МЕН САҒЫНҒАН БІР АДАМ

Ол кісі жайлы ұмытып та кетіппін. Әке-шешемнің үйінен бөлек шығып, бала-шаға асыраумен әлек боп кеткендіктен бе, әлде, ғаламторға байланып, шынайы өмірден жарты қадам алыстаған соң ба, тіпті есіме де алмай қойыппын. Кеше, сол кісінің немересінің тойына барғанмын. Тост сөйлегендер сол кісі жайлы естеліктер айтты, соның әсері ме, тойдан келгелі сол кісі оқтын-оқтын есіме түсіп жатыр...
2007 жылы 87 жасында дүниеден өткен Жұманазар ақсақалдан ауылдың бәрі аяқ тартатын. Шамына тисең қолындағы таяқпен салып қалудан тайынбайтын мінезін елдің бәрі білетін. Менің көршім, әрі маған 5 атадан қосылатын бұл шал қанша жерден тентек болса да, мені көрсе айналып-толғанып, емешегі езіле қалатын болған соң ба, мен ол кісіге шаң жуытпайтынмын. 
Ол кісі мені өз баласындай көрді (мені ғана емес, әке-шешемді де, бір туған бауырларымды да). Газеттер мен журналдарды бас алмай оқитын көзі ашық шал еді. Үйіне барып, төріне жатып алып, мен де қосылып газеттерін сағаттап оқитын кездер-ай. Жаңа газет журнал келсе, маған немерелерін жүгіртіп жіберіп "атам шақырып жатыр, газет-журналдар келді" деп сәлемдеме айтып жіберетінін қалай ұмытайын?
Бірақ, ол кісіге менің футболды "өліп тамашалайтыным" ұнамайтын. "Сені әжептеуір бала десем, сенің де ақымақтығың бар екен ғой" деп ұрсып қоятын.
Ол кісінің үйіндегі әжеміздің әлі көзі тірі. Кеше той болатын күні үйіне барғанымда мені құшақтап, "шырағым-ау, амансың ба, үйге келмей кеттің ғой" деп кемсеңдеп жібере жаздағанында, менің тұла бойым елжіреп кетті... Шынында да, сол шаңырақты, бір кездегі екінші үйім болған отбасыны естен шығарып алғаныма ұялдым...



Бөлісу: