Мен тамашалаған Тараз: Даму

Мен тамашалаған Тараз: Даму
жеке
блог

2011 жыл

Маған бұл қала алғашында үлкен боп көрінген. Биік-биік ағаштары көп, жап-жасыл желекке оранған қала ретінде де есте қалды. Өзінде жылылық бар, бір көргеннен ұнады. Ол кезде қаланы аралауға уақыт болмады ма, білмеймін, орталық саябағына барғаным ғана есімде. Сонымен арада 5 жыл өткен соң тағы бір мәрте Таразға қонақ болу бақыты бұйырған екен. Бұл жолғы сапарда Тараз қаласын мүлдем басқа, жаңа қырынан таныдым. Десек те 2 күн аздық етті... тым аз...

2016 жыл

Оңтүстіктің өзіне тән жылы, шуақты ауа-райы. Блогқұрылтайға асығып келемін, қалаға қарай кештетіп шыққан соң "Фотоаңшылыққа" қатыса алмадым. "Нартәуекел, қуған жетпес, бұйырған кетпес, алда әлі екі күн бар" деп іштей ойлап қоямын. Алдымнан менмұндалап "Тараз. Қош келдіңіздер" деген жазу көрінді, содан соң "Абсент" деген жазуды байқадым. Рио Олимпиадасының чемпионы болған Абсенттің Әулиеата жылқы зауытынан шыққанын білетін боларсыздар. Сол сәйгүліктің құрметіне қойылған, қазіргі таңда жылқы баптап, қымыз өндіретін «Абсент» асыл тұқымды жылқы шаруашылығы деп топшыладым. Сондықтан "Хан қымыз" өнімі арқылы алыс-жақын шетелге танылған шаруашылық жұмысымен алдағы уақытта танысу керегін ойға нық түйдім

Содан кейін "Атакент Тараз" базарын көзім шалды. 5 жыл бұрын көрген орталық базардың орнында қазір мүлдем басқа нысан орын тепкен. Қаланың көне тарихы орталық базардың астында жатқандықтан, оны "Атакент Тараз" базарына көшіруді жөн санапты. Дегенмен сол сауда орнына салынған "Көне Тараз" этнографиялық тарихи-мәдени орталығын көре алдым. Ол жайлы сәл кейінірек.

Тәуке хан көшесімен жүріп барамыз, кенет былтыр ғана Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап салынған монумент көзіме оттай басылды. Барша қазақстандықтар жұмыла бұл тойды дүркіретіп тойлаған едік, десек те ең маңызды шараларды атқару хандық құрылған Шу, Талас өңіріне, яғни Әулиеаталықтарға артылды. Тараз тойына көз тіккен жұрт монументке қарап Керей мен Жәнібектің Қозыбасы жеріне ту көтергенін еске түсіреді. Ал мен бұл кешенді тамашалау арқылы кеңдікті, еркіндікті сезіндім, қаланың кіреберісіне, жазық дала төскейіне бой көтеруін де жақсы түсіндім. 3,5 гектар аумақты алып жатқан ескерткіштің ерекше архитектуралық идеясы тек Керей мен Жәнібек хандарды ғана емес, қақ орталарындағы таза ақ мәрмәрдан жасалған стелланы  бейнелеуі деуге болады. Сегіз қырлы стелланың биіктігі 27 метр. Композициялық туынды авторы Серік Рүстембековтың айтуынша басындағы белгі Ұлықбектің жұлдызы деп аталады, сонымен бірге Қазақ хандығының символына айналған сегіз бұрышты жұлдыз деп қабылдай аласыздар.

КерейТұғырға қонған Керей мен  Жәнібек хандардың мүсіндері үлкен мәнге ие. Керейдің қолындағы қағаз бен қаламға қарап, оның алғаш осы өңірде хандықтың құрылғандығы туралы Жарлық етіп жатқанын аңғаруға болады. Жәнібектің қолындағы найза мен тізесіндегі қылышқа қарап хандық құрылған кездегі қайраты асқан хас батырдың бейнесін көре аласыз.

