Мен сіздерді оқыдым, Лира, Дархан, Аягүл, Ардақ!

Мен сіздерді оқыдым, Лира, Дархан, Аягүл, Ардақ!
жеке
блог

Екі жазушыдан кейін Оңтүстіктің тумасы, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Аягүл Мантаева апамыздың кітабын оқыдым. Кітабының аты «Жаңбырлы көктем» деп аталады екен. Кітапқа жазушы-драматург Дулат Исабеков атамыз алғысөз жазып беріпті. Соңғы жағына: «Әйтеуір, Аягүлдің әңгімелері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Жинақты оқып шыққанда кеудеңе Оңтүстіктің жылы лебі соғып өткендей жан дүниең рахат бір сезімге толады. Ол үшін осы жинақты оқып шығыңыз. Өкінбейсіз. Аягүлдің жаңа шығармасын асыға күтетініңізге кәміл сенемін» депті. Дулат Исабеков атамыз алғысөз жазса, бұл жазушы шынымен де мықты жазатын болар деп ойладым. Содан кейін жазушы апамыздың шығармаларын оқуға кірістім. Бірінші әңгімесі «Томпақ» деп аталады. Көңілімнен шықты. Сюжеті де жақсы құрылған екен. Айжұлдыз деген оқушы қыздың өмірі туралы. Мектептегі достарының семіздігін келеке етіп, «Томпақ» деп атайтынын, бәрі-бәрін диалогпен әрі өзіне тән суреттеу мәнерімен жақсы жазған. Соңғы жағы ғана ұнамады. Шығарманың аяқталуына көңілім толыңқырамады. Он жеті жасында оң жақта отырып дүниеге бала әкелген Томпақ (яғни, Айжұлдыз) сол баласына «Бұлт» деп ат қояды. Көрер көз, естір құлаққа тосын атты неге қолданды екен деп те қынжылдым. Жазушы әпкеміздің кейіпкерлерінің аты да құлаққа түрпідей тиеді. Сумұрын, Әтіргүл, Бұлт секілді есімдерді осы орайда мысалға келтіре аламын. Неге кейіпкерлеріне әдемі әрі ерекше ат қоймады екен? Әлде Аягүл әпкеміз кейіпкерлеріне ат қоюға келгенде сараң ба? Сөз етіп отырған Томпағымыз әңгіменің соңында арықтап, шашы түсіп, жүдеп кетеді. Жазушы әңгімені әрі қарай түсініксіз етіп жіберген. Томпақтың тағдыры, баласының тағдыры не болатынын да ашып жазбаған. Бірақ, ол жазушының өз ықтиярындағы дүние. Дегенмен аяқсыз қалған туынды сияқты көрінді. Екінші әңгімесі «Жаңбырлы көктемде» мектеп жасындағы қыздың басынан кешкен оқиғаларын топтастырып әп-әдемі әңгіме жазған. Әсер етті. Шығарманың соңына дейін не болар екен деп тағат таппай бір деммен оқыдым. Немерелерінің әжесіне «ертегі айт» деп еркелеуі, әжелерінің күнде айтып жүрген ертегілерін күнде өзгертіп айта беруі өзімнің басымнан кешкен оқиғалардай көрінді. Тіпті, барлық баланың балалықпен жасайтын бейкүнә ұрлықтарын да автор осы шығармасы арқылы жақсы көрсете білген. Осы әңгімеден үзінді келтіре кетейін.
«Ақсаңдап соңынан еріп келемін. Үстіне мінуге қолайлы шие ағашына екеуміз бірге өрмелеп шықтық. Қызыл шиелерді бірінен соң бірін ауызға тығып жатырмыз. Тойсақ та көзіміз тояр емес. Бір-бірімізге қарап, жымың-жымың етеміз. Оң аяғыма тас келіп тигенде теңселіп барып, бой түзедім. Бөрте ағаштан секіріп қашып кетті.» 
