Мен саған ғашық болып қала берем...

   Мен сол бір аруды ұмытқым-ақ келеді. Енді кездеспейміз де деп ойлаймын. Бір көргеннен ғашық болу дегенге сенбейтін едім...(әлі де сенбеймін деймін...)

   Сол бір күні жаңбыр жауып тұрған. Достарым мені вокзалдан Алматыға шығарып салды. Поездға мініп жайғасып алған соң, достарым кетуге ыңғайланды. Арасынан бір қулау досым: “мына баланың аздап “ұстап” қалатын әдеті бар” деп әзілдемесі бар ма? Ыңғайсызданып қалдым. Қасымдағы жолсеріктерім менен ертерек келіп жайғасып алған екен. Тура түсініп қала ма деп қуыстанып қоямын. Жоғарғы қабатта отырған бір кісі: “Ұстап қалса бізде ұстап аламыз” деп күлді. Оған қоса қарсы беттен бір қыздың күлкісі де қосылды. Не керек бәріміз бір күліп алып, Алматыға жол тартып кеттік.

   Өз орныма жайғасып отырғаннан кейін көзім ілініп кеткен екен. Кенет  тықырлаған дыбыстан оянып кеттім. Таныс дыбыс... Ненің дыбыс еді? Есіме түсіре алмай жатырмын. Мана қарсы бетте бір қыз отырған. Сол жақтан шығып жатқан секілді. Басымды көтеріп қарасам сүп-сүйкімді бір қыз отыр (алдында жайғасқан қыз емес). Үстелде тоғызқұмалақ тақтасы тұр. Еее тоғызқұмалақ екен ғой...(Бәсе таныс дыбыс). Әлгі ару жарысқа келе жатыр-ау шамасы, жүріс санап, жазып алған ойындарын қайталап отыр. Мен де басымды көтеріп, қыздың көз ілеспес шапшаңдықпен таратып отырған тастарына (шариктеріне) қарап қызығып кеткенімді аңғармай қалсам керек-ті...

-         Тоғызқұмалақ ойнай аласыз ба?

-         Ия, кезінде ойнағанмын...

-         Кішкентайыңызда ма?

-         Сол 7-8 оқып жүргенде шығар...

Аздап үнсіздік орнады. Өзі ашық-жарқын ақкөңіл ару көрінеді. Бірінші болып тіл қатты.

-         Онда есіңізде болар, ендеше ойында неше құмалақ (шарик) болады? Осыны білсеңіз мен сізді есіңізде деп айта аламын.

-         Ойында 162 құмалақ болады

-         Жоқ таппадыңыз?...

-         Ааа мен тұздықтың тастарын есептемей айтып отырмын...

-         Ия, сіздің есіңізде екен ғой. Менің қатысып жүргеніме 1 жылдан асты. Облыстың атынан жарысқа бара жатырмын.

-         Жақсы нәтиже екен. Мен сол оқып жүргенде Орта Азия біріншілігіне қатысқанмын. Басында жеңіп келе жатып, соңынан ұпай жоғалтып алдым. (кезінде қатысқаным рас-ты).

-         Онда профессионал екенсіз ғой...

   Осылайша сол бір арумен танысқан едім...Бал-бұл жайнаған жүзінен ертеңіне деген сенімділіктің самалы есетіндей. Мейірім тұнған жүрегінен ізгіліктің нұры шашырайтындай. Ішкі жан дүниесімен бірге сыртқы келбеті де астасып жатқандай...

 Таңертең тағы да таныс үннен оянып кеттім.

-         Сізді оятып жібердім бе? Ренжімеңізші – деді.

Сол сәтте телефоны да безектеп қоя берді. Құттықтап жатқан секілді ме?...Аяғымды сылти басып, беті-қолымды жуып қайттым (жолға шығар алдында аяғымды жарақаттап алған едім). Әлгі ару дастархан жайып қойыпты. Сосын бірге тамақтанып алдық.

-         Бүгін мен үшін ерекше күн білесіз бе?

(Манадан бері құттықтаулар келіп жатқаннан кейін туған күні екенін сезгенмін).

-         Туған күніңізбен құттықтаймын!-дедім.

-         Қайдан білдіңіз?

-         Сездім...

-         Тағы да?

-         ?

-         Тағы да, мен сізді жолықтырдым!Бұл мен үшін ерекше...(арғы жағын ести алмадым...мен сізді жолықтырдым...)

Алматы вокзалы... Қимай тұрғандаймын... Ол да...

-         Туған күніңмен тағы да...Мынау менің сыйлығым – деп соңғы оқып жүрген Бақытжан Алдиярдың «Құбыла» кітабын сыйға тарттым.

-         Ішіне тілек жаздыңыз ба?

-         Ұмытыппын...бере тұрыңыз..

-         Телефон нөміріңізді де жаза салыңыз...- деді қулана.

Бір параққа бірнеше сөйлем тілек жазып, соңынан бір шумақ өлең қосып арудың қолына қайта ұстаттым.

-         Рақмет сізге!

-         Кейін оқырсыз тілегімді – дедім.

-         Жарайды – деді де қолына ұстаған күйі күліп қана (жанарындағы жасты күліп жасырғандай ма қалай?)  қоштасып жүре берді...

    Өз ойыммен арпалысып келемін. Бір басымда бір ғасыр ой тулап жатқандай. Абыр-сабыр адамдар, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан. Кенет көзім жерде жатқан ақ парақты шалды. Мана мен қызға жазып берген тілек...Түсіп қалыпты-ау...Қап!... Лақтырып кетті ме екен? Жоқ олай болуы мүмкін емес...Оқымады да ау...Қайта алып оқып шықтым... «....... мен сені туған күніңмен құттықтаймын! Бүгінгі жарыста мен саған сәттілік тілеймін!» және соңынан:

Сезіміңді ұрлатып ала көрме,

Жүрегімді қайтесің нала жеген.

Сен маған ғашық болып қала көрме,

Мен саған ғашық болып қала берем... – деген өлең шумағы бар-ды...Не үшін бұлай жазғанымды бір сәт түсінбей де тұрмын...Мұны жаздырғын не құдірет?...

   Адам биікке қанша жоғарылағанын артына мойын бұрып қарап біледі емес пе? Кейде артыма қарасам, сол бір ару маған қарап қолын бұлғап тұрғандай көрінеді... Бәлкім сол ару мені есіне алса, мен оның көңілінде аяғымды сылти басып әлі жүрген де шығармын...

 



Бөлісу: