Мен сенемін...

Күнделікті жаңалықтарды ашып қарасақ, жан түршігерлік оқиғаларга тап боламыз. Анасы жаңа туылған сәбиін пәлен сомға сататын, арзымайтын бір тон үшін үйде жалғыз қалған кішкентай бөлесін бауыздайтын заманда қоғамдағы адамгершілік, бірлік, қамқорлық және де бауырмашылық деген асыл қасиеттер ұмытылды деп есептеген едім. Алайда, соңғы екі аптада менің университетімде  “One University-One Team” ұраны аясында өткен қайырымдылық іс-шаралар менің бұл күдігімді түбірімен жойды.

Назарбаев Университетінің 1-курс студенті болып табылатын Шынгыс Мағзанов жақында ақ халаттылардан суық хабар естіді. Оның ағзасынан қатерлі ісік табылды. Өзінің өміріне күресу үшін ол Оңтүстік Кореяның дәрігерлеріне жүгінуге мәжбүр болды. Қатерлі ісікті жою үшін дәл қазір  Шынғысқа химиотерпия курсын өту қажет. Ол үшін 48 000 $ қаражат керек болатын.

Шынгыстың жақын достары бұл хабарды естіп: неге барлығымыз бір университет болып ақшалай көмектеспеске деп сұрақ қойды. Өйткені, Шынғыс бөтен біреу емес қой. Кеше ғана бірге күліп ойнап жүрген едік. Ал енді бүгін осындай бір ауыр жағдайға тап болған кезде біз оны қалайша тастап кетеміз? Осы оймен университетіміздің белсенді студенттері ақша жинау үшін әр түрлі іс-шараларды ұйымдастыра бастады.

Университеттің кіре берісінде арнайы жәшік орнатылды. Университет жұмысшылары, студенттер және профессорлар осы жәшіктің қасынан құр өтпеді.

“Food Fair” атты іс-шарада студенттер өздері дайындаған дәмді тағамдарды алып келіп жәрмеңке ұйымдастырды.

“Garage Sale” атты іс-шарада студенттер өздері қолданбайтын заттарды алып келіп басқаларға сатты. Оның ішінде кітаптар, майшамдар, ұялы телефондар және т.б. заттар болды.

Одан бөлек факультеттер арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Акция аясында университетіміздің құрама командасы "Астана" футбол командасының жастарымен достық кездесу өткізді.

Осы сияқты іс-шаралар Өскемен және Алматы калаларында да ұйымдастырылды. Шынғыстың бұрынғы мектебі де құр қалмады. Олар да бар күштерін жұмылдырды.

Қуанышымызға орай "One University-One Team" акция аясында небәрі екі апта ішінде 32 000$ ақша жиналды.

Шынғыстың ауыр жүгін бүкіл университет болып көтергенімізді мақтан тұтаным. Осыншама адамды біріктірген бұл күрес менің адамзатқа деген сенімімді тек арттыра түсті. Осы бір қиын заманда қамқоршылық, адамгершілік, бауырмашылық деген қасиеттер жоғалмапты. Ағайын, осындай асыл қасиеттерімізді сақтап қалайық. Мен сенемін. Сақтап қалатынымызға сенемін. Ал сіз сенесіз бе?



Бөлісу: