Күші сарқылған, тамырлары кесілген дене. Ештеңені сездірмейтін бөлек көзқарас. Түсініксіз сөйлеу, ең қарапайым деген сұрақтардың өзіне жауап бере алмау. Ең бастысы, айналада болып жатқан нәрселерге толық немқұрайлылық, өмірге деген қызығушылықтың болмауы. Иә, келісемін, бұл қорқынышты көрініс, және оның атауы - нашақорлық.
Неліктен адамдар есірткі қабылдайды? Негізінен, адамдар есірткіні көңіл көтеру, босаңсу үшін қолданады, ал оның салдары жайлы тіпті бас қатырмайды. Менің ойымша, нашақорлар - болашағы жоқ адамдар, олар тек миын, өкпесін, бауырын құртатын есірткі туралы ойлайды, ал ол туралы ойлар күш пен ақыл-ойды бұзады. Нашақор – әлеуметтік мәйіт. Ол қоғамдық істерге араласпайды, оны ештеңе де қызықтырмайды. Есірткіні сатып алу және қолдану олардың өмірлік мәніне айналады. Ең жаманы, олар айналасындағыларды осы іспен айналысуға шақырады. Сол себепті, кейде нашақорлықты эпидемиялық инфекциялық емес ауру деп те атайтыны тегін емес.
Есірткі сатушылар нашақорлыққа шалдықсын,есірткіні сатып ала бастасын деп әдейі өз адамдарын жасөспірім топтар арасына жібереді. Жасөспірім бір рет болсын сол есірткінің дәмін татсын деп , олар кез - келген сұмдық қулыққа барады. Алдымен олар есірткіні тегін ұсынып, «байқап көр, бұл жағымды, қызық», - деп сендіре бастайды.
Есіңізде болсын, егер біреу сізге есірткі сатса, ол бұл үшін ақша алады. Ал, сіз біреудің пайдасы үшін өз өміріңізді құрбан етпеңіз, себебі, бір есірткінің өзі өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Есірткі әр адамның ағзасына қалай әсер ететінін ешкім де білмейді. Бірі көп рет қабылдады – ештеңе болмады, ал кейбірі бір рет қолданғанда - ақ жан тапсырды. Есіңізде болсын, есірткі тіпті ең мықты, ақылды, ерік жігері күшті адамдарды да өлтіреді, оны ешкім жеңе алмайды десем де болады.
Біздің заңдарда есірткіні өндіргені, сатқаны немесе тұтынғаны үшін ең қатал қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын адамдар біле ме? Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 297 – бабының 1- тармағында «есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу жағдайларында адамның мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Бірақ, біз ауруды жазалап жатқан жоқпыз ба? Жоқ, ауру емес, бірақ өзін осындай ауруға шалдықтырған және өзінің өмір салты мен мінез-құлқымен, заңсыз әрекеттерімен, денсаулығына, өзіне және айналасындағыларға қауіп төндірген адамды кінәлаймыз. Есірткіге деген тұрақты қажеттілік, оған деген тойтарыссыз құмарлық нашақорды кез-келген қулыққа, аса ауыр қылмыстарға итермелейді. Нашақорлық маскүнемдікке қарағанда қылмыспен әлдеқайда тығыз байланысты.
«Жауларыңнан қорықпа - ең жаман жағдайда олар сені өлтіруі мүмкін. Достарыңнан қорықпа - ең жаман жағдайда олар саған опасыздық жасай алады. Бейқам адамдардан қорық - олар өлтірмейді немесе сатқындық жасамайды, тек олардың үнсіз келісімімен ғана жер бетінде опасыздық пен кісі өлтіру болады », - деп жазды Бруно Ясинский. Бұл жердегі бейқам адам деп отырғанымыз – есірткі қабылдаған нашақор. Сол себепті, нашақорлықпен күресте біз бей-жай болмауымыз керек.
Нашақорлықты жою - кезек күттірмейтін ізгілікті міндет. Ол үшін біздің қоғамда барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар бар. Күрестің басты жері - көп нәрсе тәуелді болатын отбасы мен мектеп. Балалардың қолынан ешқашан улы екпенің іздерін көрмеу, жаныңа жақын адамдардың есірткіге тәуелді болып қалғанын көрмеу үшін әрқайсымыздың азаматтық борышымыз – есірткінің әсеріне қарсы күреске қосылу.
Мен жеке өзім ешқашан есірткі қолданған емеспін, қолданбаймын да, себебі мен өзімнің сүйікті ісім – сурет салғаннан рахат аламын. Және сіздерге де есірткі қолдануға кеңес бермеймін. Есірткі қолданбаңыздар, сүйікті хоббилеріңізбен, спортпен айналысыңыздар және бақытты болыңыздар!
#УПНДПКЗО
Арал қаласы
№260 орта мектеп
10"А" сынып
Әмитова Назерке