Мен тағы да кешіктім... папа
блог
Ызғарлы желдің қаһарын шашып тұрғанына бүгін екінші күн. Боран сейілер емес. Күз қысқа айналып кетіп, келбетін жоғалтқанға ұқсайды. Тоңып кеттім. Осы күнде біздің қамымызды ойлаған әкем екінші қабатқа шығып, бүкіл жерді бекітіп жүр. Орын алған арпалыста байқаусыздан аяғын шығарып, сындырып алды. Көмек сұрағандай бір орында тұр. Әкемнің жанына анам тез жүгіріп барып, көмек көрсетіп жүр. Мен тіпті, «папа саған не болды?» деген сөзді де айта алмадым. Бұлқынып, ары-бері өтіп, ауырып тұрған әкемді де көзге ілмедім. Сондағысы өзге мектепке ауысуға рұқсат етпегені. Болмашы нәрсе үшін, асқар тауымды шегергенім бе? Тас жүрек болғаным ба? Сол күнгі жағдайдан кейін әкем денесін ауыр алып жүретін болды. Тіпті біраз уақыт төсекке де телміріп қалды. Осы реніштен кейін тоқтасам мейлі ғой. Тағы да сөзге келдім. Қиын өткелдерім бе еді ол кездер...
Біршама уақыттан кейін, анам әкемді көндіріп Жаңақорғандағы емделу-сауықтыру орнына кетті. Ол кездерде әкем жазылып қалған болатын. 5-6 күн өткен соң, күтпеген жерде әкем мен анам үйге оралды. Әкем келе сала үйдің айналасындағы шаруаларды істеп, жүгіріп жүр. Барлық ісі асығыс. Көршілердің барлығын жинап, әңгіме айтты. Бәрі де бөтен қылықтар. Анам ет асып дастархан жаздық. Әкем өзінен өзі бірінші рет ұзағынан құран оқып, бата қайырды. Бәріміз папаға не болған, бұлай жасамаушы еді деп таңқалдық. Кешкісін бөлмеме кірді. Үстімдегі көрпенің жан-жағын дұрыстап, маған ұзақ қарады. Мен болсам сол ашудан арыла алмай, тіпті тіл қатпадым. Бөлмемді қимай кеткендей. Артынан тұрып, кешірім сұрағым келіп жүгіргім келді. Бірақ...Тұрмадым, бармадым...Ертесіне олар қайтадан сол жаққа аттанып кетті. Мен кешірім сұрауға кешіктім.
Нақ сол кездерде мені мектептен «Тау самалы» деген оқу-сауықтыру орнына жіберді. Бүгін менің кететін күнім, ал әкем мен анамның келетін күні. Жолдамын. Сағат 7-ден 15 минут кеткенде әкем қоңырау шалды. Жағдайымды сұрап, біраз үнсіздіктен соң, маған өтініш айтты. «Барған жеріңде жақсы оқы, мінезіңді өзгертіп келші, жарайма. Менің қызым ақылды ғой, кейін хабарласамын...». Телефон өшті. Міне, Тау самалыға да келіп жеттік. Көңілім әлденеге алаңдаулы. Телефонымды алып әкеме телефон шалдым: «Байланыс арасынан тыс жерде». Осылай тоқтамай звандай бердім. Өзімнен өзім әкемді сұмдық қатты сағынып кеттім. Бірақ, құрғырдың телефоны да қосылмай қалды...
Кешке бәріміз кешкі асқа жиналдық. Енді отыра бергенде, таныс дауыс естілді. Қарағаным сол сынып жетекшім: «Гүлжан, құжаттарың дұрыс емес. Кері қайтамыз». Ашуланып, телефонды алып қайта әкеме звандадым. Телефон өшірулі. Ағама хабарласып едім: «Қайт дегесін қайт. Қалай менде бәрі дұрыс қой! Папа қайда? Біраз үнсіздіктен соң, папа ауырып жатыр». Жынданып киімдерімді жинап апайыма ілестім. Түсінсем бұйырмасын. Ағамның досы мұнда не істеп жүр. Неге оның көлігі? Санамда сұрақ көп, бірақ бірде-біреуін дауыстап ешкімге қоймадым. Жолда әкем жайлы әңгіме айта бастадым. Апайым үнсіз. Қатты шаршағаннан ба ұйықтап кетіппін. Кенет, апайым оятып, келдік деді. Көзімді ашқаным сол, қап қара түнек. Көзіме алғаш түскені айқара ашылып тұрған дарбаза. Көліктен шыққаным сол, алдыма арпалысқан апалар қаптады. Бәрі де бірдеңені айтуда. Бірақ, ешқайсысының сөзін естімедім. Санамды әлдене жаулап алған. Орамал...Бұл жаман белгі, оқығаным бар еді ғой, белге байлаған орамал жаман белгі...Жүгіріп зорға жеттім-ау жап-жақын жерге. Неге әкем жатқан бөлме жабулы. Неге? Мына жұрт неге үндемейді? Бәрінің тілі байланып қалған ба? Құдай-ау?! Ағам шықты алдымнан. Шықты да «Папа жоқ, кетіп қалды. Қайда кетті? Неге кетті? Гүлжан, папа енді жоқ, қайтыс болды». Жүрегімді зу етіп ауыр бірдеңе басып өткендей. Есеңгіреген күйі, есімді жинай алмадым...Безіп кеттім...Мен...тағы да кешіктім папа...