрасақ, ағылшынша түсінбейді. Ең болмаса балкандарға жақын слав тілі ғой деп орысша сөйлесек, тағы түсінбейді. Түрікше білетін албан да кездеспей қойды. Бұл елдің тоқсан пайызы албандар. Мұсылман мемлекеті болып саналады. Югославиядан бөлініп шыққан елдерден кейін, бұрын Сербияның құрамында болған. 2008 жылы 17 ақпанда «үй ішінен үй тігіп» өз тәуелсіздіктерін жариялап жібергенде АҚШ пен Батыс елдері демеу беріп, қуанғанда Ресей мен Қытай бастаған мемлекеттер қарсылық танытқан еді. Бұл елдің тәуелсіздігін танымағандардың ішінде Қазақстан да бар. Қандайда бір мемлекеттің аумақтық тұтастығының бұзылуын және біржақты тәртіпте тәуелсіздік жариялауды құптамайтынын Қазақстан тарапы да жариялаған еді. Мен визаны Стамбул арқылы алдым. Ресми түрде валютасы – еуро. Еуроодаққа мүше бола қоймаса да, бұл Еуропаның бұғанағы қатпаған мемлекетке қолдауы деп түсіндім. Македонияның денары әмиянымды қампайтып тастап еді, еуроға ауыстырғанда дым болмай қалды. Еуроның аты еуро ғой. Түріктің лирасынан да құнды әрі қымбат. Шамамен, бір еуро, түріктің үш лирасына тең келеді екен.
Жалпы бұл аймақ өте шиелініске толы. Сербтер бұл аймақты Сербияның меншігі деп санаса, албандар ескіден бұл жерді мекендеп келе жатқанын алдыға тартады. Югославияға кірмеген Албанияның тәуелсіз өз мемлекеті болғанымен, ескі Югославия заманында жеті мемлекет ыдырағанда ескі жұртта қалып кеткен албандар Сербияның құрамына еріксіз кірген еді. Соңғы жиырма жыл ішінде азаттықа ұмтылған Косово, Сербтердің басқыншылық әрекеттрінен құтылып, ақырында өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Әрине, мұның артында көсеуді көсеп отырған демократияшыл Батыс тұр. Мұсылман мемлекеттердің ішінде Батысқа арқа сүйейтін бірден-бір мемлекет те осы Косово. Косовоның тәуелсіздік алуы – бәзбір автономялық елдерге үлгі болса, бәзбіреулеріне қорқыныш пен үрей алып келетіні түсінікті болар.
Шынымды айтсам, ертесі күні Косово тұрғындарына деген мендегі аяушылық сезім басым екенін сезіне бастадым.
Себебі, ертесі Призренде Сұлтан Мұрат атындағы Түркияның әскери базасында қонақта болдық. Суретке түсіруге тиым салынған. Мен тек кіреберіс аузын түсіріп үлгердім. Одан кейін, көлікте кетіп бара жатып, сыртынан Сербия мен Францияның әскери базасы орналасқан жерін көрдік. Маған Косово анталған жау көзінде тұрғандай әсерде көрінді.
Мұнда әлемде сирек кездесетін түсті металдар шығатын өндіріс көзі бар. Сондай-ақ, аз да болса алтын шығады. Косовода күмістен жасалған әшекейлер мен өнімдер кеңінен таралған. Түркиядағы кешегі жарыс болған Сома шахтасынан екі есе көмір шахтасы бар екенін тұрғындары мақтанышпен атап өтті. Призренде айтарлықтай аралайтын жер жоқ. Шағын ғана орталығы. Шағындығы сондай, аралаймыз, шыққан жерімізге қайта оралдық. Тағамдары қатты ұнады. Мұнда да етті көп пайдаланады. Мұнда сүтті шәй деген ұғымды мүлде түсінбейтін болып шықты. Македонияда сұрағанымыздай бал қосылған сүтті шәйға үйреніп қалғанымыздан болар, мұнда да бір-екі жерден сүтті шәй сұратып едім, кофе машинасынан алған көбікті сүттің үстіне, табиғи шөп шәйді салып әкелгенде не дерімді білмей қалдым. Одан кейін сүтті шәй сұрамайтын болдым. Албандардың ұлттық бас киімі мынадай.
Суретте: Семинарға бірге барған Гүлдана есімді қыз.
Домбыраға ұқсас екі ішекті музыкалық аспабы бар екен. Тек біздікінен дыбысы жіңішке шығады.
«Болашақпен байланыс семинары» бекерден-бекер Косово жерінде өтпесе керек-ті. Мұнда түрік тарихы үшін ең маңызды жер бар. Ол – Мұрат сұлтан кесенесі.
