Мен өзіңмен мақтанамын, ҚазҰУ! Немесе Европаны көрсеткеніңе мың алғыс!

Мен өзіңмен мақтанамын, ҚазҰУ! Немесе Европаны көрсеткеніңе мың алғыс!
жеке
блог

Алматы – білім нәрімен сусындау үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген әртүрлі жастағы студенттерді өз баурайына жинаған ірі мегаполис. Дәл осы әсем де көрікті қалада оқу бақыты маған да бұйырған екен. Мектепте оқып жүргенде «ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, жоғары ұпай жинасам, Алматыға, соның ішінде ҚазҰУ-ға оқуға тапсырсам» деп көп ойлап, армандайтынмын. Бұлай арман қууыма себепші болған жан – дәл сол кездері ҚазҰУ «Филология» факультетінде оқып жүрген туған әпкем болатын.

Әпкемнің университеттегі студенттік өмірі жайлы айтқан әңгімелерін тыңдап, суреттерін көріп, іштей өзіме «мен де Алла бұйыртса осында оқитын боламын» деп сөйлеп, жұбатып қоятынмын. ҰБТ-ны тапсырып, өзімнің ойымдағы ұпайды жинаған күні-ақ, шабаданымды жинап, Алматыға кетуге асықтым. ҚазҰУ қалашығына келіп, биік қабатты ректорат ғимаратын, У.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайын көргенде қатты қуанғаным әлі есімде. Оқуға тапсыру құжаттарын рәсімдеу үшін қабылдау комиссиясына барып, мамандықтар жөнінде сұрастырып, ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде менің ойымда жүрген 5В071900 – «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығына әлі грант бөлімі ашылмағанын білгенде қатты қынжылдым.

Төрт мамандықты таңдау кезінде, тек біріншісіне ғана Алматы Энергетика және Байланыс Университетінің өзім ойлаған «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығын жаздым да, қалған үш мамандықты ҚазҰУ физика-техникалық факультетіндегі мамандықтарын жаздым. Бірақ, тағдыр ма бәлкім, ҚазҰУ-да оқу ол кезде маған бұйырмаған екен. Алматы Энергетика және Байланыс Университетінде бакалаврды сәтті тәмамдап, жұмыс жасап жүрген кезімде «ең болмағанда магистратураны ҚазҰУ-да оқысам» деген ой келіп, 2014 жылы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің «6М060400 – Физика» мамандығына оқуға түсіп, «Теориялық және ядролық физика» кафедрасының магистранты атандым. Қазіргі таңда осы факультеттің екінші курс магистрантымын. Екі жылдық оқу процесі кезіндегі ҚазҰУ-да қызықты да бақытты күндерім өтті.

ҚазҰУ – білім беру жүйесі әлемдік стандарттарға бейімделген, нарықтық заманға сәйкес келетін мамандарды даярлауға бағытталған, студенттер тарапынан жоғары сұранысқа ие университеттердің бірі әрі бірегейі. Заманауи оқу ғимараттары, жаңа әрі ерекше нақыштағы кітапханасы, шалғайдан келген студенттерге арналған жатақханалары, студенттер сарайы, алып ректорат ғимараты, жасыл шыршалары, студенттер аллеясы – осылардың баршасы бірігіп «ҚазҰУ қалашығын» құрайды. Айта берсем ҚазҰУ-дың дәріптейтін жақсы қырлары қаншама. Ең бастысы, мұнда студенттердің мықты білім алуына толықтай жағдай жасалған. Тіпті, керек десең ғылыммен айналысам деуші студенттерге зертханалар, ғылыми-зерттеу институттар, ең бастысы, бағыт-бағдар беріп, білім жолын нұсқаушы білімді, білікті, тәжірибелі оқытушы-профессорлар қауымы бар.

ҚазҰУ-да оқитын студенттерге берілетін мүмкіндіктер саны қаншама десеңші, шіркін! Солардың бірі – ҚазҰУ-дағы «академиялық ұт­қыр­лық» «Магистранттардың шетел тағылымдамасы» сияқты бағдар­лама­лар. Яғни, Болон үдерісіне сәйкес, ҚазҰУ студенттерінің белгілі бір семестр немесе бір жыл уақытында басқа университетте білім алу мүмкіншілігі бар. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы қаражат бөлінеді. Алайда, мемлекеттің қаржысы ағып жатқан көл емес, сондықтан да мұнда арнайы іріктеу бойынша, оқу үлгерімі жоғары, ағылшын тілін жетік білетін, қабілеті зор студенттер ғана 1 семестр көлемінде қалаған университетінде оқи алу мүмкіндігіне ие болады. Қарап отырсам, мұның өзі студентке ағылшын тілін жетік меңгеруге, үздік бағаларға оқуға мотив береді.

