"Мен өз қызымның анам сияқты болғанын қалар едім"

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, химия факултьтетінде Физика техникалық факультетінің "Атамекен патриоттары" клубы "Жақсыдан үйрен" атты кездесу ұйымдастырды. Қонақта әнші, жыршы, ұлт жанашыры, қоғам қайраткері БЕКБОЛАТ ҚАНАЙҰЛЫ ТІЛЕУХАН ағамыз болды.

"Атамекен патриоттары" клубының мүшесі Төлебек Амалхан: "Адам жас кезінде ішіне ешнәре құйылмаған ыдыс сияқты. Сол ыдысты біліммен толтыру мақсатында қызмет етіп жатырмыз," - деп құрылғанына бір жыл болған ұйымды таныстырып, өз өлеңімен кеш шымылдығын ашты. Ұйым мүшелері Жұбан Молдағалиевтің "Мен қазақпын" поэмасынан бір-бір шумақтан үзінді оқыды. Кеш соңында Б.Тілеухан қонақкәде ретінде көрермендерді жыр-термемен сусындатты.

 Кеш жүргізушісі өте ұтқыр сұрақтар қойып, Бекболат ағамыздың өзін тамсандырып отырды.  Залда ине шаншар орын болмай, ағамыздың айтқан әр сөйлемі сайын ду қол шапалақ соғылып отырды.

Залды дүр сілкіндірген бұл қандай сөздер? Кезекті қаймағын бұзбай өз сөзіне берейін. 

Жағымпаздық жайында

Жігіттер, қыздар, айналайын құлындарым. Қарсы алып жатқандарыңызға рахмет. Осындайда еріксіз қуанасың. Кемпірбай өлейін деп жатқанда айтады ғой:

Кемпірбай бұл дүниеден көшіп кетсе,

Білемін енді өзімдей ұл тумасын, дегенде мақтанып айтып отыр деп ойлайды ғой. Негізі мақтанып айтпайды. Қазақты ешкім ешқашан құрта алмайды. Біздің аузымыз көкке тиген халықпыз деп ойлаймын. Бізге ешкім ештеңе істей алмайды. Аллаға шүкір, қолымыз аузымызға жетті деп айта бастасаң, жағымпаз дейді. Жетістігіңді айта бастасаң, жағымпаз көреді. Сынай бастасаң, патшаны сынасаң, билікті сынасаң, ақиқаттың үстінде отырған батыр сияқты көрінесің. «Не нормальный» психология орысша айтқанда. Әр нәрсенің ағы бар, қарасы бар. Жақсы жағы бар, қате жағы бар. Бірақ сынды айтудың түрі бар. Жаның ашып, түзелсе екен деп айту бар, екінші осыны мұқатып, маскасын шығарайын деп айтатын бар. Тұратын мемлекетте барар жер басар тауы жоқ, Түркияға, Қытайға барып тұратын ақша жоқ. Еуропадағы үйге ақша жетпейді, Алматыда әзер пәтер жалдап жүрсің. Барар жер басар тауым жоқ Қазақстаннан басқа. Енді осы жерде қалатын болсаң, ата-бабалар жатқан жердің, тәуелсіздіктің баянды екенін сезінген кезле, сіздер үшін, біздер үшін, өте қымбат екенін сезінген кезде, сынаған кезде, түзелсін деп, мақтаған кезде қуаттансын деп, нұры тасысын деп, кемістігін айтқан кезде жүрегің ауырып айту деген жағымпаздықтан басқа нәрсе. Ал жамандағанда, осындай «надан мемлекетте тұрғым келмейді» деген сөзді айтатындар бар. Не болмаса мақтағанның жөні осы екен деп, жаманын да мақтайды, мақтамайтынын да мақтайды. «Шал» киносын да мақтайды, «Келінді» де мақтайды. Не болса соны мақтап жатыр ғой. Мақтайтын нәрсе бар, жамандайтын нәрсе бар. «Адам өзі арының алдында шынайы болуы керек». Дулат Бабатайұлы «Өтірікші хақтың дұшпаны» дейді. Алланың бір сипаты хақ. Хақтың антонимі өтірік. Дүниеде өтіріктен жексұрын нәрсе жоқ. Сынайсың ба, шынайы жүрекпен сына. Мақтайсың ба, шынайы жүрекпен мақта. Мақтағанда жәдігөйлікпен, одан бірдеңені қағып қалам деп мақтасаң, ол жаман нәрсе. Кейде біреуді біреу сынағанда ананы жек көргендіктен сынамайды, осыны сынасам, анаған ұнаймын-ау деп, біреудің көңілінен шығамын деп сынайды. Осының атасы - өтірік. Мұның артында жағымпаздық деген нәрсе жатыр. Мұны жәдігөйлік, харам дейді.