(А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 33-бет)
Шие ұрлап жеп жатқан екі қызды сары бала ұстап алмақшы болады, бірақ Бөрте қашып кетеді. Сары бала Нұрым Айканың аяғына тас атып жаралап жібереді. Абырой болғанда Нұрымның әжесі келіп араша түседі. Осы оқиғадан кейін Нұрым мен Айканың арасында барлық балалардың басында болатын алғашқы сезім оянады. Бір-біріне ғашық болып, есейген кезде қосыла алмайды. Кінә кімнен екенін де тап басып айту мүмкін емес. Жазушы бұл әңгімесін былай аяқтаған:
«Алматы. Бұлтты күн. Алматы сары балаға деген сезімімді ұмыттырған. Нөсерлетіп жаңбыр жауып кетті. Қолшатырым жоқ. Жапырағы қалың ағаштың астын паналадым. Қасыма сақал-мұрты өсіп, беті домбығып іскен, көзінің алды көгерген қаңғыбас жігіт келді. Әлгі қаңғыбас жігітке енді көз тоқтата қарадым. Таныс бейне. Мына қаңғыбас жігіт сары бала емес пе? Ол да менің көзімнен отсыз жанарын алмай ұзақ қарады…»
(А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 43-бет)
Бір нәрсені анық айтуға болады, бұл әңгіменің деңгейі жоғары, ал шығарманың жоғарғы деңгейде болуы жазушының қарым-қабілетін көрсетері сөзсіз. Аягүл әпкеміздің «Қабір гүлі» деп аталатын әңгімесі де оқуға тұрарлық. Әңгімені оқып, көңілім бұзылды. Оқиғаның өрбуі де, өтуі де қарапайым. Бірақ терең мағыналы дүние екендігінде дау жоқ. Зират басына барған кішкентай Бұрым есімді қыз қабірде өсіп тұрған қызыл гүлді жұлып алып, иіскейді. Екінші күні төсегінен тұрмай, ана дүниеге аттанып кете барады.
Осы оқиғалар автордың шығармасында былайша көрініс тапқан:
«Сарша тамыздың соңғы күнінде Есіркеп көкемнің қызы Бұрымның өлімі туралы қаралы хабар жетті. Түнде ұйықтағаннан қайтып оянбапты. Зиратқа барғанымызда Бұрымның топырағы кеппеген қабірден қып-қызыл әдемі гүлді жұлып алғаны есіме түсті (А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 51-бет).
Кішкентай Бұрым қабірдегі гүлдің иісі мен алыстан көз тартар әдемілігіне бола жұлып алған еді. Бірақ сол гүл өз ажалына айналарын біліп пе еді… Әңгімені оқығанда осындай ойлар санамда тұрды. Қызына әкесінің айтатын әңгімесі де тартымды шыққан. Бұны әңгіменің ішіндегі әңгіме деуге де болады. Әкесінің айтқан әңгімесі тарихта болған оқиға. Ол әңгімеде атақты қолбасшы Наполеон Бонапарттың әйелі қабірдегі гүлді иіскеп қайтыс болғандығы және қолбасшының қабірде өскен фиалка гүлін төс қалтасына салғаннан кейін көп кешікпей мерт болғандығы баяндалады. Жазушының тарихтағы болған оқиғаны өзінің шығармасына әдемі қолданғандығы көңілімнен шықты. Автордың шеберлігіне тәнті болдым.
«Ауылға барған сайын шебер қылқалам иелері сала алмайтын әдемі картиналар көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатады. Сол картиналардың артынан «мені ұмыттың ба?» деп қып-қызыл ажал гүлін иіскеп, бірде күлімсіреп, бірде мұңайып тұрған Бұрымды көрем» (А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 53-бет).
Осы екі сөйлемнің өзінен-ақ автордың қаламының қарымды екендігін аңғаруға болады. Жазушы өз шығармасында өмірде болған оқиғаны көркемдеп, әсерлі етіп берген.
