«Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...»
Есірткі – естігенде жаның түршігіп, атынан-ақ қорқа бастайтын әлем дертіне айналған уды қолданушылар арасындағы «жұқпалы ауру» дер едім. Бір адамды ғана улап қоймай, бүтіндей отбасының шырқын бұзатын зиянды нәрсеге неге екені белгісіз кей азаматтар тәуелденіп, адам танымастай өзгереді. Отбасы, ата-ана, бала-шаға, достарын улы затқа айырбастауға дайын тұрады.
Өзіміз біліп, естіп жүргендей, есірткі – адам өміріндегі ең қауіпті нәрсе. Адам баласын ессіздікке әкеліп, жолынан тайдырады. Сондықтан да есірткі қазіргі таңда өзекті мәселе болып келеді.
Есірткінің таралуы 1840 жылы Англия елінің алкогольге тыйым салу заңымен байланысты. Яғни, алкогольдің орнына опиум таблеткалары сатылымға шықты. Кейін бұл өркендеп, сатылым көбейе бастады. Сол кезде шамамен Англияның 5 пайызы сол таблеткаларды тұрақты қолданған. Алайда, халық екі топқа бөлінді. Біреуі бұны қолдаса, ал екіншісі қарсы болды.
Есірткілік заттарға дағдыланғандар нашақорлық-наркомания ауруына тап болады. Көбінесе бұл аурумен жасөспірімдер ауырады. Әрине, тек жасөспірімдер емес, сонымен қатар ересек адамдар да бұл қатарда бар. Есірткіге тәуелділік бірден басталып кетпейді. Оны алғаш қолданғаннан кейін психикалық тәуелділік пайда бола бастайды. Ал, кейін физикалық тәуелділік туындап, адам түбегейлі «ессіз есірткіге» құл болады.
Бұл нәрсеге әуестену бір ғана себептен бола қоймайды. Онда көптеген себептер мен салдар болуы мүмкін. Көбіне алданып немесе еліктеп немесе қорыққаннан тұтынып кететіндіктен, жасөспірімдерге қауіп көбірек төнеді.
Жасөспірімдер болса әлі әлемнің қандай екенін білмейтіні сөзсіз. Біреуге еліктеп не өмірдің оң-солын ажыратып үйренбегендіктен, осындай «бұралаң» жолға түседі. Алдымен олар жәй дәмін көруге және не екенін білуге қолданады. Бірақ, кейіннен бұл үлкен тәуелділік пен ессіздікке әкеледі.
Ойланып қарасақ, адам өз ақшасын өзінің басты байлығы – денсаулығын құртуға жұмсайды.
Жасөспірімдердің бұл жолға түсуінің тағы бір себебі – ата-ананың уақытылы көңіл бөліп, тәрбие бермегенінен де болады. Бала психикасында өзіне деген сенімсіздік пен өзгенің қамқорлығына мұқтаждығы көрініс табуы да ғажап емес. Егер де ата-ана дұрыс тәрбие бермесе, не баланың өмірін қадағаламаса бала осындай әрекетке барары сөзсіз. Тағы да бір себебі – баланың ортасы, достары. Нашар орта есірткіге итермелеп, біреудің өмірін құртуы мүмкін. Есірткінің зиянды жақтарын айтпаса да белгілі.
Бұл мәселенің алдын алу жолдарына тоқтала кетейік. Ең бастысы, есірткі өмірге ешқандай жақсылық әкелмейтінін, денсаулықты құртатынын түсіну. Егер де бала түрлі үйірмелерге қатысып, ойын бөлсе, онда оның бұндай жаман нәрсеге түсуге ойы да, уақыты да болмайды. Және де ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстану. Денсаулық – басты байлығымыз. Сол байлығымызды зиянды әрекеттерді пайдалану арқылы құрту дұрыс емес. Одан кейін оны қалпына келтіру қиын болады немесе тіпті қалпына келтіре де алмай қалу мүмкіндігі бар. Сондықтан да, әр адам өзінен, өз отбасынан бастап «Есірткіге жол жоқ!» ұстанымын ұстанса, игі істің бастамасы болар еді.
#УПНДПКЗО
Отанбаева Анэль Болатбеккызы
Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы
№273 орта мектептің 9 «А» сынып оқушысы