 

Білімге қызығушылықты арттыру

Гуманитария жақсы ғой, біз гуманитарияның адамдарымыз ғой. Әдебиетке қатысы бар болғасын, жазған боламыз, сызған боламыз. Негізі ұлтқа мемлекеттің дамуына бірден-бір қажет нәрсе – инженерия. Ол әдебиет пен философия жаман деген сөз деп ойлап қалмаңыздар. Соқыр десем тиеді Құнанбайға деген сияқты. Қаныш Сәтбаев атамыз Баянауылда сот болып тұрады. Сот деген түкірігі жерге түспейтін лауазым. Сот болып тұрғанда Томск Геологиялық институтына кетіп қалады. Алаштың аяулылары кеңінен ойланған. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн боламын» деген өлеңінде «Күн боламыз» демейді, «Мен істеймін» дейді, «Мен істемесем ешкім істемейді» дедйді. Жауапкершілікті өз мойнына алып алады. Былай қарасаң, мақтанған сияқты болып көрінеді. Бұл мақтанған емес, өйткені қолынан келетінін білп тұр. Сол сияқты Қаныш Сәтбаев айтады: «Сот болу оңай ғой, Қазаққа геолог керек, инженер керек, физик керек». Қазір де солай, ол өзінің өзектілігін жойған жоқ. Елдің бәрі юрист, адвокат болғысы келеді. Кім физик болады? Кім химик болады? Мемлекеттің дамуында инженерия тұрғанын білесіздер. Тәуелсіз елдің күні маған қарап қалды, мен істемесем ешкім істемейді дейтін әрбірінде ой тұрса, осы ойға Алла береке береді. Жүз рет айттым, тағы да айтамын. Қыс бітеді, қар кеткесін қыдырғың келеді. Сол кезде ақылы бар диқан олай етпейді. Ол суатқа бармайды, қонаққа бармайды. Ол айналасы он шақты күнде егінін егеді. Жерді тырмалайды. Күннің рахаты, жылуы «Ей қыдырсайшы, серуендесейші» деуі мүмкін. Бірақ ол егіп тастайды да демалады. Кейін сол қиналған он шақты күннің рахатын күзде көреді. Тура сол кезең, жігіттер-қыздар, сіздердің бастарыңызда. Қазір сіздер жассыздар, ең бір жұтып-сіміретін уақыттарыңыз. Бастарыңыз керемет жұмыс істеп тұр. Қабылдау қабілеттеріңіз күшті. Бүкіл дүниетаным қалыптасатын кезеңі. Азаматтық позицияларыңыз, фундаменттеріңіз қазір қаланады. Қазір күн маужырап тұр, қыдырып, мегада жүргіңіз келеді. қазір қарап отырсам, көбінесе жетістікке жеткен адамдар ел киноға барғанда, олар оқу залында отырған. Қазіргі кезде алған білімдеріңізді өмір бойы рахатын көресіздер. Алла қаласа, тәуелсіз Қазақстанның көсегесін сіздер көгертесіздер.

