Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...
жеке
блог

Қызылорда ОІІД  ЕБҚКБ тарапынан жарияланған сайысына

Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...

Өз бойын алуан түрлі оқиғаларды сыйғызған уақыт зымырап өтіп жатыр. Уақыт көшіне ілескен осынау "қиын" заманда неше түрлі жағдайдар, зұлымдықтар орын алуда. Дәлірек айтсам, бүкіл әлемді жайлаған нашақорлық, есірткіге деген әуесқойлық күн сайын тамырын тереңге жайып, дендеп барады. 

Рас, өмір адамзатқа сүру үшін беріледі. Әрбір адамның өмір сүргісі келеді. Бірақ өз өмірін өзі құртатын адамдар бар. Олар - нашақорлар. 

Бұл "жұқпалы ауру" шылым шегуден басталады. Шылым шегуге тәуелді әрбір адам өзіне кем дегенде он адамды тартады. Мұның соңы есірткі пайдалануға апарады. Нашақорлар есірткі шегеді. Ал, есірткі - денсаулыққа өте зиян. Есірткіні бір ғана шексең, қайта шеккің келеді, шеге бергің келеді. Осылай есірткіге құмарлық пайда болады. 

Қазіргі таңда есірткі шегетін жастар өте көп. "Қазіргі заманның кесел ауруы" десем, қателеспес ем. Өйткені басты таралатын жері - неше түрлі клубтар. Ал, жастар сол "атықұрғыр" клубтарға әуес-ақ. Солардың арасында тәртіп сақшыларына ұсталып, он, жиырма жылға бас бостандықтарынан айрылып, темір торға қамалғандары аз емес. Тіпті, жыл сайын он жетіге толмаған мыңдаған жасөспірім нашақорлық салдарынан өмірімен қоштасып, ата-аналарын зар еңіретіп кеткендері де кездеседі. 

Егер сен нашақор болсаң, өзің үйренген есірткіні көрсең, аш табындай тарпа бас саласың. Біз үшін де, қоғам үшін де ең қауіптісі - осы. Сөйтіп, есірткі әлеміне қалай түскеніңді, өз тамырыңа өз қолыңмен қалай балта шапқаныңды, одан қалай құтыларыңды білмей қаласың. Ақыры, зұлымдық тұңғиығының тереңіне батып кетуің де ғажап емес. 

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев өзінің "Қазақстан-2030" жолдауында: "Жалпы, адамдар неліктен өз өмірлерін құртып, оны улайтындарға төзіммен қарауға тиіс? Мен барлықтарыңызды шылым шегушілерге ымырасыз болуға шақырамын",-деп, есірткі, шылым, ішімдік сияқты денсаулыққа зиян келтіретін әдеттерге қарсы күрес бар екенін айтқан. Сондықтан мен Елбасымыздың әр сөзіне мән беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысқаныңды қалаймын.

"Денсаулық - зор байлық", "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" демекші, адамның бұл дүниеде өмірі мен денсаулығынан қымбат ешнәрсе жоқ. Өмір сүргің келсе, есірткі шекпе, жақсы нәрселермен айналыс! 

"Есірткі деген - бұл пәле,

Өміріңді өксітер.

Ес-түсіңнен айырып,

Айуандыққа жеткізер!"

Қысқасы, есірткі - адамның қасы, аурудың басы. Ертеңіңді ойласаң, есірткіге жолама! Жаманнан бойыңды аулақ ұста! Өмір сүр! Себебі, мен өмірді қалаймын! Өмірімізді ұзарту да, қысқарту да өз қолымызда.

ҚАЗТАЙ АРАЙЛЫМ
Қызылорда қаласы №271 орта мектептің

5 "Б" сынып оқушысы