123

Монументтің дәл қарама-қарсысында "Тараз-Арена" спорт сарайы орналасқан. Бұл нысанмен толықтай таныса алдық, себебі блогерлер арасында бірнеше спорт түрінен жарыстар өтеді деп алдын ала айтылған еді. Әйтеуір үлгердім, қонақ үйге орналастым да, ерекше архитектуралық дизайнмен салынған ғимаратқа тездетіп жете қойдым. 

"Тараз-Арена" спорт сарайы

Аренаның сырт жағында асық атудан, ал іште мини футбол, волейбол, үстел теннисі, шахматтан жарыстар өтетін болды. Алдымен спорт сарайының қызметкерлерімен, жаттықтырушылармен және спортшылармен таныстық. Сонан соң барып кім қай спортты қаласа, соған сай жарысқа қатыса алатын болды. Енді бірі аренаға экскурсия жасап кетті, бірақ мен волейбол ойнаймын деп одан бас тарттым. Соңында ойыншы емес, арбитр боп кеттім. Ойындар аяқталып біз сыртқа шығамыз дегенше күн батып та кетіпті. Қараңғы бата қалса кемпірқосақ секілді түрлі-түсті шамдармен көмкерілген арена сұлулығын тамашалау бақытына ие болдық. Шынымды айтайын, "Тараз-Аренаға" жететін креативті жарықтандырылған ғимаратты әлі еш жерден байқамадым. Мұны мына сілтемеден қарай аласыздар.

Келесі күні Блогқұрылтайдың ресми шаралары басталды. Таңертең еліміздің түкпір-түкпірінен келген блогерлер Назарбаев зияткерлік мектебіне жиналды. Блогқұрылтайдың ашылуы, тренингтер осы мектепте ғана болды. 

НИШ

2013 жылдың 4 шілдесінде ашылған физика-математика бағытында білім беретін мектеп былтыр ғана алғашқы түлектеріне аттестат табыстаған екен (12 жылдық білім беру). 58 оқу кабинеті бар және алыстан келетін оқушылар 120 орындық жатақханамен қамтамасыздандырылған. Заманауи  техникалық құралдармен жабдықталған, атмосферасы тартымды. Оқушылардың демалысына тұспа-тұс барғаннан соң ба, оларды көре алмадым. НЗМ оқушылары алдағы уақытта биіктерден көріп, ғылым мен білім көкжиегінен орын алатынына сенімдімін.

Маралбек ағай

Негізгі шаралар аяқталған соң құрбылармен бірге қала орталығына шықтық. Кез келген қалаға бара қалсам міндетті түрде қоғамдық көлігіне отыруым керек, студент болған соң мұны 100 пайызға орындап жүрмін. Тараз автобустары шағын әрі ыңғайлы екен және тыныш. Жолақысы да қымбат емес. Күнде 90 теңге төлеп үйренген адамға "жолақы 55 теңге" деп айтқан кондуктор сөзі таңданыспен қарауға мәжбүрлейді екен. Қателеспесем 4 жыл бұрын да осылай болды (мүмкін 40 теңге).

"Достық" алаңына жетіп, серуендеуді бастап кеттік. Бұл жолы Төле би көшесінде орналасқан: 80 жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық қазақ драма театры; Тараз қаласының әкімшілігі ғимараты;  Баспа үйі ("Знамия труда" газеті редакциясы); Баласағұн орталық концерт залы; Орталық мешіт және т.б бірқатар нысандар назарға ілікті. Ендігі келгенде міндетті түрде сыртынан қайтпай, ішіне де кіріп шығамыз деп уәделесіп кеттік.

Жамбыл облыстық қазақ драма тетары

Жамбыл облыстық қазақ драма тетары

Тараз қаласының әкімшілігі

Блогқұрылтайдың соңғы күнінде тарихы нысандарды, мәдени орындарды араладық. Бірінші "Көне Тараз" тарихи мәдени орталығына жол түсті. Бұл туралы толығырақ келесі жазбадан оқи аласыздар. Негізінде қаланың даму келбетіне қарап мәліметті көптеп жинауға болар еді. Бұл жазбамнан қаншама өндіріс орындары орналасқан Тараз қаласы туралы біршама іздену керегін байқаған боларсыз. Бұл болашақтың еншісінде дей келе 5 жыл бұрын алып қаладай көрінген шағын қаланың тазалығына сүйсіне отырып тарихын қопаруға бет алдым...