«Магистранттардың шетел тағылымдамасы» бағдарламасы аясында, Теориялық және ядролық физика» кафедрасының меңгерушісі Абишев Медеу Ержанұлы Италияның Катания қаласындағы INFN Ұлттық ядролық физика институтынан тобымыздағы үш студентке шақырту алып берген болатын. Сол бір магистрлік тағылымдама сапарының қызықтары жадымызда мәңгі қалатындай. Шақырту билеті қолымызға тигеннен соң, виза және т.б құжаттарын рәсімдеуді бастадық. Құдай-ау, басқа басқа Италия елшілігінен визаны алу оңай шаруа емес екен. Испания, Чехия елдеріне барған группаластарымыз үш күн немес бір аптаның ішінде визаларына қол жеткізіп жатса, біздер қадірлі визамызды бақандай екі апта күттік. Виза құжаттарын реттеп, ұшаққа билет іздестіріп, бару билетімізді 11 қыркүйек күні Алматы-Амстердам-Катания бағытында алдық. Бұл шаруаларды біздер шілде айының соңында тындырып тастап, ауылға жазғы демалысқа қайтқан болатынбыз. ҚазҰУ өзінің оперативтілігімен бізге 300 мың теңгелік қаражатты 1 тамызда шотымызға түсірген болатын. Біздер сол түскен ақшаны жылдамдатып евроға айналдыратын адамдармыз ғой негізі, бірақ сол баяғы «қазақшылықпен» асықпай, уақыты жақындағанда ауыстырармыз деп жүріп алдық. 18 тамыз күні доллар, евро құны аспанға шарықтағанда төбемізден жай түскендей болды. Әй, біз де қатырамыз. Не керек, евроны 290-мен ауыстырдық жетіскенде)))

Қолымызда бару-қайту билет, виза және 1000 евро, «біз сапарға дайынбыз» дедік те,  шабаданымызды сүйреп, Алматы әуежайына жол тарттық. Сағат таңгы 4-те ұшағымыз кең аспанда қалықтап ұшты, біз Амстердамға жол тарттық. Ұшаққа алғаш рет мінуіміз, аздап қобалжыдық. Дегенмен, бәрі ойдағыдай болды. Алла жар болып, Голландияға аман-есен қондық.

Амстердам. Ұлттық әуежай

Голландия. Амстердам Ұлттық аэропорты. «Амстердамға келіп осы жерге суретке түспесек болмас" дедік те, жұрттан қалыспай əртүрлі образда суретке түстік. Амстердам-Катания рейсі арасында небəрі 12 сағат қана уақытымыз болғанына қарамастан, қаланы аралауға шығуға бел будық. Аэропорт өте үлкен, аэропорттан қалаға шығу жолын табу үшін бақандай бір жарым сағат уақытымыз кетті. Шығар жолда аэропорт инспекторы (іші пысып тұрды-ау шамасы) біраз сұраққа алып, визамызды жəне құжаттарымызды тексеріп уақытты алмасы бар ма)) Мен ашуланып, уақыт аз қаланы аралап үлгермейтін болдық деп қоям. Перизат "біз студентпіз, ешқандай жаман ойымыз жоқ, жай ғана əсем қалаларыңызды тамашалауға келдік" деп жымиып еді, инспектор да жібіп қоя берді. Əрі қарай айта берсем, қызықтар көөп негізі))) Бексұлтанға қала ішіндегі автобусқа үш "return" (бару-қайту) билетін ала ғой деп 10 евродан 30 евро беріп жіберсек, əлгі билет сатушы "мыналар точно байқамайды" деп бізге тек бару билетін ғана берген екен. Сол кезде Бексұлтанды Перизат екеуміз "əй, сен алдандың, енді қайту билетін үшеумізге де өзің ал" дегенбіз))). Амстердамды 12 сағат ішінде асығып, былай жүріп бір адасып әйтеуір аздап  аралап үлгердік.

Голландия. Орталық

Тағылымдаманың алғашқы аптасы сегізінші Еуропалық эксперименталдық ядролық астрофизика жазғы мектебіне сәйкес келіп, INFN Ұлттық ядролық физика институтының ұйымдастыруымен Сицилия аралындағы «Santa Tecla Palacе» қонақүйінде өткізілген ядролық астрофизика жазғы мектебінде оқу әрі дәрістер мен конференцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Сегізінші Еуропалық эксперименталдық ядролық астрофизика жазғы мектебінде әлемнің сан қырлы түкпірінен келген ғалым-зерттеушілер, оқытушы-профессорлар, phd докторанттар мен магистранттар эксперименталдық ядролық астрофизика саласында өздері зерттеп жүрген ғылыми баяндамаларын оқыды.

