"Мен тамашалаған Тараз" (Тараздықтар)
блог
Қай елдің болмасын дамуы жергілікті тұрғындарына тікелей байланысты. Өндіріс орындарының өсуі,шаруашылықтардың өркендеуіне үлес қосуы қала тұрғындарының басты міндеттері деп ойлаймын. Бүгін де өзіндік тарихын сақтап, қаланың гүлденіп, көркеюіне өзіндік үлес қосып жүрген Тараз тұрғындары соның бір дəлелі. "Əр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" демекші халқымыздың тұрғылықты жеріне қарай өзгешелеу екені анық. Мінез, сөйлеу əдебімізден қай жақтан екеніміз бірден біліне қояды. Өзім Оңтүстіктің тумасы болғандықтан қандай жерге барсам да бір жылулықты, қамқорлық пен мейірімділікті жаным қалап тұрады. Тараздықтар менің қалауымдағыдай. Жүздері жылы, көмектесуге дайын тұрады. Оны өз басымнан өткерген бірнеше оқиғалардан байқадым. Солардың бірі:
Блогқұрылтай -2016:Тараз шарасының соңғы күні болатын. Тарихи жерлерді аралап болған бір топ блогшылар тамақтануға келдік. Сол жерден кейін барлығымыз Блогқұрылтайдың аяқталуына байланысты тарқасатын болдық. Біздің бағытымыз Шымкент қаласы. Біздер деп отырғаным қасымда үш құрбым бар. Тамақтанған дəмханамыз бен Шымкентке баратын авто бекет арасы əжептəуір жер екен. Қолымыздағы жүктерімізбен қоғамдық көлікке міне алмайтынымыз белгілі. Такси ұстадық.
-Сəлеметсіз бе? "Жансаяға" дейін.
-500теңге
-400-ге алып барып тастасаңызшы
-Қанша адамсыздар?
-4 қыз.
-Жарайды, отырыңыздар.
Басқа бағытта кетіп бара жатқан көлігіміз кері бұрылды. Жүктерімізді салдық. Былай ойлап қарасақ біз баратын бағытқа төрт адамға төрт жүз теңге арзан. Таң қалдым. Жүргізуші ағайдың біздің басқа жақтан келгенімізді білген болса керек-ті айтқан жерімізге адастырмай алып келді. Енді Тараз-Шымкент бағытына такси қажет. Бір топ таксист ағайлар жанымызға əп-сəтте келе қалды.
-Қыздар қайда?
-Шымкентке ағай.
-2000. Болады ма?
-Ойбай ағай қымбат қой. Біз Шымнан 1000 теңгеге келгенбіз.
-1500 онда
-Жоқ ағай, қымбат.
-Кеш болып кетті ғой айналайындар. Жарайды 1200- ден.
-Болады. Кеттік
Иəə тараз арзан қала. Адамдары да қамқор. Таксист ағай Тараздық.
Тараз тұрғындарынан тағы бір байқағаным тарихқа деген ерекше көзқарастары. "Көне-Тараз" тарихи мəдени орталығы үлкен базар болған екен. Он мыңға жуық қала тұрғыны өз напақасын тауып жүрген жерді басқа орынға көшіруге тура келеді. Себебі: көне Тараз қаласына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу. Халықтыкөшіру оңайға соқпасы анық. Үйреніп қалған жерлері. Алайда түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде 2011ж базар көшіріліп тарихи-мəдени орталыққа айналды. Бүгін де Тараз қаласында бір базардың орнына, үш үлкен базар жұмысын атқаруда. Бұл да бір тараздықтардың қаланың өсуіне өзіндік ықпалы десем қателеспеген шығармын. Тараздықтардың ерекше қасиеттерінің бірі үнемі көмектесуге дайын тұратыны секілді. Ол жағдайды мен Алматы да жүргенде байқадым. Тараздық тұрғынның маған қалай жақсылық жасағанын қысқаша айта кетейін.
Мегаполис саналатын Алматыға қыдырып келгенім болмаса, қаланы жақсы білмеймін. Оқуды бітіріп, жұмысқа орналасқан мен үшін бастапқыда үйренісу қиынға соқты. Менен бөлек жанымда топтас болған құрбым бар. Уақыт өте келе үйрендік. Қаланы аз-маз жаттап та алдық. Содан бір күні Астана да жүрген топтас жігітіміз Алматыға жұмысқа орналасуға келе жатыр екен. Əпкеммен бірге пəтер жалдап тұратын біз қалай болар екен деп ойладық. Топтас жігіт келді. Енді уақытша орналасатын пəтер керек. Күндік жалға алатын пəтерлер қымбат. Ойыма қайдан келгенін білмеймін Тараздық бір жігіт сап ете қалды. Алматы да жүргенін инстаграм желісінен көріп қалғаным бар. Көмектесіп қалар деген ниетпен уатсап арқылы жаза қойып едім, бірден хабарласып, мəн-жайды сұрады Екеуміз де жұмыс барысымен бір рет қана кездескеніміз болмаса, айтарлықтай жақындығымыз жоқ. Жағдайды білген соң өзінің пəтеріне орналасуға рұқсатын берді. Лайықты пəтер тапқанша тұра берсін деді. О заманда, бұ заман осындай қамқорлық болады екен- ау деп таң қалдым. Сол тараздық жігіт 2015 жылғы дзюдодан əлем чемпионы Елдос Сметов болатын.Тараздың осындай тұрғындарына алғыстан басқа ештеңе айта алмаймын. Жолым түсіп Таразға барсам бір күнімді арнаймын ғой деген жігіттер де табыла кетті. Қысқасы, Тараздық тұрғындар тамаша!