Тойдың нағыз қызған кезі. Екі жастың отау құрған мерекесінде қонақтардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Күні бұрын дайындығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көзге көрініп-ақ тұр. Сірә, той иелері бақуатты жандар болса керек-ті. Еліміздің танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, екі жасқа ән шашуларын арнап жатыр. Тойдың көркі сәт санап құлпырып келеді. Той иелерін танымаса мені мұнда неге жүр деп ойлап да қойған боларсыздар... Соңғы кезде асабалық өнерді үйренуге ден қойып жүргенмін. Ағамның бір досы асаба болатын. Бүгінгі керемет тойдың сәнін келтіріп жүрген сол жігіт еді. Ә дегеннен-ақ:
- Той тілектен басталады
Ой Жүректен басталады
Шақырған соң ортаға
Тамада тойды басқарады, - деп алдарыңызда тұрған
Бұтағы бабасының
Ұрпағы атасының
Шуағы әжесінің
Тұяғы әкесінің
Тілегі анасының
Тірегі ағасының
Түлегі даласының
Мен қазақ баласымын, - деп
Үйір болған жылқының
Арасында тайы бар
Жымыңдаған жұлдызы
Аспанның да айы бар
Қазы менен қартаның
Жанға жайлы майы бар
Таудан аққан бұлақтың
Су жағалар сайы бар
Лимон менен сүт қосқан
Қазақтың да шайы бар
Керек десеңіз ағайын
Құрбақаның да байы бар
Тақырыппен қозғалса
Әр нәрсенің жайы бар- демекші, ендеше ағайындар тойларыңыз жаман болмасын десеңіздер шапалақты аямай-аямай соғып отырыңыздар - деп той тізгінін ала жөнелді.
Алғаш болып бата-тілектерін арнаған бір ата мен апаның сөздерін жалғай түсіп, әзілмен орағытып:
- Ау, ата батаңыз платный ма десем, класный екен... Ооо апамыздікі де керемет. Сөз жоқ.
Басыңыздағы жаулығыңыз кірлемесін
Жасыңыз ендеше жүзге келсін
Бүгінгі той қуанышпен біткеннен соң
Бір емес, екі пенсияңыз бірге келсін - деп жұртты бір серпілтіп алды.
Нағыз қызық тойдың ортасында болды. Жұрт мұндайдайды күтпеген еді. Жаңа дастархан басында отырғанда үйленіп жатқан жігіттің екінші рет қалыңдық алып жатқанын естігенмін. Алғашқы жарымен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кеткен екен. Кезекті сөз кезегінен кейін асаба:
- Ал енді ардақты ағайын, тұра берсек-аялдама, айта берсек-баяндама демекші, баяндама болса да аян ғана мына бір хатты оқып беруге рұқсат етіңіздер- деді.
- Жаңа осы ресторанға кіріп келе жатқанда бір қыз ба, келіншек па осы хатты маған берген еді. Ішінде менің тілегім мен той иелеріне деген сыйлығым да бар деген-ді- деп хатты оқи жөнелді.
Ресторан залында жан баласы жоқтай тыныштық орнады. Қап, тойдың шырқы бұзылатын болды-ау деген ойдамын... Алғашқы жары шығар бәлкім?...Әркім әр қилы ойлап кеткен секілді...
- "Құрметті Сәкен мен Гүлзада сіздерді отау құрған тойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты болыңыздар! Алда күтіп тұрған өмір жолында жұптарыңыз жазылмасын деп тілеймін. Алайда Сәкен мен сені қимаймын"...
- Ооо сыры ашылайын деді ме қалай?- деп асаба сөзін жалғай түсті.
- " Сенімен өткізген әрбір күндерімді қимаймын. Сенің сол бір ерке шақтарың, шат күлкілерің менің жадымда мәңгі жатталып қалады. Менің құшағымда өткізген күндеріңнің бал қылықтары әлі есімде. Сен мені жақсы көресің. Оны менің жүрегім сезеді. Әлі мені сағынатын боласың...Оған сенімдімін. Мен сені жақсы көремін. Сенде де солай болар... Мен сені ұмытпаймын...Сен де мені ұмытпауға тиіссің..."
Аздап кідіріс болды. Сәкеннің жүзіне қарасам түтігіп кетіпті. Бейне бір өрт сөндіргендей...Бұл кім болды екен деген сұрақ әр жанның көзінде сайрап тұрды...
- Бұл хатты жазған ізгі сәлеммен, ізгі сәлеммен (қайта қайталап), ол сенің - БАЛАЛЫҚ ШАҒЫҢ.
Осы сөз айтылғаннан кейін жұрт жадырап, бар ықыласымен шапалақ соғып, той көркін бимен қыздыра түсті.