Дәріс, конференциялар біткесін, әдетте қыдыру, адасу процесі басталады.

Таормина қаласы

Таормина – Сицилия аралында орналасқан, Италияның көпшілік біле бермейтін көне қаласы. Табиғаты әсем, таулары биік, Жерорта теңізімен қоршалған, құдды бір ертегідегі арал тәрізді. Бұл қала көне грек театрымен  атақты екен. Мұндағы грек театрының өзі үлкен және кіші болып екіге бөлінеді екен. Біздер бастапқыда кіші грек театрына барып, суретке түсіп мәз болып жүрсек, жергілікті тұрғындар байқап, үлкеніне баруды кеңес берді. Үлкен грек театрына келсек, тіршілік қайнап, адамдар толып у-шу болып жатыр екен. Құрбым екеуміз «бәсе, жаңағы кіші театрда бізден басқа тірі жан болмап еді» деп бір күліп алдық. Айтпақшы, үлкен грек театрына кіру билетінің құны 10 евро екен. Әйтсе де,  театр ішіне кіріп, биіктен табиғатты тамашалаған кезде кеткен 10 евроға еш өкінбей қаласыз. Грек театрына қайта жөндеулер жүргізген, дегенмен көнелігін, бұрынғы қалпын сақтап тұрғандары адамды қуантады. 

Таормина. ҮЛКЕН грек театры

Сициялия аралы, Таормина қаласы, үлкен грек театры 

Тағылымдаманың екінші аптасында INFN Ұлттық ядролық физика институтының лабораториясына жол алдық.

 Ядролық институт лабораториясы

Ядролық институтта оқу барысында сол институт жатақханасында тұрақтадық. Жатақхана деген аты ғана болмаса, былай жағдай кәдімгі қонақүйден кем емес. Әр студент жеке бөлмеде тұрады, бөлмеде кереуеті, сабақ орындайтын үстелі, өз жуынатын бөлмесі мен әжетханасына дейін тіпті индивидуалды түрде жасалған (мұндай жағдай біздің елде әлі жасала қойған жоқ). Жатақханада Үндістанның ақкөңіл, жайдары, мейірімді адамдарымен таныстық. Suparna Chatterjee ханым жəне Mihir Chatterjee мырза)))Университет жатақханасында бір апта уақыт аралығында аралассақ та, менің жадымда ыстық əрі жақын жандар ретінде сақталған. Өздері ерлі-зайыпты, əрі бір бірін өте құрметтейді. Супарна ханым тамақ жасап жатса, Михр мырза ыдыс жуып қолғабыс болып жүреді. Мен де ағылшыныма шамалы практика жасау мақсатында олармен барынша əңгімелесуге тырыстым. Айтпақшы, олар Қазақстанды мүлде білмейді екен((("Ресей ма"? деп сұрады, біз "жоооқ Қазақстан" десек естімеген екенбіз деп қынжылып қалды. Mihir мырза Катания қаласындағы ядролық институтқа инженер ретінде жыл сайын іс-сапарға келеді екен. Бір қызығы екеуі де Үндістанға қарағанда Италияны көбірек ұнатады."Не үшін"? деп сұрасам,"Үндістан өте ыстыыық" деп жауап берді))) Бізге де Катанияның табиғаты, қонақжай тұрғындары, Сицилия мəдениеті қатты ұнады. Əрі азық-түліктері де қымбат емес, орталық базарына қайта қайта барып, тіпті жолын жаттап алдық. Перизат, Бексұлтан үшеуміз біраз адастық та. Қанша ұнады десек те, біз Қазақстанды, Алматыны қатты сағындық. Перизат тіпті екі апта ішінде жылауға шақ қалды.Туған жердің топырағына, ауасына не жетсін, шіркін!

Европаға арнайы қыдыру үшін баруға билет алуға әлі шамам жете қойған жоқ, сондықтан сүйікті ҚазҰУ-ымның арқасында шет елді көру бақыты бұйырды.

Біздер. ҚазҰУ магистранттары

Алыс сапарға шыққанда, оның үстіне өзге елде, жаныңда сенімді, саған көмек беріп, сырлас болатын достарыңның болғаны үлкен бақыт. Кеше ғана магистратураға түскендей едім. Әне-міне дегенше диссертация қорғайтын уақыт та жақындапты. Өтіп жатқан уақыт-ай! Бір жағынан қимастық басым, «ҚазҰУ қалашығында» студент  болып жүре бергің келеді. Студенттеріне білім және білім алуға деген мүмкіндіктерін беруден жалықпаған ҚазҰУ, мен өзіңмен мақтанамын!