Кесене орнында соғыс заманында Мұрат сұлтанның ішкі ағзалары көмілген екен. Ал мазары Түркияның Бурса қаласында. Приштинаға жақын Митровица деген жерде орналасқан. Бұл кесене – Косовадағы ең ескі сәулет өнерінің бірі. XIV ғасырда негізі қаланған. Бүгінгі таңда, иісі мұсылмандар мұсылмандықтың белгісі ретінде бұл жерге тәу етіп, зиярат етіп қайтатын орынға айналыпты. Кесене бүгінгі күнге дейін қаншама жөндеу жұмыстарын көрген. Османлы дәуірінде Мелек Ахмет Паша деген мемлекет қызметіндегі адам 1660 жылы кесенеге зиярат етуге келгенінде, бұл жердің азып-тозып, қараусыз қалғанын көреді. Осы үшін сол жергілікті мұсылман тұрғындарға ақы төлеп, жөндеу жұмыстарын жасатады. Бір апта ішінде есігі бар ғимарат тұрғызып, айналасына көптеген жеміс ағаштарын отырғызады. Кесенеге қарап отыру отбасымен бір түрбедарды көшіртіп әкеледі. Түрбедар дегеніміз – түбі Бұхарадан келген Хаджы Әли деген өзбек екен. Сол заманда 300 куруш айлыққа сол жерде кесенеге қарау үші отбасымен көшіп келіп, тұрақтап қалған. Бұл күндері түрбедар деген атпен бір елді үлкен қауымға айналған. Түрікшеде кесене сөзін «türbe» деп айтады. Этимологиясына келсек, бұл сөз араб-парсы тілінен түрікшеге енген. Түрбедар сөзі – араб, парсы тілдерінде кесененің тазалығын және қақпаның ашып-жауып тұруын қадағалайтын адам деген мағынаны береді. Мен де кесененің ішіне кіріп, дұға бағыштадым.
Сондай-ақ, мұнда қазір сол кезде еккен жеміс ағаштарының бір ғана тұт ағашы сақталып қалған. Бұл күндері ол тарихи ағаш та арнайы қорғауға алынған.
Кесененің ауласына кіргенде, назарымды аударған нәрсенің бірі – қабырғадағы Мұрат Сұлттанның дұғасы.
Бұл туралы ел аузында мынадай әңгіме сақталыпты.
Сұлтан Мұрат 8 тамыз 1389 жылы Косово аймағына әскерлерімен кіріп келгенде қалың құм араласқан дауыл мен ақ тұманға тап болыпты. Көзіңді ашып көре алмайтын, жағдайда қалған деседі. Мұрат Сұлтан екі рәкат намазын оқып, көз жасымен Алладан мынадай дұға тілепті:
«Ия, Рабби! Егер мынау құйынды дауыл, пендең Мұрат құлыңның күнәларының себебінен шықса, менің кесірімнен жазықсыз әскерлерімді жазалама! Аллахым, олар бұл жерге дейін сенің атыңды күшейттіру үшін, Исламды кеңінен жаю үшін келді. Иә Жаратқан Ием, осы уақытқа дейін бірде-бір жеңістен құр қалдырмадыңыз, дұғамды қабыл еттіңіз. Мына құйынды дауылды тоқтатып, бір жаңбыр нәсіп ет. Иә, Жаратқан Ием, мал-мүлік те, құлың да сенікі. Менің мақсатым мен ниетімді ең жақсы Сен ғана білесің! Мал-мүлік менің мақсатым емес. Жалғыз тілегім, сенің риазалығыңды қалаймын. Иә, Жаратқан Ием, бұл мүмін әскерлерді кәпір елінде талақ етпе. Оларға бір жеңіс нәсіп ет. Бүкіл мұсылмандар тойласын. Егер Сіз қаласаңыз, ол күнгі мейрамның құрбаны Мұрат құлың болсын!» деп дұға тілепті. Көп уақыт өтпестен, жел тоқтап, нөсер болып жаңбыр құйыпты. Сегіз сағатқа созылған ұрыста Мұрат Сұлтан әскері жеңіске жетіпті. Соғыс алаңында шейіт болған, жаралы әскерлерді қарап жүрген Мұрат Сұлтанға жаралы бір серб әскері: «Мені тірі қалдырыңыз, қолыңыздан сүйіп, мұсылман болайын!» депті. Падишаһтың қолын сүйгендей болып, қолтығының астында сақтаған қанжарды сұлтанның кеуде тұсына сұғып жіберген көрінеді. Осылайша жантәсілім еткен Мұрат Сұлтанның дұғасы қабыл болыпты.
Одан кейін ел астанасы – Приштинаға келдік. Маған Приштинаға қарағанда Призрен әлдеқайда әдемірек көрінді.
Орталығын бір аралап шығып, ішім пысып кеткен соң бір кафеге кіріп балмұздақ жеп кететін уақытқа дейін уақыт өткіздік. Бір ұнағаны, кез-келген кафе-ресторанында тегін Wi-Fi интернет желісі іске қосылған.