 

Патриоттықты дұрыс түсіну

Бірде дастархан басында отырмыз, «Қызым Еуропада оқиды деп мақтады. Менің қызым керемет патриот. Қамшы сұратты, беріп жібердім. Шапан, домбыра, картаны іліп қойған. Таңертең ұйқыдан тұра салып, әнұранмен бастайды дегеніне Қызыңыз қай курста десем, бітірді дейді. Бітірсе, неге келмей жатыр десе, «Что она здесь потеряла?» дейді. Менің әкем он сегізінші жылғы, шешем жиырма алты. Мен әкемнің елу бес жастарында туылғанмын. Әкем курорттан келеді. Ол келерден бір-екі күн бұрын дайындаламыз. Шарбақты жөнде, әкең келе жатыр, шарбақты жөнде, - деп шешем. Тұрған диванды былай қойып қояды әкемізді қуату үшін. Шешем өзі де сағынып жүр ғой енді. Келген кезінде алдынан бәріміз жүгіріп шығамыз. Әкем келеді. Ағам екеуміз қараймыз, әкеміз бен шешеміз қалай амандасар екен деп. Күні бойы әкемді сондай күтіп жүрген адам, «аа, дендерің сау ма?» деп амандасады. Ал қазір құшақтасып, сүйісіп амандасып жатады, біраздан соң соттың алдында тұрса таң қалмайсың. Көзбен көр де, ішпен біл деген сияқты, сезім деген нәрсе паш бола бергеннен, ішпен, жүрекпен сүюге болады ғой. Сондай болып көрінеді де, қарап отырсаң бір-біріне жаны ашиды. Ауылда сүттің бетінің қаймағы деген болды. Менің әкем соны шешем жегенін жақсы көреді. «Шешең жейді, тиіспеші андағыны,» - деп отырады. Әкем орнынан тұрып қойса, шешем жаны шығып кете жаздайды. Бірақ бір-біріне бірдеңе айтпайды, былай жүргенде бір-бірін танымайтын адам сияқты. Осының өзі үлкен махаббат қой. Патриотизмнің ар жағы махаббат. Махаббат десе елдің көзіне қыз бен жігіт елестейді масқара болғанда. Махаббат ол алдымен Аллаға деген махаббат. Ол сенің, анаңа, әкеңе, досыңа, сыныптасыңа, Отаныңа, жеріңе деген біртұтас махаббат. Бауырыңа да махаббат қылуың керек. Тіпті көршің басқа наным-сенімдегі адам болса, онымен тату болуың керек. Осы махаббат адам жүрегінде болуы үшін мейірім, шапағат, парасат бауырмалдық, жанашырлық деген сезім болуы керек. Кейбір адам патриотпын, елдің жағдайын ойлаймын дейді да, әйеліне керемет қатал. Не баласына бала деп қарамайды, бетімен кеткен. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» дейді, қазақтан сөз артылмаған ғой. Өзінің баласына, бауырына, ел-жұртына махаббат қылмаған адам бүкіл елге тұтқа бола алмайды. Біреулер айтады ғой, «Мен неге екенін білмеймін, баланың бетінен сүйе алмаймын. Біреулер былжыратып сүйіп жатады. Құдай жүректі қатайтып қойса, менің қолымнан не келеді дейді. Хадисте «Ей, адам баласы! Сендер иман келтірмейінше, жәннатқа кірмейсіңдер! Ал, бір-біріңді сүймейінше, иманға келмейсіңдер!» дейді. Абай айтады «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос». Пендеміз ғой, барлығымызда қорқыныш деген сезім бар. Өз басым Алабайдан қатты қорқамын. Сіздер де қорқасыздар деп ойлаймын. Құдай бетін аулақ қылсын, сол Алабай кішкентай баланы үстіне мініп, басын кеміріп жатса не істейсің? Сен қолыңа түскен нәрсені аласың да, жүгіресің. Неге жүгіресің, сен Алабайдан қорқатын едің ғой. Өйткені балаға деген жанашырлық, сәбиге деген жүрегіңнің елжіреп тұрғаны жүрегіңдегі қорқынышты айдап шығады. Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Міржақыптар, Әлихандар кең үйде тұрғысы келмеді деп ойлайсыңдар ма? Сәнді киімді кигісі келмеді, тәтті тамақ жегісі келмеді деп ойлайсыңдар ма? Олар да пенде, олар да жанына жайлы нәрсені жақсы көреді. Бірақ соның бәрін құрбандық қылып, басын қатерге тікті. Өйткені жерге, елге, ұлтқа деген махаббат олардың жүрегіндегі дүниеге деген махаббатты айдап шықты. Тарихи сана қалыптаспай, адамда патриотизм қалыптаспайды. 1861 жылы қазақты бір-біріне айдап салу үшін, ымырасын кетіру үшін, аймаққа бөлді. Мысалы Батыс жақты квадрат қылып сыза салды да, сол квадраттың ішінде бір бұрышында Беріш, бір бұрышында Адайлар, бір бұрышында Әлім, бір бұрышында Тама қалады деп бір болыстық қылады да, быт-шытын шығарып бөліп тастайды. Махамбет, Исатай көтерілісіне негіз болған нәрсе осы ғой. Әдейі қазақты қырық пышақ қылып тастаған. Тура сол саясат ешқашан тоқтаған емес. Елуінші жылдар аяғында қазақтың бір-біріне деген махаббатын, ымырасын жою үшін арнайы институттар жұмыс істеген. Қазаққа келетін қауіптің үлкені руға бөліну, жерге бөліну. Өзінің жерін жақсы көрмейтін адам болмайды. Ұлтын жақсы көрмейтін адам болмайды, есалаң, миы су болып қалған болмаса. Өзінің шешесі, сыныптасы өзіне ыстық болуы дұрыс нәрсе. Бірақ мен шешемді өте жақсы көремін деген сенің шешең жаман деген сөз емес қой. Сол сияқты менің ұлтым жақсы, қазақта осындай құндылықтар болған десе сенің елің жаман деген емес. Бір жарым миллиярд Қытайдан шықпаған, Индиядан шықпаған олимпиада чемпиондары Қазақтан шығады. Ген деген нәрсенің мықтылығынан. Осындай нәрсені айтып отырсаң, қырғыз жаман, өзбек жаман деген емес қой, сен де жақсысың. Бірақ менде осындай нәрсе бар. Менің жерімді мақтасам, сенің жерің жаман деген сөз емес. Сол секілді біріңнің сөзіңді бірің сыйлау деген болады. Абай айтады:

