Мен сені де жақсы көрем
блог
Еркек пен әйел арасындағы махаббаттың мәңгілік болуы өте сирек.
Мәңгілік махаббат бар, ол – Ана махаббаты.
УЗИ-да жатырмын. Жүрегім лүпілдеп барады. Неге екенін білмеймін менің түйсігім үшін дәл қазір баланың денсаулығы маңызды болып тұрған жоқ сияқты. Алдымен жынысын айтса деген ой мазамды алып барады. Басының, кеуденісінің өлшемін айтып жатыр. Аяқтарын, саусақтарына дейін көрсетті. Жүрегінің лүпілін тыңдатты. Ал менің бар ойым қыз ба екен, әлде ұлды Аллаһ нәсіп қылды ма?- деп жатыр. Ақыры шыдамай кеттім де, сұрағымды қойдым:
-Бұл бірінші балаңыз ба- деп сұрады бірден.
-Жооқ үшінші.
-Алдындағылар...
-Екі қыз...алдындағы екі қыз.
-Ендеше тағы бір қызды қосып алыңыз- деп жымиды.
Жауап ретінде жимия салайын деп едім, қолымнан келмеді. «Қыз» деген сөзі төбемнен су құйып жібергендей болды. Емханадан жылап шықтым. Ренжіп келе жатырмын ... бүкіл әлемге...өзіме... ішімдегі бейкүнә балапаныма. Бейне бір туған-туыс, жақындар мені бұл жағдайға кінәлайтын іспетті. Аялдамаға бардым да ебе-дебе болып жыладым. Иә.. ақымақпын. Тәубемді ұмытып кетіппін. Шүкіршіліктен асып, шайтаным түртіп кетіпті. Бір сәбиге зар болғандардың қамын ойламаппын. Кесірлікке салынып, баласынан айрылып зар қағып отырғандарды елемеппін. Есімді тез жиып алдым. Аллаға шүкір, Аллама сан мадақ. Дереу көзімнің жасын тыйып, сабама түстім. Не деген ақымақ ем. Алланың бергені нәсіп. Мендей сорлының маңдайына бір емес үш бірдей ханшайым бүлдіршінді жазған үшін рахметімнен басқа не айта аламын, расында. Дені сау, ақыл есі дұрыс бала берген тағдырыма алғысым шексіз.
Бөбек іште жатқанда-ақ дауыстың бәрін ести алады екен. Анасы мен әкесінің даусын ажырата біледі деп оқыдым. Тіпті кейде ұнамайтын дыбыстарға «ренжіп» бұртиятын да көрінеді. Сондықтан балапаным манағы мамасы айтқан «ақымақ» сөздерін естімей-ақ қойсыншы деп тілеп отырдым.
Әйел болу шын мәнінде бақыт. Дүние тірлігі, уайым, жұмыс, үй жай... дегендер , құрсағында жүрегі лүпілдеп, жаңадан жарыққа келгелі жатқан бөбеутің барын, қозғалысын, керілуін, тіпті.. тіпті кішкене жаурап қалса ықылық атуының өзін сезінуі- бақыттардың бақыты. Бала екеуі бір денеде болуы, жүректерінің біріне бірі тым жақын соғуы, арадағы керемет бір үйлесімділік- міне әйел үшін ең маңызды. Әр бөбек қалаулы бөбек болуы тиіс. Өзінің анасына шын мәнінде керектігін сезінуі абзал.
Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ, әрине. Бірақ осы мәтел ана мен бүлдіршіндердің тарапына қатысты болмаса екен деген ниеттемін.
Мамаң сені жақсыыыы көреді бөбегім. Алла куә.Массагет куә. Оқырмандар куә.