Ғасырлар тоғысы мен ұрпақтар сабақтастығы арасындағы алтын көпір- бабалар аманаты. Бұл аманаттың әр дәуірдегі өзіндік құны мен өлшеусіз бағасы осы көпірдің негізгі дәнекері. Бабалар мұрасын зерттеу талабы күшті жас ұрпақтың ұлт алдындағы борышы! Дәл осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Филология және әлем тілдері факультетінің ҚТӘ-104 тобының ұйымдастыруымен, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қозыбақова Фатима Ақынбаевнаның жетекшілігімен түркі халықтарының көрнекті өкілі, түркі мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан орта ғасырлық ақын, ойшыл Жүсіп Баласағұн еңбектерін дәріптеп, «Жүсіп Баласағұн мұралары» атты ғылыми конференция өтті. Ғылыми конференцияда студенттер Ж.Баласағұн ғұмырнамасына арналған ғылыми реферат қорғап, күні бүгінге дейін адамзат тарихында өшпес із қалдырған ойшылдың асыл мұралары, ғалым атына берілген мәдени орындармен көрермендерді таныстырып, «Мен сені көп іздедім, асыл бабам! » тақырыбында қойылым қойды. Есіму әлемдік әдебиет пен мәдениетте «Құтты білік» дастаны арқылы мәңгі сақталған ұлы тұлғаның асыл аманаттарын ардақтау мақсатында өткізілген ғылыми конференция жоғары деңгейде өтті.