Алайда осы әңгімесінен кейінгі туындыларын тұшынып оқи алмадым. Тілінің жұтаңдығы, әңгімелеріндегі сюжеттік байланыстың үзіле беруі маған онша ұнай қоймады. Тағы бір айта кетерлік жайт, жазушы әпкеміз өте қысқа жазады екен. Қысқа жазғандары да жұп-жұмыр, бас-аяғы бар дүние деп айта алмаймын. Мысалы, жазушының «Маргарита» әңгімесі тіптен ұнамады. Басы жақсы басталған еді, аяқ жағы сұйылып кетті. Автор неміс қызының тез есейгендігін көрсеткісі келген. Қызығып оқып, тамсана айтып жүрердей әңгіме емес. Шығарманың соңына таман жетінші сыныпта оқитын неміс қызы Маргарита жүкті болып қалады. Тағы да әңгіменің түйінін жүктілікке әкеп тіреген. Ең бірінші әңгімесі «Томпақ» та осылай аяқталып еді, бұл да соны қайталағандай әсер қалдырды.
«Колхоз жұмысына ерте келіп, үйіне кеш оралатын құрылысшы Федор ағай сирек те болса, үйге бас сұғып тұратын. Екеуі шарап ішкен күндері «Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым» деп ән салатын. Федор ағай Шәмшінің әндерін бұзбай қоңыр даусымен жақсы айтушы еді» (А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 75-бет).
Келтіріп отырған үзіндіні кері оқыдым. Шәмшінің әнін бұзбай жақсы айтады деп, жазушы апамыздың өзі ән мәтінін бұзып жазып қойыпты. Шәмшінің әндерін барлығымыз да бала кезімізден естіп өскенбіз. Бұл ән «Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым» деп басталушы еді. Әлде Аягүл әпкеміз бұл әнді басқа нұсқада естіді ме екен?.. Атақты композиторымыздың әнінің мәтінін неліктен қате жазғанын түсіне алмадым? Осы әңгімесінің аяқ жағындағы сюжетті жазушы тым қысқартып жіберген. Құр баяндау болып кеткен. Әңгіменің аяғында Маргарита Коля есімді жігітпен көңіл қосады. Ал, ол жігіт Маргаританың әкесін өлтіріп тынады. Ешқандай тәрбиелік мәні жоқ, өмірдің жаман жақтарын әңгімесіне арқау етіпті. Үлкен-үлкен оқиғаларды автор екі-үш сөйлемге сыйдырып жіберген. Не диалог, не кейіпкерлерінің көзқарастары да жоқ. Өз атынан баяндай салған. Соңғыларын алдыңғы екі әңгімедегідей қызығып оқи алмадым. «Жазушы» әңгімесі де түсініксіз. Көлемі әңгімеден гөрі эссе жанрына келіңкірейді. Шығармадан үзінді келтіруді жөн көріп отырмын.
«Күлкісін тоқтата алсайшы. Қанша күлерін кім білсін, екі адамды көрді де күлкісін сап тыйды.
Бұл адамдар – жазушының жаңа әңгімесінің кейіпкерлері еді. Бірі – өз бауырын пышақтап өлтірген жас жігіт, екіншісі – үш баласын сәбилер үйіне өткізіп, жезөкшелік жолға түскен әйел…» (А.Мантаева, «Жаңбырлы көктем», 2009 жыл, 87-бет). Біріншісін «өз бауырын өлтірген жігіт», – деп, ал екіншісін «жезөкшелік жолға түскен әйел» деп неліктен суреттеп отырғанын түк түсіне алмадым. «Кішкене сыпайылып жазбады ма екен» деген сауал оқырман көкейінен орын алары сөзсіз. Жаңағы айтып отырған жазушы кейіпкеріміз шығарманың соңында есі ауысқан адамша бүй дейді:
« – Менің періштем келді, оны да, мені де кінәламаңдар, – деп біреуді сүйіп, еркелетеді…»
Автордан тәрбиелік мәні бар әңгімені күтіп едім. Бұл әңгімесін қабылдай алмадым. Соңғы әңгімелерін оқып болып, кітаптың соңғы бетін де жаптым. Шыдамым сыр бере бастады. Аягүл әпкеміз формалық ізденістерге барамын деп, әңгімелерін бұлыңғыр етіп жібереді екен…
Қаламын өмірлік серік еткен әпкеміз жазушылықты тастап кетпесе, өз оқырмандарын табады деп ойлаймын. Бір-ақ нәрсені анық айта аламын: Аягүл Мантаева – менің жазушым емес.

Жалғасы бар...

Сурет: zhasorken.kz