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Ғажап қой. Қазақтың қазаққа жаны ашу деген болмаған жерде, тәуелсіздік, оның баяндылығы, патриотизм деген болуы мүмкін емес.

 

Еліктеушілік.

Ежелгі дұшпан ел болмас,

Етектен кесіп жең болмас. Әрбір жолы, әрбір сөзі ереже. Басқа елде ән шыға бастаған кезде ән басталса шошаңдап, билей бастайды ғой, астынан су шыққандай. Ол еліктейтін нәрсе емес. Еліктейік, Қытайдың еңбекқорлығына. Чеченнің қайсарлығына елікте. Немістің тиянақтылығына елікте. Тағы да осындай еңбектің түрлеріне еліктеуге болады. Шаманизмнің шырмауын көрдіңіздер ма, көрген жоқсыздар ма?! Бақсылық жақсы болса, Абай «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным» деп айтпаған болар еді. Қазақ бақсының мүрдесін қоймаған, ай далаға лақтырып тастаған. «Сала берсең көзіңді әр жақсыға, Кезігерсің бір күні бір бақсыға» деген өлең бар. Ұлттың өзі жақсы нәрсеге қарай еліктеуі керек. Енді қоғамда кімге еліктеуге болады деген кезде атақтының бәріне еліктей беруге болмайды. Елдің бәрі туған баласын сахнаға шығарамын деп әуре болып, дана болып жүр ғой. Сахнаға шықты, не болды сонда. Жарайды, атақты болды. Елдің бәрі жұлдыз, елдің бәрі журналист болғысы келеді. Сонда кім физик, кім химик болады? Қазақты ұшпаққа кім шығарады? Совет үкіметінің күшеюіне не себеп? Ол кезде инженерия күшейді. Қазір ондай бағыт жоқ емес, бар. Сондай жақсы бағытқа еліктеуіміз керек. Жағымпаздық деген тек қана бастыққа жағымпаздану емес. Соның ішінде публикаға жағыну деген бар. Ол жаман жағыну. Алдыңда тұрған елдің шапалақтауы үшін елдің елдігін салып жіберетіндер бар.

 

Қыз тәрбиесі

Өзіміз қыз асырап отырмыз, менің үш қызым бар. Айту оп-оңай ғой. Бірақ өзіңе келген кезде... Өзіңнің қызың қандай болғанын қалар едің деген кезде, мен өз қызымның анам сияқты болғанын қалар едім. Менің шешем Астанаға келгенде бүкіліміздің киімімізді жинап алады. «Осы костюмді киіп жүргеніңе үш жыл болды ғой. Шешсейші, ана ауылдағы Мақсат кисін дейді. Бәтіңкені, жейделерді түгел жинап алады да, ауылға апарып таратып береді. Ол кісі саясатпен айналыспады деп айта алмаймын. Айналысты. Бірақ әкеміз арқылы, баяғыда әйел саясатқа араласпаған кезі жоқ. Домалақ ананы білесіздер. Бұлар енді елдің алдына түсіп, сөз сөйлеп араласқан жоқ. Олар өзі ақылды, дастарқанымен, аңғал батырларын аңдып отырып, қайшылап біздің аналарымыз саясатпен айналысқан. Бірақ олардың айналықсан саясаты ұлттық демографиямызға нұқсан келтірмеген. Баласын таба жүріп, асырай жүріп айналысқан. Қызының намысын қорғай алмаған, өзінің қарындасын қорғай алмаған еркек "адам" деп танитындай емес. Қарындастарымыздығ, аналарымыздың неғұрлым көңілі орнында болатын болса, қоғамның да көңілі орнында. Шешедей балаға қайғыратын ешкім жоқ. Айтады ғой, бірінші кімді сыйлайын? Анаңды. Екінші кімді сыйлайын? Анаңды. Үшінші кімді сыйлайын? Анаңды. Төртінші кімді сыйлайын? Әкеңді. Басында осыны түсінген жоқпын. Еркекпіз ғой, көңілімізге тиіп қалды. Бірінші рет анаңды деп айтқаны, бәріміз бірінші құрсаққа түсеміз ғой. Құрсақта даму кезінде, әйелдің бүкіл бойындағы витаминін бәрін бала сорып алады. Таксикоз болады, жерік болады, құсады, қиналады. Бұл бейнетті ешқандай еркек бастан кешпейді. Бірінші айтқан себебі сол дейді. Екінші айтқан себебі сол, бала толысқаннан кейін бүкіл сүйегі қимылдайды, бала туылатын кезде өмір мен өлім ортасында болады дейді. Бұл бейнет айтуға келмейтін бейнет. Бәріміз анамызды қинап келдік. Осы қиыншылықты ешқандай еркек басынан кешкен жоқ дейді. Үшінші айтқан себебі бала туылады. Қызыл шақа кезінде әкенің әлі мейірі түсе қоймайды. Сол қызыл шақаға ананың бүкіл мейірімі түседі дейді. Соған елжірейді, емізеді. «Түн ұйқысын төрт бөліп, Мұздай бесік таянып» деп қазақ айтады ғой. Бала қызуы көтеріледі, мына жерім ауырып тұр деп айта алмайды. Тісін жарғанда бір ауырады, біресе іші өтеді. Онысын  білмейсің. Оған бір де бір еркек шыдай алмайды. Әйелдің жүрегіне махаббат беріп, ананы ғана шыдайтын қылған. Өскесін «Әке, әке» деп жүреді. Кішкенеден кейін «Анаңа бара қойшы» дейміз. Ұлтты ұшпаққа шығаратын біздің қыздарымыздың имандылығы, сабырлылығы, шыдамдылығы. Осының бәріне адамзаттың күні қарап отыр. Сондықтан қазақ қызды кереметтей сыйлаған. Қыз – қонақ деген. Қыздар қандай болғанын қалар едің дегенде осы отырған сіздер сияқты болса, жаман болмайды деп ойлаймын.



Бөлісу: